KEGOC: 2026 жылғы 3-тоқсанның қорытындысы

Эмитенттерді талдау

26 қараша 2026, 16:51

«KEGOC» АҚ 2026 жылғы үшінші тоқсандағы қаржылық нәтижелерін жариялады. Біз есепті оң деп бағалаймыз. Тарифтердің ж/ж 24-31%-ға көтерілуі есебінен тоқсандық түсім өсуін жалғастырды. Рентабельділік қатарынан төртінші тоқсан артты, бұған тарифтердің жоғарылауы және ішінара электр энергиясының технологиялық шығысы құнының ж/ж 6,8%-ға төмендеуі ықпал етті. Екінші жағынан, жаңа инвестициялық цикл аясында күрделі шығындар өскендіктен еркін ақша ағыны теріс күйінде қалды, ал компанияның қарыздары жыл басынан бері 5 млрд теңгеден 129 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Сондықтан таза пайданың өсуі алдағы жылдардағы дивидендтерге айтарлықтай әсер ете қоймауы мүмкін, өйткені дивидендтік саясат енді төлемдерді еркін ақша ағынына байланыстырады. Бағалау моделінде болжамды тарифтерді жаңа тарифтік сметаға сәйкес көтеріп, негізгі қызмет түрлерінің болжамды көлемдерін төмендеттік. KEGOC акциясының нысаналы бағасын 2 300 теңгеден 2 880 теңгеге дейін көтеріп (өсу әлеуеті 94%), «Сатып алу» рейтингін сақтаймыз.

Бағалаудың негізгі факторлары. Жоғары тарифтер және бес жылға бекітілген жаңа тарифтер мен тарифтік сметалар бағалауға әсер ететін басты фактор болып қала береді. Үшінші тоқсан 1 мамырдан бастап көтерілген тарифтер толық қолданылған алғашқы тоқсан болды. Кірістер мен рентабельділіктің өсуін дәл осы тарифтер қамтамасыз етті. Өткен тоқсандардағы басты тәуекел сейілді: 28 тамызда ТМРК 2026-2031 жылдарға арналған тарифтер мен тарифтік сметаларды бекітті. Бірінші тарифтік жылы (2026 жылғы қазаннан 2027 жылғы қыркүйекке дейін) тарифтер қазіргі деңгейден іс жүзінде өзгермейді: электр энергиясын жеткізу тарифі 1,2%-ға, ҰЭТ-ты пайдалану тарифі 1,7%-ға көтерілді, техникалық диспетчерлендіру тарифі бұрынғы деңгейінде қалды, ал теңгерімдеуді ұйымдастыру тарифі 9,3%-ға төмендеді. Тарифтердің негізгі өсімі 2027 жылғы қазаннан басталады (бірінші жылдың деңгейіне қарағанда жеткізу +22%, ҰЭТ-ты пайдалану +19%, техникалық диспетчерлендіру +33%), ал тарифтік кезеңнің соңғы жылында жеткізу және ҰЭТ-ты пайдалану тарифтері қазіргі деңгейден тиісінше 66%-ға және 53%-ға асады. Бұл ретте 2031 жылға қарай тарифтік сметада көзделген түсім өсімінің жартысына жуығы электр энергиясының технологиялық шығысын және қарыздар бойынша сыйақыны жабуға жұмсалады. Инвестициялық циклдің ауқымы басты құрылымдық тәуекел болып отыр: тоғыз айдағы күрделі шығындар ж/ж 92%-ға өсіп, 145,9 млрд теңгеге жетті. Салымдардың негізгі бөлігі кернеуі 500 кВ екі электр жеткізу желісінің құрылысына бағытталған: бірі Қазақстан БЭЖ-інің Оңтүстік аймағындағы электр желісін күшейтуге, екіншісі Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіруге арналған. Оларды қаржыландыру үшін компания жыл басынан бері қарыздарын 5 млрд теңгеден 129 млрд теңгеге дейін ұлғайтты (АДБ: 17,0-18,6% 

мөлшерлемемен 59,8 млрд теңге, ЕҚДБ: TONIA + 2,75% мөлшерлемемен 33,6 млрд теңге, ҚДБ: 12,6% мөлшерлемемен 32,1 млрд теңге). Таза борыштың EBITDA-ға қатынасы әлі де төмен (0,5x), алайда кредиторлардың ковенанттары бойынша есептелетін борыштың EBITDA-ға қатынасы қазірдің өзінде 1,37-1,42x деңгейінде болып, 1,5x шегіне жақындап қалды. Бұл шектен асқан жағдайда дивидендтік саясатқа сәйкес ең төменгі төлем еркін ақша ағынының 75%-ынан 50%-ына дейін төмендейді.

