Қазақстандағы инвестицияларға салынатын салық: инвестор нені білуі керек

2 қараша 2026, 10:21

Инвестор акциялармен, облигациялармен немесе ETF-пен сауда жасағанда, бір сәтте міндетті түрде: «Осыдан түскен табысқа салық төлеуім керек пе?» деген сұрақ туындайды. Мұнда біржақты «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру мүмкін емес. Барлығы табыстың түріне, бағалы қағаздың санатына, сондай-ақ оның қай жерде және қалай сатылғанына байланысты. Қазақстандағы инвестор қандай жағдайларда салық төлеуге міндетті болатынын, брокер нені атқаратынын, ал қандай міндеттерді тек салық төлеушінің өзі орындауы керегін қарастырамыз.

Материал тек ақпараттық мақсатта ұсынылған және инвестициялық ұсыным болып саналмайды. Инвестициялау қашанда капиталды жоғалту тәуекелімен байланысты.


Freedom Инвестиции клиенттің өзі декларациялайтын инвестициялық кірісі бойынша салық агентінің міндетін атқармайды және салық салу мәселелері бойынша консультация бермейді. Нақты ақпарат алу үшін Қазақстан Республикасының салық органдарына немесе тәуелсіз салық сарапшыларына жүгінуге кеңес береміз.

Инвестор қандай жағдайларда салық төлеуге міндетті болуы мүмкін?

Жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу міндеттемесі бес мынадай негізгі жағдай:

• акциялардан дивиденд алған кезде;
• облигациялардан купондық табыс алған кезде;
• бағалы қағаздарды пайдамен сатқан кезде (құн өсімінен түскен табыс);
• шетелдік активтермен операциялар жасағанда: шетелдік бағалы қағаздарды сатып алғанда, сатқанда немесе жай ғана иеленгенде; 
• декларация тапсыру қажет болған жағдайда, яғни жыл қорытындысы бойынша төленуге тиіс салық болмаса да, салық декларациясын ұсыну міндеті туындауы мүмкін.

Маңызды: «Қазақстандағы инвестор салық төлемейді» немесе «әрдайым салық төлейді» деген әмбебап жауап жоқ. Салық салу тәртібі алынған табыстың түріне, қолданылатын салықтық жеңілдіктерге, салық резиденттігі еліне және басқа да мән-жайларға байланысты.

Инвесторларға салықтық жеңілдіктер салық салынатын жалпы табыс сомасын салықтан босатылған табыс мөлшеріне азайту арқылы беріледі. Басқаша айтқанда, мұндай табыстарды ЖТС бойынша декларацияда көрсету қажет. Содан кейін декларацияның тиісті жолдарына салық салудан босатылған табыс сомаларын енгізу керек. Бұл салық салынатын табысты түзету деп аталады. Ол салық төлеушінің салық салынатынына немесе салынбайтынына қарамастан, барлық табысын ЖТС бойынша декларацияда көрсетуі және салықтық жеңілдікті пайдалану құқығын ресми түрде іске асыруы үшін қажет.

Мұндай табысты ЖТС бойынша декларацияда көрсетпеу салық заңнамасын бұзу болып саналады және әкімшілік айыппұл салуға немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Кіріс түрі Бұл дегеніміз не Салық салудың жалпы тәсілі *
Дивидендтер Компанияның акционерлер арасында бөлетін пайдасының бір бөлігі Салықтан босату көзделмесе, ЖТС салынады: бір жылдағы салық салынатын дивидендтердің 230 000 АЕК шегіндегі сомасына — 5%, ал осы шектен асатын бөлігіне — 15%. Егер дивидендтер есептелген күні акциялар Қазақстан қор биржасының ресми тізіміне енгізіліп, сауда-саттық талаптарына сай болса, оларға ЖТС салынбайды. Атап айтқанда, Қазақстан қор биржаларында күнтізбелік бір ай ішінде жалпы сомасы кемінде 25 млн теңгені құрайтын 50 немесе одан да көп мәміле жасалуы қажет. Бұған қоса, акциялар IPO немесе SPO арқылы орналастырылуы керек. Немесе эмитент кері сатып алған акцияларды есептемегенде, орналастырылған акциялардың кемінде 10%-ы еркін айналымда болуы тиіс. Көрсеткіштерді KASE-нің салық салу мақсаттарына арналған деректерінен тексеруге болады.
Купон кірісі Облигациялар эмитентінің инвесторға төлейтін пайыздық кірісі Салықтық жеңілдік болмаса, ЖТС мөлшерлемесі — 10%, ал жалпы тәртіп бойынша 8 500 АЕК шегінен асатын сомаға — 15%. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған эмитенттердің борыштық бағалы қағаздары, сондай-ақ сыйақы есептелген күні Қазақстан қор биржаларының ресми тізіміне енгізілген бағалы қағаздар салықтан босатылады.
Құн өсімі Бағалы қағазды сату (өтеу) бағасы мен бастапқы құнының арасындағы айырма Салықтық жеңілдік болмаса, жылдық салық салынатын табыстың 8 500 АЕК шегіндегі бөлігіне — 10%, ал осы шектен асатын бөлігіне — 15% ЖТС салынады. Бағалы қағаздар Қазақстан қор биржасының тізіміне енгізіліп, сол биржада ашық сауда-саттық арқылы сатылса, оларды сатудан түскен табыс ЖТС-тан босатылады. Салықтық жеңілдік мемлекеттік бағалы қағаздарға, агенттік облигацияларға, сондай-ақ ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларына да қолданылады. Қазақстан Республикасы резиденттерінің акциялары мен борыш бағалы қағаздары бойынша жеңілдікті қолдану үшін оларды үш жылдан астам уақыт иелену және жер қойнауын пайдалану саласына қатысты шектеулерді сақтау қажет.

