Қарапайым тілмен айтқанда, бағалы қағаздардың андеррайтингісі деген не
Андеррайтинг – компанияға өз акцияларын немесе облигацияларын шығарып, инвесторларға сатуға көмектесетін қызмет. Оны капитал нарығы арқылы қаржы тартуды қажет ететін компания тапсырады, ал қызметті кәсіби нарыққа қатысушы: брокер, инвестициялық банк немесе олардың бірлестігі (синдикаты) көрсетеді.
Термин сақтандыру және банк ісінен шыққан, онда андеррайтинг тәуекелді бағалау және қабылдау дегенді білдіреді. Мысалы, банк кредит бергенде қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалайды. Бағалы қағаздар нарығында бұл сөздің мағынасы өзгеше әрі кеңірек: андеррайтер тәуекелді бағалап қана қоймай, компанияны талдаудан бастап бағалы қағаздарды алғашқы инвесторларға сатуға дейінгі барлық ұйымдастыру жұмысын өз мойнына алады.
Қазақстандық бизнес үшін андеррайтинг – практикалық құрал: компаниялар бағалы қағаздарды Қазақстан қор биржасында (KASE) немесе «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аясындағы Astana International Exchange (AIX) алаңында дайындау және орналастыру кезінде андеррайтинг қызметін жиі пайдаланады.
| Материал тек ақпараттық мақсатта берілген және инвестициялық ұсыным емес. Барлық талап, сандар мен мысалдар 2026 жылғы қыркүйектегі жарияланым күні бойынша берілген және өзгеруі мүмкін – қолданыстағы тарифтерді, комиссиялар мен қағидаларды андеррайтерден, KASE, AIX биржаларынан немесе ҚНРДА-дан нақтылаңыз. |
Андеррайтер деген кім
Әдетте бағалы қағаздармен мәмілелерді ұйымдастыруға лицензиясы бар брокер, дилер немесе инвестициялық банк бағалы қағаздар нарығында андеррайтер ретінде әрекет етеді. Ірі орналастыру кезінде тәуекелді бөлісу және инвесторлардың кеңірек тобын қамту үшін бірнеше компания андеррайтерлер синдикатына бірігуі мүмкін.
Андеррайтер қандай міндеттерді орындайды
• эмитентті, оның қаржылық жағдайын және капитал тарту мақсаттарын талдайды;
• компанияның тәуекелін және инвесторлар тарапынан ықтимал сұранысты бағалайды;
• мәміле құрылымын, орналастыру көлемін және орналастыру бағасының алдын ала диапазонын анықтауға көмектеседі;
• заң және аудит жөніндегі консультанттармен бірлесіп эмиссиялық құжаттаманы дайындайды
• road-show ұйымдастырады – компанияның институционалдық және бөлшек инвесторларға арналған презентацияларын өткізеді;
• сатып алуға алдын ала өтінімдерді жинайды (өтінімдер кітабын қалыптастырады) және эмиссияны инвесторлар арасында бөледі;
• орналастырудан кейін маркет-мейкер функциясын атқаруы мүмкін – биржада бағалы қағаздың баға белгіленімдері мен өтімділігін қолдайды.
Андеррайтер брокерден несімен ерекшеленеді
Андеррайтердің рөлін көбіне «компания мен инвесторлар арасындағы делдал» деп қарапайым түсіндіреді, бірақ бұл дұрыс емес: брокер инвестордың бағалы қағаздарды сатып алу және сату жөніндегі тапсырмаларын орындайды, ал андеррайтер эмитент үшін бағалы қағаздарды шығару және орналастыруды ұйымдастырады – эмитентті дайындаудан бастап бағалы қағаздарды инвесторлардың алғашқы тобына сатуға дейін. Бұл бір реттік делдалдық емес, сараптамалық және ұйымдастырушылық функция.
