Қазатомөнеркәсіп KASE индексін төмен тартып отыр, ал Kaspi өсуде
KASE күнделікті шолулары
17 қараша 2026, 14:58
Біздің түсініктемелеріміз бен күтілімдеріміз
Сыртқы жағдай. АҚШ нарығы аптаны төмендеумен бастады: S&P 500 индексі 1,9%-ға төмендеп, 7 416,59 тармаққа жетті, Nasdaq 2,5%-ға, Dow Jones 1,4%-ға түсті. Сатылымдар қайтадан технологиялық секторда шоғырланды: Nvidia акциялары 4,1%-ға, ал жартылай өткізгіш өндірушілер индексі 5,3%-ға арзандады. Инвесторлар Nvidia басшылығының ауысуы мен Қытайдың америкалық жасанды интеллект чиптеріне қол жеткізуіне енгізілген жаңа шектеулердің салдарын бағалауда. Nvidia-ның алдағы қаржылық есебі мен Anthropic IPO-сы да қосымша сақтық тудырып отыр. Еуропада төмендеу біршама әлсіз болды: Stoxx 600 индексі 0,3%-ға, DAX 0,6%-ға, FTSE 100 0,2%-ға төмендеді. АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының (UST) кірістілігі өткен аптадағы күрт өсімнен кейін 4 базистік тармаққа төмендеп, 5,12%-ға жетті. Алайда қарыз алу құнының төмендеуі акцияларға әзірге қолдау көрсетпеді, себебі назар технологиялық сектордағы тәуекелдерде қалып отыр. Доллар индексі тағы 0,2%-ға нығайып, 103,59-ға жетті, ал алтын 0,9%-ға арзандап, унциясы $3 853 болды. Brent мұнайы 3,5%-ға арзандап, барреліне $92,44 болды. Негізгі себеп — Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалының қалпына келуі, бұл артық ұсынысқа қатысты күтулерді күшейтті. Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) бағалауынша, IV тоқсанда әлемдік мұнай ұсынысы сұраныстан тәулігіне 1,7 млн баррельге артық болады. Бұл фактор аймақтағы танкерлерге қатысты жаңа оқиғалар туралы хабарламалардың әсерінен басым түсті.
KASE индексі. Дүйсенбі күнгі қорытынды бойынша KASE индексі 0,4%- ға төмендеп, 7 800 тармақтан төмен жабылды. Бағалардың 7810–7820 тармақ маңындағы жергілікті қолдау деңгейін бұзып, 15 қазаннан бергі ең төменгі деңгейге түскеніне назар аударамыз.
Индекс акциялары. «Қазатомөнеркәсіп» акциялары 27 150 теңгеге дейін арзандап, төмендеу көшбасшыларының қатарына кірді. Сессия барысында компанияны «Самұрық-Қазына» құрылымынан Атом энергиясы агенттігінің басқаруына беру мүмкіндігі туралы ақпарат жарияланды. Бұл мәлімет салалық сарапшының өз дереккөздеріне сілтеме жасаған мәлімдемесіне негізделген және ресми түрде расталған жоқ. Біздің ойымызша, басқару моделінің ықтимал өзгеруі инвесторлар үшін белгісіздікті арттыруы мүмкін, алайда оны акциялардың төмендеуінің нақты себебі деп айтуға болмайды. ҒДҚ-лар әлдеқайда аз төмендеді — 0,3%-ға, $60,10-ға дейін, ал уран 0,1%-ға қымбаттады. LSE-дегі бағалар әлі де 2026 жылғы минимумдардан алыс емес және 23 қазаннан бері үшінші рет $59,5 маңындағы қолдау деңгейін сынады. Kaspi.kz акциялары KASE-де 0,5%-ға өсті. Кейінірек АҚШ-тағы депозитарлық акциялары америкалық нарықтың кең ауқымды төмендеуіне қарамастан, 1,7%-ға қымбаттап, $91,48 болды. Бағалар қалпына келіп, қайтадан 200 күндік жылжымалы орташа деңгейден жоғары көтерілді, бірақ 100 күндік орташа деңгейді сынағаннан кейін сәл төмендеді. Қазіргі валюта бағамымен есептегенде бұл шамамен 40 652 теңгеге тең, яғни KASE-дегі бағадан 1,3%-ға жоғары. Бұл келесі жергілікті сессия үшін оң бағдар қалыптастырады. Халық банкі акциялары 0,2%-ға өсті, ал БЦК 0,9%-ға, Air Astana 0,5%- ға, ҚазМұнайГаз 0,4%-ға төмендеді. AIX биржасында Solidcore қалпына келуін жалғастырды: акциялар 0,7%-ға өсіп, $12,14 болды. Дүйсенбі күні алтын бағасының төмендеуіне қарамастан, екі сессиядағы жиынтық өсім шамамен 5,1%-ды құрады. Бұл ретте сессия барысында бағалар $11,2-ге дейін төмендегенін атап өткен жөн. Бұл 8 қыркүйектен бергі ең төменгі деңгей болды, алайда акциялар кейін қалпына келе алды.
Валюта. USDKZT 0,1%-ға төмендеп, 444,38 теңгеге жетті. Әлемдік нарықта доллардың нығаюы мен мұнай бағасының құлдырауына қарамастан, теңге тұрақтылығын сақтап, 444 теңге маңында саудалануын жалғастырды. Бүгін форекс нарығында айтарлықтай өзгерістер байқалмайды, бағалар кешегі жабылу деңгейіне жақын қалып отыр.