Түсім: тарифтер есебінен өсу жалғасуда. Тоқсандық түсім 116 млрд теңгеге жетті (ж/ж +21%) және жаз айларында тұтыну маусымдық түрде төмендейтініне қарамастан т/т 1,8%-ға артты. Кірістің ең ірі бабы болып табылатын ҰЭТ-ты пайдалану бойынша қызметтерден түскен түсім тарифтің ж/ж 31%-ға көтерілуі және тоқсандық көлемнің ж/ж 1,6%-ға ұлғаюы есебінен ж/ж 33%-ға өсіп, 60,9 млрд теңгені құрады. Электр энергиясын жеткізу бойынша қызметтерден түскен түсім ж/ж 23%-ға артып, 19,6 млрд теңгеге жетті: тариф ж/ж 30%-ға өскенімен, көлем ж/ж 5,5%-ға қысқарды. Техникалық диспетчерлендіру бойынша қызметтерден түскен түсім көлемнің шамалы өсуі (ж/ж +0,2%) аясында тариф (ж/ж +24%) есебінен ж/ж 24%-ға ұлғайды. ЭТН-де теңгерімдеуші электр энергиясын сатудан түскен кіріс ж/ж 6%-ға азайып, 14,4 млрд теңгені құрады. Электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызметтерден түскен түсім ж/ж 30%-ға өссе, электр энергиясы ағындарының мемлекетаралық сальдосын өтеу мақсатында электр энергиясын сатудан түскен кіріс ж/ж 48%-ға қысқарды. Жалпы алғанда, үшінші тоқсанда Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі ж/ж 0,8%-ға артты, бұл екінші тоқсандағы өсімнен баяу.

Рентабельділік: EBITDA маржасы 45%-ға дейін өсті. EBITDA 52,3 млрд теңгені құрады (ж/ж +73%), ал EBITDA маржасы бір жыл бұрынғы 31,6%-дан 45,2%-ға дейін кеңейді. Осылайша 2025 жылғы төртінші тоқсанда басталған рентабельділіктің қалпына келу үрдісі жалғасты. Жалпы пайда маржасы бір жыл бұрынғы 19,7%-бен салыстырғанда 34,9%-ға жетті. Түсім ж/ж 21%-ға өскен кезде көрсетілген қызметтердің өзіндік құны ж/ж 2,2%-ға төмендеді, ал жалпы пайда ж/ж 114%-ға өсті. Өзіндік құнның төмендеуі толығымен транзиттік баптар есебінен болды, олардың азаюы тіпті жалпы төмендеуден асып түсті: ЭТН-де және мемлекетаралық ағындар сальдосын өтеу үшін электр энергиясын сатып алу шығыстары ж/ж 3,6 млрд теңгеге қысқарды, ал өзіндік құн жалпы алғанда 1,7 млрд теңгеге төмендеді. Бұл баптарды есепке алмағанда өзіндік құн ж/ж 3,3%-ға, ал түсім ж/ж 31%-ға өсті. Электр энергиясының технологиялық шығысының құны ж/ж 6,8%-ға төмендеп, 20,9 млрд теңгені құрады және 2023 жылғы бірінші тоқсаннан бері алғаш рет жылдық мәнде азайды. Мемлекетаралық ағындар сальдосын өтеу үшін электр энергиясын сатып алу бойынша шығыстар ж/ж 11%-ға қысқарды. Тозу және амортизация ж/ж небәрі 2,5%-ға өсіп, 14,5 млрд теңгені құрады, ал еңбекақы төлеу бойынша шығыстар ж/ж 13%-ға артты. Нәтижесінде тоқсандық таза пайда ж/ж 175%-ға өсіп, 30,1 млрд теңгеге, яғни бір акцияға шаққанда 109,2 теңгеге жетті. Таза пайда маржасы бір жыл бұрынғы 11,4%-бен салыстырғанда 26%-ға жетті. Тоқсандық еркін ақша ағыны теріс күйінде қалып, -10,4 млрд теңгені құрады. Оған негізінен күрделі шығындардың ж/ж 356%-ға өсуі себеп болды, мұны біз ауқымды инвестициялық циклдің басталуымен күткен едік. Сонымен бірге операциялық қызметтен түскен таза ақша ағыны ж/ж 121%-ға ұлғайды.