| Өлшемшарт | Андеррайтер | Брокер |
| Нарық | Бастапқы нарық – жаңа бағалы қағаздарды шығару және орналастыру | Негізінен қайталама нарық – бұрын шығарылған бағалы қағаздармен сауда жасау |
| Клиент | Эмитент-компания | Инвестор (бөлшек немесе институционалдық) |
| Рөл | Шығарылымның бүкіл процесін ұйымдастырады: компанияны талдаудан бастап инвесторлар арасында орналастыруға дейін | Биржада клиенттің бағалы қағаздарды сатып алу және сату жөніндегі тапсырмаларын орындайды |
| Жауапкершілік | Мәміле құрылымына, баға белгілеуге және эмиссияны бөлуге жауап береді | Клиенттің мәмілесінің дұрыс орындалуына жауап береді |
| Мәміледен кейін | Маркет-мейкер функциясын атқара алады – баға белгіленімдерін қолдайды | Клиентке қайталама нарықта қызмет көрсетуді жалғастырады |
Компанияға андеррайтинг қашан қажет болуы мүмкін
Капитал банктік кредит арқылы емес, бағалы қағаздар нарығында жария немесе шектеулі инвесторлар тобы арқылы тартылған кезде андеррайтинг әсіресе қажет болады:
• облигациялар шығару – банктің орнына инвесторлардан қарыздық қаржы тарту;
• IPO – компания алғаш рет жария компания болған кезде акцияларды бастапқы орналастыру;
• акцияларды орналастыру (SPO) – жария компанияның бағалы қағаздарды қосымша шығаруы;
• әсіресе банктердің лимиттері мен талаптары бизнестің қажеттіліктерін толық қанағаттандырмаған жағдайда, банктік кредит беру балама ретінде бағалы қағаздар нарығында жалпы капитал тарту.
Бұл тақырып Қазақстан үшін әсіресе өзекті. 2026 жылы ҚНРДА компаниялардың қор нарығына шығуын жеңілдетуге бағытталған шараларды ұсынды. Атап айтқанда, жаңа тәртіп IPO-ға дайындық мерзімін шамамен үш-бес айға қысқартуы тиіс. Сонымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған Капитал нарығын дамыту бағдарламасы жобасы аясында ішкі акциялар нарығына шығатын компанияларға арналған салықтық ынталандыру шаралары, соның ішінде IPO-ға дайындалу және оны өткізу шығындарын шегеру мүмкіндігі қарастырылуда.
Бағалы қағаздардың андеррайтингісі қалай жүргізіледі
Процесс компанияны бастапқы талдаудан бастап, бағалы қағаздармен биржада сауда-саттықтың басталуына дейінгі бірнеше дәйекті кезеңді қамтиды. Әр мәміле бойынша нақты рәсімдер мен мерзімдерді орналастыру күні биржаның (KASE, AIX) қолданыстағы регламенттерімен және реттеуші органның талаптарымен салыстырып тексеру қажет.
1. Эмитентті және капитал тарту мақсаттарын талдау
Андеррайтер компанияның бизнесін, қаржылық көрсеткіштерін, меншік құрылымын және капиталдың қандай мақсатпен тартылатынын – өндірісті кеңейту, борышты өтеу, жобаны қаржыландыру сияқты мақсаттарды зерттейді.
2. Шығарылым құрылымын дайындау
Бағалы қағаздың түрі, шығарылым көлемі және болжамды биржалық алаңы айқындалады. Бұл ретте акцияларды акционерлік қоғамдар шығара алады, ал облигациялар, соның ішінде, АҚ және ЖШС үшін қолжетімді.
3. Құжаттарды дайындау
Шығарылым проспектісі және басқа да эмиссиялық құжаттар дайындалады. KASE-де орналастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасы мен ҚНРДА талаптары қолданылады. «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ ISIN-код береді және меншік құқықтарының есебін жүргізеді, ал листингті KASE өткізеді. AIX-де орналастыру кезінде АХҚО құқығы, AFSA талаптары және AIX қағидалары қолданылады. Алаңның инфрақұрылымына меншікті AIX CSD орталық депозитарийі кіреді.