* Материал Қазақстан Республикасының салық резиденттері болып табылатын және кәсіпкерлік қызметтен тыс инвестиция құятын жеке тұлғаларға арналған. Жоғарыда көрсетілген мөлшерлемелер мен талаптар 2026 жылғы табыстарға қатысты және Қазақстан Республикасы Салық кодексінің, оның ішінде 363, 387, 400, 417, 430 және 436-баптарының негізінде берілген. 2026 жылы 2025 жылға арналған декларацияны тапсырған кезде тиісті есепті кезеңде қолданыста болған нормалар басшылыққа алынады. Нормалардың өзектілігін материал жарияланған күні және инвестор операция жасаған күн бойынша тексеру қажет.

Бағалы қағаздардан түсетін табысқа салық салу

Дивидендтер

Инвестор үшін дивиденд — акцияны сатып алу-сату нәтижесінен бөлек, дербес табыс түрі. Оған салық салудың жеке тәртібі қолданылады.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Ол дивидендтерге арналған жеке прогрессивті ЖТС мөлшерлемелерін белгіледі: 2026 жылғы салық салынатын дивидендтердің жылдық 230 000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) шегіндегі сомасына — 5%, ал осы шектен асатын бөлігіне — 15%. Бұл шекті есептеу үшін тиісті жылдың 1 қаңтарындағы АЕК мөлшері қолданылады. Сонымен қатар, Қазақстан қор биржаларының ресми тізіміне енгізілген бағалы қағаздар бойынша дивидендтерге салықтық жеңілдік қарастырылған. Ол үшін акциялар дивиденд есептелген күні биржаның ресми тізімінде болуы және Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген күнтізбелік жыл ішіндегі белсенді сауда-саттық өлшемшарттарына сай келуі керек. AIX құралдарына қатысты АХҚО туралы заңнаманың жекелеген нормалары да ескеріледі.

Егер дивидендтерді қазақстандық эмитент төлесе және салықтық жеңілдік қолданылмаса, дивиденд төлеу кезінде салықты салық агенті ретінде эмитент ұстап қалады. Алайда 270.00 үлгісі бойынша, мысалы, бір жыл ішінде алынған дивидендтердің жалпы сомасы белгіленген шектен асса немесе декларация тапсыруға басқа да негіздер болса, декларация тапсыру қажеттілігі сақталуы мүмкін. Өз бетінше салық салынуға жататын дивидендтер бойынша салық міндеттемелерін инвестордың өзі орындайды.

Құн өсімінен түсетін кіріс

Салық кезеңіндегі құн өсімі немесе залал бағалы қағазды сату бағасы мен оның бастапқы құнының арасындағы айырма ретінде айқындалады. Қысқа (short) мәмілелерде бұл — позицияны жабу және ашу бағаларының арасындағы айырма.  Құн өсімінен түскен табыс немесе залал FIFO (first in – first out, «бірінші сатып алынған бағалы қағаз бірінші сатылады») қағидаты бойынша есептеледі. Заңнамада осы әдіс жалғыз қолданылатын әдіс ретінде бекітілген. Бұл бағалы қағаздар сатып алынған ретімен есептен шығарылатынын білдіреді. Басқаша айтқанда, олардың бастапқы құнын анықтаған кезде орташа өлшенген баға емес, әр бағалы қағаздың нақты сатып алынған кездегі тарихи бағасы қолданылады. 

Құн өсімінен түскен кірісті мынадай операциялар:

• жеңілдіктер қолданылатын бағалы қағаздардан (БҚ)
• басқа бағалы қағаздардан алуға болады

Жеңілдетуге мыналар жатады:

• сату кезінде Қазақстан қор биржаларының (Astana International Exchange (AIX) және Kazakhstan Stock Exchange (KASE)) ресми тізімдеріне енгізілген бағалы қағаздар;
• мемлекеттік облигациялар;
• агенттік облигациялар;
• ашық және аралық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары; 
• АХҚО-да тіркелген заңды тұлғалардың акциялары.

Қалған бағалы қағаздар бойынша салықтық жеңілдіктер қарастырылмаған.

