Біздің пікірлер мен күтулер
Сыртқы фон. S&P 500 кеше 0,6%-ға төмендеді. Бұл Zions және Western Alliance аймақтық банктерінен шыққан проблемалық несиелер туралы жағымсыз жаңалықтармен байланысты болды. Жеке көздерден алынған деректер (несиелік карталарды пайдалану бойынша) АҚШ-та жазғы белсенді кезеңнен кейін бөлшек сауда көлемі азайғанын көрсетті. АҚШ ФРЖ өкілдері Кристофер Уоллер мен Стивен Миран базалық мөлшерлемені төмендетуді қолдады: Уоллер — 0,25 пайыздық пунктке, Миран — 0,5 пайыздық пунктке осы айда төмендетуді ұсынды. Геосаяси жаңалықтар қатарында Трамптың алдағы екі апта ішінде Будапештте Путинмен кездесіп, Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылауға ниетті екені аталып өтті.
Облигациялар. Кеше инвесторлар қорғаныш активтеріне бет бұрып, АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігін 4%-дан төмен түсірді.
KASE индексі. KASE кеше 0,5%-ға өсті. Көптеген акциялар оң аймақта саудаланып, котировкалардың бүйірлік арнаның төменгі шегінен қалпына келгенін көрсетті. Жоғарғы шектерге дейін шамамен 1–1,1% өсу әлеуеті бар.
Индекске кіретін акциялар. Кеше төрт компанияның акциялары бір күнде 1%-дан астам өсті. Ең жоғары өсім Қазатомпром акцияларында тіркелді — котировкалар Лондон биржасындағы қағаздармен бірге өсіп, тарихи максимумдарды жаңартты. LSE-дегі ғаламдық депозитарлық қолхаттар да 1,4%-ға көтерілді. Екі нарықта да тұрақты өсу үрдісі байқалады. Компания 2030 жылға қарай уран тапшылығы күтілетінін тағы да растады — бұл жолы Президент Тоқаевқа ұсынылған баяндамада. Компания уранға сұраныс жасанды интеллект технологияларының дамуы мен дата-орталықтардың энергия тұтынуының артуы есебінен өсетінін атап өтті. Халық банкінің ГДҚ графигінде де қызықты қозғалыс байқалды: сессия кезінде котировкалар $27,7 деңгейіне дейін көтерілді, бұл маңызды қарсылық деңгейінен сәл жоғары. Бұл жақсы талпыныс болды, және акциялардың тарихи максимумдарды жаңарту мүмкіндігі бар. KASE-дегі бағалар LSE деңгейінен шамамен 5%-ға төмен, өйткені 380 теңге маңындағы қарсылық шегіне дейін әлі орын бар. Air Astana акциялары 1,5%-ға өсті, алайда біз бұған дейін атап өткендей, 830–840 теңге деңгейлері бұзылмайынша, бұл қозғалысты орта және ұзақ мерзімді сурет аясындағы шағын ауытқу деп бағалауға болады. Сауда көлемі алдыңғы сессиядағы жоғары деңгейден 13,2 млн теңгеге дейін төмендеді. LSE-дегі котировкалар өзгеріссіз қалды.
Күннің басты төмендеушісі – Банк ЦентрКредит акциялары. Бұл қағаздар әлі де қысқа мерзімді төмендеу трендінің қысымында қалып отыр және соңғы 15 сессияның тек екеуінде ғана өскен. Nasdaq-та Kaspi компаниясының депозитарлық қолхаттары да төмендеуді жалғастырды.
Валюта. Кеше доллар 535,6 теңгеге дейін әлсіреп, USDKZT графигіндегі орта мерзімді өсім арнасына қайта түсті. Бүгін таңертең біз осы сызықтың төмен қарай бұзылу әрекетін байқаудамыз, бұл мөлшерлеменің көтерілуінен кейін ұлттық валютаның әрі қарай нығаюының сигналы болуы мүмкін. Бақылаймыз.