Біздің пікірлер мен күтулеріміз
Сыртқы фон. Америкалық қор нарықтары кеше өсіммен жабылып, тағы да тарихи максимумдарды жаңартты. S&P 500 және Nasdaq индекстері тиісінше 0,4% және 0,7% өсті. Негізгі драйвер – технологиялық сектор болды, оған Nvidia компаниясының OpenAI-ға чип жеткізетіні жайлы жаңалық әсер етті. Apple да 4,3%-ға көтерілді, оған iPhone 17-ге деген жоғары сұраныс күтулері себеп болды. Алайда ФРЖ өкілдерінің кейбірі мөлшерлемені ары қарай төмендетудің қажет екеніне күмән білдірді. S&P 500 фьючерстері таңертең бейтарап динамика көрсетіп отыр. Еуропада кең Stoxx 600 индексі 0,1%-ға төмендеді, негізінен автомобиль және банк секторлары есебінен. Азияда бүгін таңертең корейлік Kospi 0,5%-ға өсті, ал Жапонияда мереке күніне байланысты нарықтар жабық. Сол уақытта Hang Seng 1%-ға, ал қытайлық CSI 300 одан да көп – 1,2%-ға арзандады. Мұнай бағасы 0,2%-ға түсті, оған ОПЕК+ келісімі аясында Ирак тарапынан ұсыныстың артуы әсер етті. Доллар индексі үш күндік өсімнен кейін төмендеп, жергілікті даунтрендті бұза алмады.
Облигациялар. АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі біртіндеп өсіп, 4,15%-ға жетті.
KASE индексі. Кеше KASE индексі 0,2%-ға төмендеп, тарихи максимумдарға жақын баяу консолидациясын жалғастырды. Дегенмен ол жергілікті трендтік қолдау маңында тұр және одан жаңа өсім толқыны басталу ықтималдығы сақталады.
Индекс акциялары. Негізгі төмендеудің катализаторлары үш акция болды: ҚазМұнайГаз, Кселл және Kaspi. КМГ 1,4%-ға арзандады, себебі жұма күні қағаздар бұза алмаған трендтің жоғарғы шекарасына жеткен еді. Kaspi Nasdaq-тағы АДР-дің 2,2%-ға төмендеуінен кейін арзандады. Кешегі АДР динамикасы қағаздардың даунтрендті бұза алмағанын көрсетті, сондықтан өсу сценарийін әзірге шегеру керек. Халық Банкінің ЖДҚ-сы бойынша дивидендтік гэп KASE-дегі күннен бір күн кешігіп болды. Кселлдің де бағасы 1,2%-ға түсіп, маусым айындағы минимумдарға жақындады. Егер баға 3 240 теңгеден төмен түссе, сатушылардың қысымы жалғасуы мүмкін. Позитивті қозғалыстар қатарында Казатомпром мен КазТрансОйлды атап өтеміз. Уран алыбының акциялары 1,5%-ға көтерілді, оған LSE-дегі ЖДҚ-ның 2,8%-ға өсуі әсер етті. Сауда барысында ЖДҚ 4,2%-ға дейін көтерілді, ал уран бағасы маусым максимумдарына жақындап қалды. КазТрансОйл акциялары 1,3%-ға өсіп, мамыр айының соңынан бергі ең жақсы күндік өсімді көрсетті. Сауда басталған алғашқы минуттарда акциялар 5%-ға көтерілгенімен, жалпы сауда көлемі аз болды – небәрі 50,5 млн теңге. Air Astana акциялары бойынша сауда көлемдері төмендеді, бұған дейін олар жоғары болатын. БЦК акциялары кеше 0,6%-ға қымбаттап, төрт күн қатарынан 5 000 теңге маңында жаңа деңгейде консолидациясын жалғастырды.
Валюта. Кеше доллар соңғы күндер үшін әжептәуір күрт өсіп, 1,8 теңгеге қымбаттады және нәтижесінде 542 теңге деңгейін жоғары көлемдермен бұзып өтті. Жақын күндері 544 теңге деңгейінен де жоғары көтерілуін күтуге болады.