Салықтық жеңілдіктер қолданылатын бағалы қағаздарды сатудан түскен құн өсімінен алынған табыс салық салынатын табысты түзету арқылы салықтан босатылады. Ол үшін салық декларациясында осындай бағалы қағаздар бойынша құн өсімінен түскен табысты көрсетіп, содан кейін арнайы жолдарда осы соманы салық салынатын табыстан шегеру қажет.

Бағалы қағаздарды сатудан түскен нәтиже оң немесе теріс болуы мүмкін. Бағалы қағаздарды сатудан болған залал (теріс мән) сол салық кезеңінде сол санаттағы бағалы қағаздарды сатудан түскен пайданы (оң мән) азайтады. Егер есепті кезеңде тиісті санаттағы бағалы қағаздармен жасалған барлық мәмілелердің нәтижесінде залал туындаса, ол келесі салық кезеңдеріне ауыстырылмайды.

Салықтық жеңілдіктер қолданылатын және қолданылмайтын бағалы қағаздармен жасалған операциялардың нәтижелері бөлек есептелетінін атап өткен жөн. Егер салықтық жеңілдіктер қолданылатын бағалы қағаздар бойынша залал туындаса, оны жеңілдіктер қолданылмайтын бағалы қағаздармен жасалған операциялардан түскен пайданы азайту үшін пайдалануға болмайды. 

Бағалы қағаздардың бастапқы құнына мыналар кіреді:

• бағалы қағазды сатып алу бағасы және оны сатып алғаны үшін қазақстандық брокерге төленген комиссия (сатқаны үшін төленген комиссия есепке алынбайды). Опцион арқылы сатып алынған бағалы қағаздар үшін — орындау бағасы мен опцион сыйлықақысы;

• активті беру құжатында көрсетілген құны (егер бағалы қағаздар компания мүлкін бөлу кезінде алынған болса);

• декларацияда бұған дейін көрсетілген немесе салық агенті арқылы алынған табыс сомасы (егер бағалы қағаздар табыс ретінде берілсе);

• өтелетін берешек сомасы (егер бағалы қағаздар берешекті өтеу есебінен алынған болса);

• бұрын табыс құрамында есепке алынған құны (егер бағалы қағаздар өтеусіз алынған болса);

• бағалы қағаздарды алған кездегі нарықтық құны (егер олар мұрагерлік тәртіппен немесе қайырымдылық көмек ретінде берілсе).

Бағалы қағаздардың бастапқы құны міндетті түрде құжаттармен расталуы керек. Құжаттар болмаған жағдайда, олардың бастапқы құны нөлге тең деп есептеледі.  

Сондай-ақ бағалы қағаз эмитенті офшорлық аймақта тіркелген болса, оның бастапқы құны қашанда нөлге тең болады.  

Бағалы қағаздарды сату немесе жарғылық капиталға беру кезінде олардың құны бірінші болып түскен бағалы қағаздар бойынша айқындалады.

• «Жеңілдіктер қолданылмайтын» бағалы қағаздар – сатудан түскен кірісі салықтан босату талаптарына сәйкес келмейтін бағалы қағаздар. Оларды сатудан түскен табысқа жалпы тәртіппен жеке табыс салығы (ЖТС) салынады. Бағалы қағаздың биржалық тізімде болмауы оны салықтық жеңілдіктер қолданылмайтын бағалы қағаздарға жатқызу үшін жеткіліксіз: салықтық жеңілдіктерді қолданудың басқа да негіздерін тексеру қажет.

FIFO әдісі: есептеу мысалы

Инвестор алдымен әрқайсысын 1 000 теңгеден 100 акция, кейін әрқайсысын 1 200 теңгеден тағы 100 акция сатып алды делік. Біраз уақыттан соң ол 150 акцияны әрқайсысын 1 400 теңгеден сатты.  Бағалар шартты түрде алынған. Есептеуді жеңілдету үшін бұл мысалда комиссиялар ескерілмейді.

FIFO әдісі бойынша сату кезінде алдымен бірінші сатып алынған 100 акция, содан кейін екінші сатып алу кезінде алынған 50 акция есептен шығарылады. Олардың бастапқы құны:  100 × 1 000 + 50 × 1 200 = 160 000 теңге. Сатудан түскен сома:  150 × 1 400 = 210 000 теңге.  Мәміле нәтижесі:  210 000 − 160 000 = 50 000 теңге. Қалған 50 акция әзірге сатылмағандықтан, бұл есепке кірмейді.  Мәміле нәтижесіне салық салынуы салықтық жеңілдікті қолдану құқығының бар-жоғына байланысты.

Облигацияларға инвестиция салу кезіндегі салықтар

Купон кірісі

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған эмитенттердің борыш бағалы қағаздары, сондай-ақ сыйақы есептелген күні Қазақстан қор биржаларының ресми тізіміне енгізілген бағалы қағаздар бойынша купондық табыс жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Сондықтан облигацияның биржалық тізімде болмауының өзі купондық табысқа салық салуға негіз болмайды. Егер салықтан босатудың ешбір негізі қолданылмаса, табысқа жалпы тәртіппен, жалпы прогрессивті мөлшерлеме бойынша салық салынады. Бұл мөлшерлеме жалпы салық салу шкаласына жататын өзге де табысқа қолданылады.

