Біздің пікіріміз бен күтілімдеріміз
Сыртқы фон. S&P 500 индексы қатарынан екінші сессияда тарихи максимумдарды жаңарта алмады. Трамп соңғы күндері сауда келіссөздерінде белсендірек әрекет ете бастады — өткен аптада ол кейбір канадалық тауарларға 35% көлемінде баж салығын енгіземін деп қорқытты және көптеген сауда серіктестері үшін 15–20% көлеміндегі баждарды енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты. Демалыс күндері АҚШ президенті 1 тамыздан бастап Еуропалық Одақ пен Мексикаға 30% мөлшеріндегі баж салығын енгізетінін жариялады.
Осы арада Bank of America клиенттерінің пікірлеріне сүйене отырып, компаниялардың екінші тоқсан бойынша есептілігі болжамнан асып түседі және акциялар жыл соңына дейін өскеннен кейін төмендейді деп күтілуде. Ал Citigroup сарапшылары жаһандық акциялар алдағы 12 айда баяу өсетінін болжауда. Нарық үшін келесі маңызды оқиға — сейсенбі күні АҚШ-та инфляция бойынша деректердің жариялануы. Ең ықтимал сценарий — маусым айында бағалар өсуінің жылдамдауы, өйткені компаниялар тарифтерге байланысты шығындарды тұтынушыларға жүктеді. Bloomberg экономистерінің сауалнамасы бойынша, базалық тұтыну бағаларының индексі қаңтардан бері алғаш рет жылдық көрсеткіште 2,9%-ға дейін жеделдейді. Маусым айындағы базалық инфляция 0,3% деңгейінде болады деп күтілуде (мамырда – 0,1%).
Бейсенбі күні маусымдағы бөлшек сауда көлемі жарияланады, ол шамалы ғана өсім көрсете алады деп күтілуде. Жұма күні Еуропа индексі жергілікті максимумдардан кейін төмендеді. Brent маркалы мұнай бағасы 70 доллардан жоғары деңгейде жабылып, 23 маусымнан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті.
Облигациялар. АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі өсіп, 4,42%-ды құрады. Ал дамушы нарықтардың облигациялары 9 шілдедегі өсімнен кейін төмендеді.
KASE индексі. KASE индексі жұма күні 0,1%-ға ғана төмендеп, 27 маусымнан басталған ұзақ өсу толқыны аяқталды. Осы кезеңде қатарынан 9 сессия бойы индекс өсіп, жалпы 4,5%-ға артты. Жұма күнгі аздаған төмендеу RSI индексі бойынша артық сатып алыну аймағында тұрғанына қарамастан, айтарлықтай кері трендтің басталуына әкелген жоқ. RSI жұма күні 81 пунктке жетті.
Индекстегі акциялар. Сессия қорытындысы бойынша индекс құрамындағы акциялар баға жағынан айтарлықтай өзгерістер көрсеткен жоқ. Дегенмен, көшбасшы акциялардың қозғалысында қызықты динамика байқалды — ҚазМұнайГаз акциялары раллиді жалғастырмай, аздап төмендеді. БЦК котировкалары күнді ашылу деңгейінен төмен, бірақ алдыңғы жабылудан жоғары деңгейде аяқтады. Жұма күнгі мұнай бағасының өсуіне қарай, бүгін KMGZ өсімді қайта жалғастыруы мүмкін. Ал Kcell акциялары жұма күні өсті, бірақ әлі де болса кедергі деңгейінен аса алмай тұр. Казатомпром акцияларымен сауда көлемі артты. Бүгін 16 шілдеде сағат 00:00-де акционерлер тізімі бекітілетіндіктен, дивидендтік «гэп» күтілуде. ГДР бойынша бір акцияға дивиденд сомасы — $2,4736, тіркеу күні — 15 шілде.
Валюта. USDKZT жұма күні 17 сәуірден бергі ең жоғары деңгейінде жабылды. Өсімге түрткі болған факторлар — доллар индексінің (DXY) күшеюі және рубль бағамындағы санкциялық құбылмалылық.