4. Орналастыру параметрлері мен диапазонын айқындау
Сұраныс пен нарық конъюнктурасын талдау негізінде андеррайтер эмитентке орналастырудың алдын ала баға диапазоны мен көлемін ұсынады.
5. Әлеуетті инвесторлармен жұмыс
Road-show өткізіледі – институционалдық инвесторларға арналған бірнеше кездесу мен презентация, сондай-ақ бөлшек инвесторларға арналған ақпараттық науқан.
6. Өтінімдер жинау және орналастыру
Андеррайтер инвесторлардың өтінімдерін жинайды (book-building). Эмитент book-building нәтижелері бойынша ұйымдастырушылармен бірлесіп орналастырудың түпкілікті параметрлерін айқындайды. Андеррайтер бағалы қағаздарды өтінім берген инвесторлар арасында бөліп, биржада сауда-саттықтың басталуын ұйымдастырады.
Облигация шығару кезінде андеррайтер қандай рөл атқарады
Эмитент үшін облигациялар – Банктен кредит алмай-ақ, инвесторлардан тікелей қарыздық қаржы тарту тәсілі: компания тұрақты түрде купон төлейді, ал мерзім соңында номиналды құнын қайтарады. Облигациялар туралы толығырақ «Депозит немесе облигациялар: Қазақстандағы инвестор нені таңдауы керек» мақаласынан оқи аласыз.
Андеррайтер эмитентті дайындаудан бастап бағалы қағаздарды инвесторлар арасында орналастыруға дейінгі бүкіл процеске қолдау көрсетеді. Бұл туралы толығырақ fbroker.kz сайтындағы «Андеррайтинг қызметтері» бөлімінен оқи аласыз, онда аяқталған мәмілелер де көрсетілген.
Қазақстан нарығындағы Freedom компаниясы андеррайтер немесе жетекші андеррайтер ретінде қатысқан облигацияларды орналастырудың бірнеше мысалы:
| Эмитент | Мәміле түрі / биржа | Freedom рөлі | Орналастыру параметрлері |
| Еуразиялық даму банкі | Облигациялар, KASE | Андеррайтер | 107 млрд теңгеге 5 шығарылым |
| «ҚазАгроҚаржы» АҚ | Облигациялар, KASE | Андеррайтер | 170 млрд теңгеге 6 шығарылым |
| OnlineKazFinance (Solva) | Облигациялар, AIX / KASE | Жетекші андеррайтер | 86 млрд теңгеге 16 шығарылым |
| CITIX Ltd. | Облигациялар, AIX | Жетекші андеррайтер | 30 млн АҚШ долларына 2 шығарылым |
| AltynGold PLC | Облигациялар, AIX | Андеррайтер | 20 млн АҚШ долларына 2 шығарылым |
| Freedom Finance SPC Ltd. | Облигациялар, AIX | Андеррайтер | Қазақстан тарихындағы бөлшек инвесторлар арасында облигацияларды ең ірі орналастыру – 200 млн АҚШ доллары |
| Kazakhstan Sustainability Fund | Облигациялар, KASE | Андеррайтер | 787 млрд теңгеге 32 шығарылым |
Мысалы, OnlineKazFinance (Solva бренді) – Қазақстандағы ең ірі онлайн МҚҰ – облигациялар нарығы арқылы қаржыландыруды белсенді түрде тартады. Компанияның деректеріне сәйкес, 2020 жылы алғашқы облигация шығарылымынан бері ол KASE және AIX алаңдарында 70-тен астам орналастыру өткізген. Solva тартылған қаражатты, соның ішінде Қазақстандағы микро және шағын бизнесті кредиттеуге бағыттайды.