Облигациялардың нақты шығарылымының мәртебесін купон есептелген күнге, сондай-ақ төлем кезінде салықты салық агентінің ұстап қалатынын бағалы қағаздардың эмиссиялық құжаттары мен төлем жасалған күні қолданыста болатын Салық кодексінің нормаларына сәйкес нақтылау қажет.
Freedom Инвестиции компаниясының сарапшылары қарастыратын облигациялар топтамасымен мына бөлімде танысуға болады: «Облигация идеялары».

Облигацияны өтеу мерзіміне дейін сату

Егер инвестор облигацияны өтеу мерзімі келгенге дейін қайталама нарықта сатса, мәміле нәтижесі сату бағасы мен бағалы қағаздың бастапқы құны арасындағы айырма ретінде айқындалады. Бұл ретте акцияларға қолданылатын қағидалар басшылыққа алынады: салықтық жеңілдікті қолдану құқығы бағалы қағаздың түрі мен мәміле талаптарына қарай айқындалады, FIFO әдісі қолданылады, ал пайда мен залал әр топ бойынша бөлек есептеледі.

Есептеу кезінде инвестор мәміле барысында қарсы агенттен алатын немесе оған төлейтін жинақталған купондық кіріс (ЖКК) туралы мәліметтерді де ескеру қажет. Купон бойынша есептелген сомалар мен бағалы қағаздың өзіне қатысты есеп айырысуларды ажырата білу маңызды: оларды тексермей бір табыс сомасына біріктіруге болмайды.

Облигацияны өтеу

Облигацияны эмитент өтеген кезде өтеу сомасы (әдетте, номиналды құны) мен бағалы қағаздың бастапқы құны арасындағы айырма да құн өсімінен түскен табысты айқындау кезінде ескеріледі. Бұл ретте салықтан босату құқығын бөлек тексеру қажет: бағалы қағаз биржаның ресми тізіміне енгізілгені үшін ғана оны өтеу кезінде ашық сауда-саттық арқылы сату операцияларына арналған салықтық жеңілдікті автоматты түрде қолдануға болмайды. Сату кезіндегідей, төлемнің купондық бөлігі негізгі борышты өтеу сомасынан бөлек есептеледі және оған сыйақыға қатысты салық салу қағидалары қолданылады.

Шетелдік бағалы қағаздар мен шетелдік активтер

АҚШ, Еуропа және Азия қор биржаларына шыққан кезде қазақстандық инвестордың салықтық міндеттемелеріне тағы бір деңгей қосылады.

• Шетелдік бағалы қағаздардан түсетін кіріс. Шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздары бойынша алынған дивидендтер, купондық табыс және құн өсімінен түскен табыс инвесторға Қазақстанда салықты өз бетінше есептеу және декларация тапсыру міндетін жүктеуі мүмкін. Табыстың әрбір түрі бойынша салықтан босатуға негіз бар-жоғын жеке тексеру қажет.

Табыс көзі орналасқан ел өз салығын ұстап қалуы мүмкін. Мысалы, АҚШ-тың салық резиденттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға АҚШ аумағынан алынған табысқа 30% мөлшерлеме бойынша салық салынады. Бұл, атап айтқанда, америкалық эмитенттердің бағалы қағаздары бойынша төленетін дивидендтер мен купондық табысқа қатысты. W-8BEN үлгісін тапсырсаңыз, мұндай табысқа салықтың азайтылған мөлшерлемесін қолдану құқығына ие бола аласыз. Нақты мөлшерлеме салық резиденті болып табылатын еліңізге байланысты. Алайда W-8BEN үлгісі салықтың төленгенін растамайды және Қазақстандағы салық төлеу міндетін алмастырмайды.

АҚШ заңнамасына сәйкес салықтың ұсталғанын растау үшін 1042-S үлгісі қолданылады. Онда инвестордың АҚШ көздерінен алған табысы, атап айтқанда, дивидендтер, купондық табыс және осыған ұқсас төлемдер көрсетіледі. Бұл ретте үлгіде төлемдердің әрбір түрі бойынша табыстың жиынтық сомасы ғана көрсетіледі, жекелеген эмитенттер бойынша егжей-тегжейлі ақпарат берілмейді. Мұндай мәліметтерді брокерлік есептен алуға болады.

1042-S үлгісі АҚШ азаматтығы, резиденттігі немесе салық резиденттігі жоқ инвесторларға ресімделеді. Жеке үлгіде клиентте есепті күнге W-8BEN үлгісі қолданыста болған табыс қана көрсетіледі.

