Біздің түсініктемелеріміз бен күтілімдеріміз
Cыртқы жағдай. Бейсенбі күні АҚШ биржалары Алғыс айту күніне байланысты жабық болды, сондықтан кестедегі S&P 500 индексі мен 10 жылдық UST кірістілігі алдыңғы сессия деңгейінде қалды. Бұл ретте S&P 500 және Nasdaq 100 фьючерстері шамамен 0,5%-ға өсті. Еуропа нарықтары да қалпына келуді қолдады: Stoxx 600 индексі 1,7%-ға, DAX 2,1%-ға, FTSE 100 1,7%-ға көтерілді. Сәрсенбі күнгі сауданың соңында АҚШ технологиялық акцияларының серпілісінен кейін сатып алулар автомобиль, тау-кен өндіру және технологиялық секторларды қамтыды. Жұма күні таңертең қалпына келу жалғасты: MSCI Asia Pacific индексі шамамен 1,5%-ға, S&P 500 фьючерстері 1,7%-ға, Nasdaq 100 фьючерстері 2,6%-ға өсті. Өсім көшін жартылай өткізгіш өндірушілер бастады. Акцияларға сұраныстың қайта артуы АҚШ мемлекеттік облигацияларының сатылуымен қатар жүрді: 10 жылдық UST кірістілігі 4,91%-ға көтерілді. Бүгін АҚШ-та қысқартылған сауда сессиясы өтеді. Brent мұнайы 2,1%-ға қымбаттап, барреліне $96,57 болды. Бұған хуситтердің Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауытына шабуылы себеп болып, өңірден мұнай экспортына қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Жұма күні таңертең алтын 15 айлық минимумдарға дейінгі жақындағы құлдыраудан кейін унциясы шамамен $3 630 деңгейіне дейін қалпына келді. Оған доллардың әлсіреуі қолдау көрсетті.
KASE индексі. Кеше KASE индексі оң динамика көрсетті: «Қазатомөнеркәсіп» пен Kaspi.kz акциялары қалпына келді, ал KEGOC акциялары біздің оң іргелі бағалауымыз жарияланғаннан кейін айтарлықтай өсті. Негізгі акциялардың динамикасы KASE индексінің қысқа мерзімді техникалық көрінісі жақсаруы мүмкін екенін көрсетеді.
Индекс акциялары. Кеше «Қазатомөнеркәсіптің» LSE-дегі ҒДҚ-лары 8%-ға қымбаттады. Бұл алдыңғы сатылымдардың шамадан тыс болғаны және серпіліс әлеуетінің бар екені туралы болжамымызды растады. Компанияның өндірістік және қаржылық перспективаларының нашарлағаны расталмағандықтан, біз бұл сатылымдарды әлі де нарықтың эмоциялық реакциясы деп қарастырамыз. QAMS басқарушы кеңесінің төрағасы Ерқанат Әбени де осыған ұқсас пікір білдірді. Оның бағалауынша, ұсталған басшыларға қатысты оқиғалар компанияның ұзақ мерзімді инвестициялық тартымдылығына айтарлықтай әсер етпеуі тиіс. Ол ұзақ мерзімді келісімшарттардың тұрақтылығын, саланың жоғары деңгейде реттелуін және уранға сұраныстың артуын атап өтті. Дегенмен тергеуге қатысты белгісіздік сақталуда. LSE-де Халық банкінің ҒДҚ-лары да жақсы өсім көрсетті. Кеше акциялар үшін оң катализатор болуы мүмкін қызықты жаңалық пайда болды: ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымова бизнесті кредиттеуді ынталандыруға бағытталған екінші деңгейлі банктерге арналған реттеушілік жеңілдіктерді талқылады. Атап айтқанда, капиталға түсетін жүктемені азайту туралы сөз болды. Пруденциялық талаптарды жұмсарту кредиттеуді кеңейту үшін капиталды босатып, банктердің ROE көрсеткішіне қолдау көрсетуі мүмкін. KEGOC акциялары III тоқсан нәтижелеріне арналған оң шолуымыз жарияланғаннан кейін 1,5%-ға өсіп, 1 520 теңгеге жетті. Тарифтердің көтерілуі түсімнің жылдық мәнде 21%-ға, EBITDA-ның 73%-ға өсуін қамтамасыз етті, ал EBITDA рентабельділігі 31,6%-дан 45,2%-ға дейін көтерілді. 2026–2031 жылдарға арналған бекітілген тарифтік кесте компания кірістерінің ұзақ мерзімді перспективаларын жақсартты. Бұл «Сатып алу» ұсынымын сақтай отырып, мақсатты бағамызды 2 300 теңгеден 2 880 теңгеге дейін көтеруге негіз болды. Алайда жоғары инвестициялық жүктеме алдағы жылдары дивидендтердің өсу әлеуетін шектейді. Solidcore акциялары алдыңғы күнгі 8,1%-дық құлдыраудан кейін 4,4% ға өсіп, $9,83 болды. Қалпына келу әзірге алдыңғы шығындардың шамамен жартысын өтеді. Таңертеңгі алтын бағасының өсуі ағымдағы сессияда акциялар үшін қолайлы сыртқы жағдай қалыптастырады.
Валюта USDKZT іс жүзінде өзгермей, күнді 100 күндік жылжымалы орташа деңгейге өте жақын, 457,44 теңге бағамында аяқтады. Ұлттық банк жариялаған макроэкономикалық сауалнама инфляциялық болжамдардың жақсарғанына қарамастан, талдаушылар жыл соңына дейін базалық мөлшерлеме 15,75% деңгейінде сақталады деп күтетінін көрсетті. Ақша-кредит саясатын неғұрлым сақтықпен жұмсарту теңгелік құралдардың тартымдылығын қолдауы мүмкін.