Акцияларды орналастыру және IPO кезіндегі андеррайтердің рөлі
Компанияны нарыққа дайындау
Компания корпоративтік басқаруды, қаржылық есептілікті және ішкі рәсімдерді аудиторлардың, биржаның және реттеушінің талаптарына сәйкестендіруі қажет. Мысалы, KASE биржа мойындаған аудиторлық ұйымдардың қаржылық есептілік аудитін жүргізуін талап етеді және акцияларды листингке шығару үшін компанияның жұмыс істеу мерзіміне қатысты жекелеген талаптар қояды. Мұндай дайындық бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін.
Инвесторлармен жұмыс
Андеррайтер road-show мен ақпараттық науқанды ұйымдастырады, компанияны институционалдық және бөлшек инвесторлармен таныстырады, бизнестің инвестициялық тартымдылығын түсіндіреді.
Орналастыруға сұранысты қалыптастыру
Өтінімдер кітабының негізінде андеррайтер орналастырудың түпкілікті бағасын айқындап, акцияларды инвесторлар арасында бөледі.
Кейінгі жылдардағы Қазақстан нарығындағы екі ең ірі IPO Freedom компаниясының андеррайтер ретіндегі қатысуымен өтті:
• «Air Astana» АҚ IPO (2024) – Freedom AIX, KASE және LSE биржаларындағы орналастырудың жетекші менеджері болды. Қазақстан биржаларында жиналған өтінімдердің көлемі 483 млн АҚШ долларын құрады (Freedom үлесі – 27%), қанағаттандырылған өтінімдердің көлемі – 215 млн АҚШ доллары.
• «ҚазМұнайГаз» ҰК» ІРО (2022) – Freedom AIX және KASE биржаларында тең үйлестіруші және букраннер ретінде қатысты. Орналастыру бағасы бір акцияға 8 406 теңгені құрады, жиналған өтінімдердің көлемі – 181 млрд теңге (Freedom үлесі – 50%), 153 млрд теңге сомасына өтінім қанағаттандырылды.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Freedom KASE акциялар және корпоративтік облигациялар нарығында «Жыл андеррайтері» номинациясында атап өткен компаниялардың қатарына кірді. Егер сіз акцияларды орналастыру тетігін әлі толық түсінбесеңіз, «IPO деген не және ол компанияға не үшін қажет» материалынан бастаған жөн – онда негізгі ұғымдар мен биржаға шығуға дайындық кезеңдері қарастырылған.
Андеррайтинг эмитент үшін қандай міндеттерді шешеді
• шығарылымды дайындау – компанияны талдаудан бастап эмиссиялық құжаттардың дайын топтамасына дейін;
• мәмілені құрылымдау – бағалы қағаздың түрін, орналастыру көлемі мен параметрлерін таңдау;
• нарық инфрақұрылымымен өзара іс-қимыл – биржамен, орталық депозитариймен, реттеушімен;
• инвесторларды іздеу – Қазақстанда және шетелде институционалдық және бөлшек инвесторларды тарту;
• орналастырудың өзін ұйымдастыру және қажет болған жағдайда биржада бағалы қағаздың өтімділігін одан әрі қолдау.
Маңыздысы: андеррайтинг сәтті орналастырылатынына немесе капиталдың нақты бір сомасының тартылуына кепілдік бермейді – түпкілікті нәтиже нарық конъюнктурасына және инвесторлардың нақты қызығушылығына байланысты.
Қандай тәуекел мен шектеуді ескеру қажет
• кепілдендірілген сұраныстың болмауы – инвесторлар мәлімделген эмиссия көлемін толық сатып алмауы мүмкін;
• нарық конъюнктурасы – капитал нарығындағы бағалар мен мөлшерлеме өзгеріп отырады, бұл орналастырудың түпкілікті талаптарына әсер етеді;
• капитал тарту құны – андеррайтердің комиссиялары, аудитке, заңгерлік және консультациялық қолдау көрсетуге жұмсалатын шығыстар;
• ақпаратты жария етуге қойылатын талаптар – орналастырудан кейін компания есептілікті және елеулі фактілерді тұрақты түрде жариялауға міндетті;
• дайындық мерзімдері – компанияны талдаудан бастап биржаға шығуға дейін бірнеше ай немесе жыл өтуі мүмкін.