Маңызды: Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, шетелде төленген салықты Қазақстандағы жеке табыс салығы (ЖТС) есебіне жатқызу үшін тиісті елдің салық органы берген және оның уәкілетті тұлғасы қол қойған салықтың төленгенін растайтын құжат қажет. 1042-S үлгісі бұл талапқа сәйкес келмейді. Сондықтан оны АҚШ-та ұсталған салық сомасына Қазақстандағы жеке табыс салығын (ЖТС) азайту үшін пайдалануға болмайды.

• Шетелдегі активтер. Егер есепті жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша инвестор-резиденттің меншігінде шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздары болса, бұл олар бойынша жыл ішінде табыс алынған-алынбағанына қарамастан, декларация тапсыруға негіз болады. Бұл ретте жекелеген жағдайларда активтер мен міндеттемелер туралы бастапқы декларацияны (250.00 үлгісі) тапсыру қажет болады. Шетелдік акциялардың болуы әрдайым 270.00 үлгісі бойынша декларация тапсыруды білдірмейді. Егер шетелдік банктердегі шоттарда жыл соңындағы жиынтық қалдығы 1 000 АЕК-тан асса, ондағы қаражат та декларация тапсыруға негіз болады.

• Сақтауға ұсынылатын құжаттар. Әр жылға брокерлік есептер мен шетелдік шоттан алынған үзінді көшірмелерді, бағалы қағаздарды сатып алу және сату туралы растау құжаттарын, есептелген дивидендтер мен купондық табыс туралы мәліметтерді, сондай-ақ кейіннен шетелде төленген салықты есепке жатқызу қажеттілігі туындауы мүмкін екенін ескере отырып, шетелде ұсталған салықты растайтын құжаттарды (мүмкіндігінше) сақтау қажет.

Бұл мәселеде барлығына бірдей қолданылатын біржақты қорытынды жасаудан аулақ болған жөн. Салықтық міндеттемелердің құрамы активтің түріне, эмитенттің еліне және табыс сомасына байланысты. Сондықтан нақты жағдайды қолданыстағы заңнама нормаларымен салыстырып тексеру немесе салық консультантымен талқылау қажет.

Декларация 270.00: кто сдаёт и в каких случаях

270.00 үлгісі — «Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларация». Бұл — 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бұрынғы 240.00 үлгісін алмастырған жыл сайынғы декларация. Енді онда бағалы қағаздармен жасалған операциялардан түскен кіріс, шетелдік активтер туралы мәліметтер және бұған дейін есептіліктің әртүрлі үлгілерінде көрсетілген өзге де деректер қамтылады.

Материал дайындалған күнгі жағдай бойынша 270.00 үлгісін мына тұлғалар тапсырады:

• бір жыл ішінде кәсіпкерлік қызметтен тыс, өз бетінше салық салынуға жататын табыс алған жеке тұлғалар. Мысалы, төлем көзінен салық ұсталмаған дивидендтер немесе құн өсімінен түскен табыс, оның ішінде шетелдік көздерден алынған табыс;

• есепті жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 417-бабында көрсетілген мүлікке иелік ететін жеке тұлғалар. Олардың қатарына шетелдік бағалы қағаздар, шетелдегі жылжымайтын мүлік және шетелдік компаниялардағы қатысу үлестері жатады. Бұл талап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру міндетін орындайтын тұлғаларға қолданылмайды;

• жыл соңындағы жағдай бойынша шетелдік банктердегі шоттарында жиынтық сомасы 1 000 АЕК-тан асатын қаражат бар жеке тұлғалар;

• Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 417-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген талаптарға сәйкес келетін заңды тұлғалар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), оның ішінде жарғылық капиталдағы үлесі (акциялары) 10%-дан асатын тұлғалар, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын жұбайлары. Коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларына (қатысушыларына) бұл талап қолданылмайды;

• сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, банк қызметі, сақтандыру қызметі және бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамаға сәйкес декларация тапсыруға міндетті тұлғалар;

• бір жыл ішінде 230 000 АЕК-тан асатын мөлшерде дивиденд алған немесе жалпыға бірдей белгіленген мөлшерлеме бойынша салық салынатын 8 500 АЕК-тан асатын табыс алған жеке тұлғалар. Екінші шекке қатысты ерекшелік бар: егер табыстың жалғыз көзі салық агенті жоғары мөлшерлеме бойынша ЖТС ұстап қалған жұмыскердің табысы болса, декларация тапсыру міндеті туындамайды.

• бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көрсетілген мүлікті, оның ішінде бағалы қағаздарды, жалпы сомасы 20 000 АЕК-тан асатын мөлшерде сатып алған жеке тұлғалар. Бұл талап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру міндетін орындайтын тұлғаларға қолданылмайды;

• жыл соңындағы жағдай бойынша меншігінде цифрлық активтері бар жеке тұлғалар.

Декларация тапсыру үшін аталған негіздердің біреуі болса жеткілікті. Көрсетілген шекті мөлшерден төмен табыс алу өздігінен декларация тапсыру міндетінен босатпайды. 270.00 үлгісін тапсыруға негіз болатын жағдайлардың толық әрі өзекті тізбесін, оның ішінде АЕК-пен белгіленген шекті сомалар мен олардың тиісті жылдағы теңгемен есептелген баламасын Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтынан немесе eGov.kz порталынан нақтылаған жөн. Себебі декларация тапсыруға міндетті тұлғалар санаттары мезгіл-мезгіл өзгеріп отырады.