Біздің пікіріміз бен бағалау моделіндегі өзгерістер. Үшінші тоқсандағы есеп едәуір оң болды: тарифтердің көтерілуі есебінен қаржылық көрсеткіштер мен рентабельділік өсуін жалғастырды. Бес жылға бекітілген жаңа тарифтер біз күткеннен жоғары болды: модельдегі 2031 жылғы орташа өлшенген тариф 1 кВтсағ үшін 3,99 теңгеден 5,26 теңгеге дейін өсті. Жаңа тарифтер бағалауды және ақша ағындарының болжамын жақсартты. Дегенмен инвестициялық цикл қарқын алып келеді және компанияның ақша ағынын қалыптастыруына салмақ түсіруде. Дивидендтік саясат өзгергеннен 

кейін алдағы жылдары дивидендтердің ұлғаюын күтпейміз, өйткені еркін ақша ағыны төмен деңгейде қалуы ықтимал. Мұны 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы дивидендтер де растайды: жартыжылдық таза пайда ж/ж 59%-ға өскеніне қарамастан, дивиденд бір акцияға 81,25 теңге болды, ал 2025 жылғы бірінші жартыжылдық үшін 80,90 теңге төленген еді. Бағалау моделінде болжамды тарифтерді бесжылдық тарифтік сметаға сәйкес болжам кезеңінде орта есеппен 26%-ға көтердік. Алайда электр энергиясын жеткізу, ҰЭТ-ты пайдалану, теңгерімдеуді ұйымдастыру және техникалық диспетчерлендіру көлемдері бойынша болжамдарымызды орта есеппен 17%-ға төмендеттік. Сондай-ақ электр энергиясы бағасының ықтимал өсуін ескере отырып, технологиялық шығыс құнына қатысты болжамымызды орта есеппен 7%-ға жоғарылаттық. Бірінші жылғы тарифтердің іс жүзінде өзгермеуі және көлемдердің төмендеуі салдарынан бұл өзгерістер акцияға шаққандағы пайда бойынша 2026 және 2027 жылдарға арналған болжамымызды тиісінше 10%-ға және 20%-ға төмендетті, ал тарифтер өсімінің негізгі бөлігі 2027 жылғы қазаннан басталатындықтан, 2028 жылға арналған болжамды 6%-ға арттырды. Бағалау DCF әдісіне негізделген: WACC 16,1% деңгейінде өзгеріссіз қалды, болжамнан кейінгі (терминалдық) кезеңдегі өсу қарқыны 5,5%. KEGOC бойынша «Сатып алу» рейтингін сақтап, нысаналы бағаны бір акция үшін 2 300 теңгеден 2 880 теңгеге дейін көтереміз, бұл 94% өсу әлеуетін білдіреді.

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, Достық көшесі, 16-ғимарат, кіріктірілген тұрғын емес №2 үй-жай (Talan Towers Offices)

+7 7172 67 77 55  - Қазақстанның қалалық нөмірлерінен тегін, халықаралық және ұялы телефондардан - қоңырау ақылы

7555  - Қазақстанның мобильді операторларынан тегін [email protected], [email protected]

Алаяқтық әрекеттер немесе осы ресурстың қорғалу мәселелері туралы хабарлау: fbroker.kz/trustcenter

Бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарына иелік ету әрдайым тәуекелдермен келеді: бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының құны өсуі де, төмендеуі де мүмкін. Бұрынғы инвестициялау нәтижелері болашақта кіріс алуға кепілдік бермейді. Заңнамаға сәйкес, компания болашақта салымдардың кірістілігіне кепілдік бермейді және уәде бермейді, мүмкін инвестициялардың сенімділігіне және мүмкін кірістер мөлшерінің тұрақтылығына кепілдік бермейді

«Freedom Finance Global PLC» жария компаниясы Қазақстан Республикасындағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (әрі қарай мәтін бойынша-АХҚО) аумағында бағалы қағаздар нарығында брокерлік (агенттік) қызмет көрсетеді. Компания АХҚО қолданыстағы заңнамасының талаптарын, шарттарын, шектеулерін және/немесе нұсқаулықтарын сақтаған кезде, No. AFSA-A-LA-2020-0019 лицензиясына сәйкес қызметтің келесі реттелетін түрлерін жүзеге асыруға уәкілетті: принципал ретінде инвестициялармен жасалатын мәмілелер, агент ретінде инвестициялармен жасалатын мәмілелер, инвестицияларды басқару, инвестициялар бойынша консультация ұсыну және инвестициялармен жасалатын мәмілелерді ұйымдастыру.

S&P Global рейтингтері – «BB-», болжамы «Оң».

Бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына иелік ету үнемі тәуекелмен байланысты: бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының құны өсуі немесе төмендеуі мүмкін. Кешегі күні салған инвестицияның нәтижесі болашақта кіріс алып келетініне кепілдік бермейді. Заңнамаға сәйкес, Компания салған қаражатыңыздың болашақта кіріс алып келетініне кепілдік және уәде бермейді, ықтимал инвестициялардың сенімділігіне және ықтимал кіріс мөлшерінің тұрақтылғына кепілдік бермейді.

Веб-сайттағы ақпарат деректердің өзектілігін сақтауға және ақпаратты ашуды реттеу талаптарын орындауға бағытталған. Өтінеміз, осы жаңартулар тек ақпараттық сипатта екенін және маркетингтік материалдар емес екенін ескеріңіз!