Андеррайтерді қалай таңдауға болады
Андеррайтерді таңдағанда бірнеше практикалық өлшемшартқа сүйенген жөн:
• орналастыру тәжірибесі – бұрын аяқталған мәмілелердің саны мен көлемі;
• қажетті нарықтағы сараптамасы – KASE, AIX немесе шетелдік алаңдарда акциялармен немесе облигациялармен жұмыс істеу тәжірибесі;
• эмитенттің саласын түсінуі – компания бизнесінің ерекшеліктерін білуі;
• инвесторларға шығу мүмкіндігі – Қазақстандағы және шетелдегі институционалдық және бөлшек инвесторлар қоры;
• команда – мәмілені жүргізетін мамандардың біліктілігі;
• ынтымақтастық талаптарының ашықтығы – комиссиялар мен тараптардың міндеттемелерінің түсінікті құрылымы.
Freedom командасы Air Astana және ҚазМұнайГаз IPO-сынан бастап «ҚазАгроҚаржы», Еуразиялық даму банкі және Kazakhstan Sustainability Fund облигацияларының шығарылымдарына дейін KASE және AIX алаңдарында ондаған орналастыруды жүргізді. Акциялар немесе облигациялар шығаруға қатысты мәселелер бойынша fbroker.kz сайтындағы «Бағалы қағаздардың андеррайтингісі» беті арқылы тікелей хабарласуға болады – сол жерде консультацияға өтінім де қалдыруға болады.
Андеррайтинг туралы жиі қойылатын сұрақтар
Андеррайтинг деген не: қарапайым тілмен айтқанда?
Бұл компанияның бағалы қағаздарын шығаруға дайындау және орналастыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтер кешені – бизнесті талдаудан бастап бағалы қағаздарды инвесторларға сатуға дейін.
Андеррайтер ретінде кім әрекет ете алады?
Бағалы қағаздармен мәмілелерді ұйымдастыруға лицензиясы бар брокер, дилер немесе инвестициялық банк; ірі орналастыру үшін – осындай бірнеше компаниядан тұратын синдикат.
Облигациялар шығарғанда компанияға андеррайтер не үшін қажет?
Ол құжаттарды дайындауды, шығарылым параметрлерін айқындауды, инвесторларды іздеуді және орналастыруды ұйымдастыруды өз мойнына алады – бұл компанияға Банктен кредит алмай-ақ қарыздық қаржы тартуға мүмкіндік береді.
Андеррайтинг брокерлік қызметтерден несімен ерекшеленеді?
Брокер қайталама нарықта клиенттің жекелеген тапсырмаларын орындайды, ал андеррайтер бастапқы нарықта жаңа бағалы қағаздарды шығару жөніндегі бүкіл мәмілені – эмитентті дайындаудан бастап инвесторлар арасында орналастыруға дейін ұйымдастырады.
IPO болғанда андеррайтер керек пе?
Иә, ірі жария орналастыру кезінде андеррайтердің қатысуы – нарықтағы стандартты тәжірибе: ол мәмілеге дайындықты, баға белгілеуді және инвесторлармен өзара іс-қимылға қолдау көрсетеді. Андеррайтерсіз ұйымдастыру процесі эмитент үшін күрделірек болып, ішкі ресурстарды көбірек қажет етуі мүмкін.
Дереккөздер мен пайдалы материалдар
• Компаниялардың қор нарығына шығуы жеңілдетілді – ҚНРДА
• Капитал нарығының даму бағдарламасы: компаниялар мен инвесторлар үшін не өзгерді – ҚНРДА
• Қалайша листинг компаниясы болуға болып, қаржыландыруды тартуға болады – KASE
• Бағалы қағаздардың андеррайтингісі деген не: функциялар мен түрлері – fbroker.kz
• ІРО деген не және ол не үшін керек – fbroker.kz