Мерзімдер: Декларация есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тапсырылады. Декларация бойынша есептелген жеке табыс салығын (ЖТС) белгіленген тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейінгі күнтізбелік он күн ішінде, әдетте 25 қыркүйектен кешіктірмей төлеу қажет. 2026 жылы 2025 жылдың қорытындысы бойынша декларация тапсырылады. 2026 жылғы кіріске қолданылатын мөлшерлеме мен талаптарды өткен жылғы операцияларға автоматты түрде қолдануға болмайды.

Үлгіні толтыру үшін 270.00 декларациясын дайындау жөніндегі бейненұсқаулық көмектеседі. Бейнеде көрсетілген декларация үлгісінің сіздің есепті жылыңызға сәйкес келетінін тексеріңіз: декларацияны толтыру қағидалары мен оның жолдары өзгеруі мүмкін.

Инвестор брокерден қандай құжаттарды ала алады

• Салық декларациясына арналған есеп:

– Freedom Finance Global PLC клиенттері үшін: https://fbroker.kz/taxreport  
– «Фридом Финанс» АҚ клиенттері үшін: https://almaty-ffin.kz/taxreport

• Брокерлік есеп – таңдалған жылдағы мәмілелер мен есептелген кіріс туралы жиынтық деректер. Олар декларацияны толтыруға дайындалуға көмектеседі.

Егер бағалы қағаздарды бір брокерден екіншісіне аударған болсаңыз, оларды сатып алған күндер мен құны көрсетілген бұрынғы брокердің құжаттарын сақтаңыз. Бағалы қағаздардың ағымдағы қалдығы туралы үзінді көшірме оларды сатып алу тарихын алмастырмайды.

Маңызды: декларацияны толтыру және тапсыру — салық төлеушінің міндеті. Ақпараттық есеп қажетті деректерді жинақтауға көмектеседі, алайда ол декларацияны алмастырмайды және салық міндеттемелерінің орындалғанын растамайды. Егер есепте сәйкессіздіктер болса, инвестор операцияларды растайтын құжаттармен салыстырып тексеруі қажет. Сондай-ақ брокер салық органының сұрауы бойынша бағалы қағаздармен жасалған мәмілелер туралы мәліметтерді ұсынады. Алайда бұл клиенттің декларация тапсыру міндетін алмастырмайды.

Брокерлік құжаттар мен салық есептілігіне қатысты басқа да практикалық сұрақтардың жауаптары Freedom Инвестициялар-дың анықтама орталығында мына бөлімде жинақталған.

Мысал: инвестор декларацияны толтыруға дайындалмас бұрын қандай деректерді жинауы керек?

Қазақстанның салық резиденті 2026 жылға арналған декларацияны дайындап жатыр делік. Осы кезеңде ол акцияларының бір бөлігін сатты, дивидендтер мен купондық табыс алды, сондай-ақ шотында шетелдік бағалы қағаздары қалды. Оған қандай деректер қажет екенін қарастырайық. Бұл — оқу мақсатындағы мысал: сома шартты, бағалы қағаздардың баға белгіленімдерін, брокер тарифтерін немесе нақты клиенттің нәтижелерін көрсетпейді.

Акцияларды сату. Инвестор бағалы қағаздарды сатудан 1 200 000 теңге алды. Ол оларды бір жолғы мәмілемен 1 000 000 теңгеге сатып алып, сатып алу кезінде 5 000 теңге комиссия төледі. Мәміле нәтижесі: 1 200 000 − 1 000 000 − 5 000 = 195 000 теңге.

Есептеу үшін бағалы қағаздарды сатып алу, сатып алу комиссиясы және сату туралы құжаттар қажет. Сатып алу өткен жылы жүзеге асырылса да, бұл құжаттарды сақтау керек. Содан кейін инвестор салықтық жеңілдікті қолдану талаптарының орындалуын тексереді. Мысалы, KASE бойынша жеңілдік алу үшін акция сатылған күні қор биржасының ресми тізімінде болуы және ашық сауда-саттық әдісімен сатылуы қажет. Егер салықтық жеңілдік қолданылмаса, 195 000 теңге жыл ішіндегі жеңілдік қолданылмайтын бағалы қағаздар бойынша жалпы нәтижені есептеу кезінде ескеріледі.

Дивидендтер. Бір жыл ішінде инвесторға 200 000 теңге дивиденд есептелді. Ол бұл соманы акцияларды сатудан түскен табыстан бөлек көрсетеді. Егер дивидендтің бүкіл сомасына салық салынса, жыл ішінде басқа дивидендтер алынбаса және 5% мөлшерлеме қолданылса, есептеу мынадай болады: 200 000 × 5% = 10 000 теңге.

Купондар. Инвестор Қазақстан заңнамасына сәйкес құрылған компанияның облигацияларынан 50 000 теңге алды. Мұндай сыйақы ЖТС-тан босатылады. Ол салықтық жеңілдікті қолдану негізін растау үшін купондық төлем мен облигациялар шығарылымы туралы мәліметтерді сақтайды. Бұл 50 000 теңгені дивидендтермен де, акцияларды сатудан түскен нәтижемен де біріктіруге болмайды.

Шетелдік акциялар. 31 желтоқсанда инвестордың меншігінде америкалық компанияның акциялары қалды. Бір жылда ол бұл акцияларды сатпаған және олар бойынша төлем алмаған. Бұл сатудан түскен табыс болып саналмайды, алайда мұндай бағалы қағаздарға иелік ету мүлік туралы декларация тапсыруға негіз болады. Инвестор жыл соңындағы бағалы қағаздар қалдығы көрсетілген үзінді көшірмені алып, 250.00 және 270.00 үлгілеріне қатысты талаптарды ескере отырып, қай декларацияны тапсыруы керегін тексереді. Акциялар бойынша төлемдер болмауы инвесторды декларация тапсыру міндетінен босатпайды.

Нәтижесінде инвестор 2026 жылға арналған брокерлік есепті, сатылған акцияларды бастапқы сатып алу құнын растайтын құжаттарды, дивидендтер, купондар және ұсталған салық туралы мәліметтерді, сондай-ақ жыл соңындағы шетелдік бағалы қағаздар бойынша үзінді көшірмені жинайды. Енді оның есептеуге қажетті деректері бар: сатудан түскен 195 000 теңге, дивиденд түріндегі 200 000 теңге және купон түріндегі 50 000 теңге.

Оларды бір сомаға қосып, бірыңғай мөлшерлемеге көбейтуге болмайды: Әр табыс түріне қатысты өз талаптары бар. Декларацияны тапсырмас бұрын инвестор 2026 жылға арналған есептілік бойынша қолданыстағы талаптар мен мерзімдерді тексереді.

Инвесторлар жиі жіберетін қателер

• Ескірген қағидаларды басшылыққа алу. Қазақстанда салық заңнамасы тұрақты түрде өзгеріп отырады. 2026 жылдан бастап мүлде жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Бір-екі жыл бұрын қолданыста болған талаптар қазір күшін жоюы немесе өзгеруі мүмкін.

• Брокерлік құжаттарды сақтамау. Өткен жылдардың есептерін кейіннен қалпына келтіру, әсіресе шот жабылған немесе брокер ауысқан жағдайда қиын болуы мүмкін.

Маңызды: Freedom Инвестиции платформасында барлық есепті онлайн көруге болады және оларды сауда платформасынан, оның ішінде өткен кезеңдер үшін де жүктеп алуға болады.

• Инвестициялық кірістің барлық түрін бірдей деп қарастыру. Дивидендтерге, купондық табысқа және құн өсімінен түскен табысқа әртүрлі ережелер мен мөлшерлемелер қолданылады. Сондықтан оларды есептеу кезінде бір табыс түрі ретінде қарастыру дұрыс емес.

• Шетелдік активтерді ескермеу. Нақты табыс алынбаса да, жыл соңында шетелдік бағалы қағаздарға иелік ету оларды декларацияда көрсету міндетін туындатуы мүмкін.

• Құн өсімінен түскен табысты сатудан түскен жалпы сомамен шатастыру. Салық салынатын табыс — бағалы қағазды сату бағасы мен сатып алу бағасының арасындағы айырма (комиссия сияқты жекелеген түзетулерді ескере отырып), сатудан алынған жалпы сома емес.

• Ресми емес дереккөздердегі ақпаратты тексермей пайдалану. Форумдар, блогтар мен әлеуметтік желілердегі жазбалар идея көзі болуы мүмкін. Алайда шешім қабылдау үшін сандар мен қағидаларды Салық кодексімен және салық органдарының ресми түсіндірмелерімен салыстырып тексеру қажет.

Жиі қойылатын сұрақтар

Ақша брокерлік шотта қалса, келіп түскен пайданы декларациялау қажет пе?

Иә. Егер бағалы қағаздар пайдамен сатылса, ал ақша банктік шотқа шығарылмаса да, бұл салық міндеттемелерін жоймайды. Түскен қаражатқа басқа акцияларды сатып алу да алдыңғы сатылым нәтижесін өзгертпейді. Есептеу кезінде ақшаны шоттан шығару сомасы емес, жасалған мәмілелер мен қолданылатын салықтық жеңілдіктер ескеріледі.

Әлі сатылмаған акциялар құнының төмендеуін пайданы есептеу кезінде шегеруге бола ма?

Жоқ. Портфелдегі акциялар бағасының төмендеуі өздігінен сатудан болған залал болып саналмайды. Мысалы, инвестор сатылған бағалы қағаздардан 100 000 теңге пайда тапты, ал портфеліндегі басқа акциялардың құны 70 000 теңгеге төмендеді делік. Бұл акциялар сатылмайынша, пайданы 30 000 теңгеге дейін азайтуға болмайды. Сатылғаннан кейін залалды есепке алу мүмкіндігі салық кезеңіне және бағалы қағаздардың қай топқа жататынына — салықтық жеңілдік қолданылатын немесе қолданылмайтын топқа — байланысты.

Freedom Broker платформасындағы пайда сомасы ақпараттық салық есебіндегі сомадан неге ерекшеленеді?

Себептердің бірі — сатып алу құнын есептеу тәсілдерінің әртүрлі болуы. Freedom Broker мәмілелер есебінде орташа өлшенген баға қолданылады, ал салықтық есептеуде FIFO әдісі пайдаланылады: алдымен сатып алынған бағалы қағаздар бірінші болып есепке алынады. Егер сіз бір компанияның акцияларын әртүрлі бағамен бірнеше рет сатып алсаңыз, есептеу нәтижелері өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан сауда есебіндегі пайда көрсеткішін тексермей декларацияға көшіруге болмайды.

Егер мен шетелдік акцияларды қазақстандық брокер арқылы сатып алсам, олар шетелдік активтер болып санала ма?

Иә. Бұл ретте акцияны қай брокер арқылы сатып алғаны емес, эмитенттің қай елде тіркелгені маңызды. Егер компания Қазақстаннан тыс жерде тіркелген болса, оның акциялары қазақстандық биржада сатып алынғанның өзінде шетелдік бағалы қағаздар болып саналады. Оларға 31 желтоқсанда иелік ету декларация тапсыруға негіз болады. Бұл ретте табысты салықтан босату мен акциялардың бар екені туралы мәліметті декларацияда көрсету — екі бөлек мәселе.

Дереккөздер мен пайдалы материалдар

• Мемлекеттік кірістер комитеті: 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚР Салық кодексі
• Салық салу мақсаттары үшін KASE сауда-саттық нәтижелері
• KASE: салықтық жеңілдіктер берілетін бағалы қағаздар санаттарының тізбесі
• Freedom Инвестициялар қолдау орталығы
• Freedom Инвестиции ақпараттық есебінің көмегімен 270.00 үлгісін толтыру жөніндегі бейненұсқаулық

 

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, Достық көшесі, 16-ғимарат, кіріктірілген тұрғын емес №2 үй-жай (Talan Towers Offices)

+7 7172 67 77 55  - Қазақстанның қалалық нөмірлерінен тегін, халықаралық және ұялы телефондардан - қоңырау ақылы

(+7 727 3557555 – қосымша)

7555  - Қазақстанның мобильді операторларынан тегін [email protected], [email protected]

Алаяқтық әрекеттер немесе осы ресурстың қорғалу мәселелері туралы хабарлау: fbroker.kz/trustcenter

Бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарына иелік ету әрдайым тәуекелдермен келеді: бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының құны өсуі де, төмендеуі де мүмкін. Бұрынғы инвестициялау нәтижелері болашақта кіріс алуға кепілдік бермейді. Заңнамаға сәйкес, компания болашақта салымдардың кірістілігіне кепілдік бермейді және уәде бермейді, мүмкін инвестициялардың сенімділігіне және мүмкін кірістер мөлшерінің тұрақтылығына кепілдік бермейді

«Freedom Finance Global PLC» жария компаниясы Қазақстан Республикасындағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (әрі қарай мәтін бойынша-АХҚО) аумағында бағалы қағаздар нарығында брокерлік (агенттік) қызмет көрсетеді. Компания АХҚО қолданыстағы заңнамасының талаптарын, шарттарын, шектеулерін және/немесе нұсқаулықтарын сақтаған кезде, No. AFSA-A-LA-2020-0019 лицензиясына сәйкес қызметтің келесі реттелетін түрлерін жүзеге асыруға уәкілетті: принципал ретінде инвестициялармен жасалатын мәмілелер, агент ретінде инвестициялармен жасалатын мәмілелер, инвестицияларды басқару, инвестициялар бойынша консультация ұсыну және инвестициялармен жасалатын мәмілелерді ұйымдастыру.

S&P Global рейтингтері – «BB-», болжамы «Оң».

Бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына иелік ету үнемі тәуекелмен байланысты: бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының құны өсуі немесе төмендеуі мүмкін. Кешегі күні салған инвестицияның нәтижесі болашақта кіріс алып келетініне кепілдік бермейді. Заңнамаға сәйкес, Компания салған қаражатыңыздың болашақта кіріс алып келетініне кепілдік және уәде бермейді, ықтимал инвестициялардың сенімділігіне және ықтимал кіріс мөлшерінің тұрақтылғына кепілдік бермейді.

Веб-сайттағы ақпарат деректердің өзектілігін сақтауға және ақпаратты ашуды реттеу талаптарын орындауға бағытталған. Өтінеміз, осы жаңартулар тек ақпараттық сипатта екенін және маркетингтік материалдар емес екенін ескеріңіз!