Финансист №3 (43) 2026

Әсем Аги
Freedom Finance Global клиенттермен жұмыс жөніндегі бас менеджері
Мұнайдан кейін
Жердегі басты энергоресурстың баламасы бар ма
Кең тараған мифке қарамастан, мынаны атап өту керек: мұнай таусылып жатқан жоқ. 2024 жылдың соңында оның әлемдік дәлелденген қоры 1,57-ден 1,76 трлн баррельге дейін болды. Бұл 40 жыл бұрынғыдан екі есе дерлік көп, әрі содан бері жер қойнауынан осы шикізаттың ондаған миллиард тоннасы сорылып алынған. Демек, мәселе энергоресурстардың ұсынысында емес: бүгінгі таңда олар жеткілікті. Мәселе сұраныста, әрі мұнайдың болашағы үшін басты шайқас дәл осы жерде өрбіп жатыр.
Розетка мен бөшке
Қара алтынның негізгі баламасы ретінде көбіне жаңартылатын энергетиканы атайды, бірақ шын мәнінде ол мұнаймен бәсекелеспейді. Күн панельдері мен жел станциялары өндірілген баррельді емес, көмір мен газды ығыстырады. Мұның бәрі мұнайдың көпкомпонентті құрамға ие болуынан. ОПЕК деректері бойынша, көлік саласы оның басты тұтынушысы болып қала береді әрі әлемдік сұраныстың 60%-дан астамын қалыптастырады. Құрлық көлігі энергия тасымалдаушылардың жалпы көлемінің шамамен 46%-ын, әуе көлігі шамамен 8%-ын, ал теңіз көлігі шамамен 7%-ын тұтынады. Тағы шамамен 15% көмірсутек шикізаты пластмасса, тыңайтқыш және синтетикалық материал өндірісінде пайдаланылады. Сондықтан мұнайды қалай алмастыру міндетін әр сала өзінше шешеді.
2025 жылы қытайлық Dongfang Electric корпорациясы 55 мыңға дейін үй шаруашылығын энергиямен қамтамасыз ете алатын, қуаты 26 МВт әлемдегі ең үлкен теңіз жел генераторын орнатты
Автокөлік саласында электр қозғалтқыштары қазба отынмен жүретін моторларды шынымен ығыстырып жатыр. Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) 2035 жылға қарай электрокөліктің жаңа сатылымдағы үлесі 50%-дан асады деп болжайды. Электр жетегіндегі барлық түрдегі көліктің (жеңіл автомобиль, мотоцикл, автобус, жүк көлігі) сегментінің алдағы онжылдықта кеңеюі тәулігіне шамамен 10 млн баррель мұнай қажеттігін жояды. Жаһандық инвестициялық басымдықтар да өзгеруде. 2025 жылы энергетикаға әлемдік салым рекордтық $3,3 трлн-ға жетті (ХЭА деректері). Оның үстіне таза энергетикаға мұнай, газ және көмірге бірге алғандағыдан екі есе көп, яғни $1,1 трлн-ға қарсы шамамен $2,2 трлн тиесілі болды. Күн генерациясына инвестиция шамамен $450 млрд-ты құрады, бұл энергосаладағы күрделі шығындардың жаһандық картасындағы ең ірі жеке бап. ХЭА басшысы Фатих Бироль болып жатқанды «электр дәуірінің» келуі деп атады: небәрі 10 жыл бұрын қазба отынға электр энергетикасынан үштен бірге көп салынатын, ал бүгінде бұл арақатынас төңкерілді.
Жер үсті көлігі саласында мұнайсыз күн көрудің жолдары табылған болса, көптеген өзге салада ол баламасыз ресурс болып қала береді. Мысалы, мұнай-химияда осы басты компонентті алмастыру мүмкін емес дерлік. ХЭА деректері бойынша (Global Energy Review 2025), 2019–2024 жылдары сұйық көмірсутекке әлемдік сұраныстың бүкіл өсімін дәл мұнай-химия қамтамасыз еткен.
Жел генерациясы мұнай-химияға тәуелді. Өнеркәсіптік жел генераторының редукторы мен гидравликалық жүйесінде 300-ден 1500 литрге дейін өнеркәсіптік май пайдаланылады
Әуе және теңіз флоты да мұнай өңдеу өнімдерімен жұмыс істеуін жалғастыруда. Электр батареялары алыс рейстер үшін әзірге тым ауыр, ал экологиялық таза авиациялық жанармай, биоотын және сутек өндірісі қымбат әрі нашар масштабталады. Бұл секторларда мұнай мен мұнай өнімдері әлі ұзақ сұранысқа ие болады, ал сұраныс, сірә, өсуін жалғастырады.
Бұл әлі соңы емес
Энергетикалық көшу туралы әңгіме жиі мұнайға әлемдік сұраныс өз шыңына қашан жетіп, төмендей бастайтыны туралы сұраққа саяды. Жуырда ғана бұл шамамен 2030 жылға қарай болады деп есептелетін. Алайда соңғы жылда болжам өзгерді: енді мұнай тұтынудың шыңы небәрі 2032–2035 жылдары күтіледі.
Сонымен қатар ОПЕК сұраныстың әлсіреу белгісін көрмейді әрі 2050 жылға қарай тұтынудың тәулігіне 123 млн баррельге жуық өсуін болжайды. Америкалық Goldman Sachs (GS) инвестбанкі 2025 жылғы қарашада осы көрсеткіш бойынша өз бағдарын 2040 жылға қарай 113 млн баррельге дейін көтерді. British Petroleum (BP) мұнай-газ компаниясының базалық сценарийі мұнайдың сұранысқа ие болу шыңы 103,5 млн баррель шегінде 2030 жылдардың ортасына келеді, ал 2050 жылға қарай 83 млн-ға дейін құлдырау күтіледі деп болжайды. ХЭА есептеуінше, онжылдықтың соңына қарай мұнайға әлемдік сұраныс ең жоғары деңгейге — тәулігіне шамамен 102 млн баррельге жетеді, содан кейін өсуін тоқтатады, бұл қаржыгерлер тілінде платоға шығу деп аталады.
Осылайша, мұнай нарығының болашағының бірыңғай сценарийі әзірге жоқ: бағалаулар сұраныс шыңына жету мерзімі бойынша да, оның кейінгі төмендеу ауқымы бойынша да әртүрлі. Бұл ретте көптеген сарапшы бір пікірге келеді: өндіруді бір деңгейде ұстап тұру үшін де салаға орасан салым қажет, өйткені қолданыстағы кен орындары жылына орта есеппен 4–5%-ға сарқылады. ОПЕК бағалауынша, 2050 жылға дейін өндіру инфрақұрылымын дамытуға қажетті инвестиция $18,2 трлн-ды құрайды. Дегенмен әлемдік экономиканың мұнайға шыңдық сұранысқа жетуі бұдан кейін автоматты түрде құлдырау болады дегенді білдірмейді. Алайда «мұнайдың жақында батуы» туралы әңгімеге байланысты компаниялар өндіруге аз салуы мүмкін. Бұл ұсынысты одан сайын шектеп, баға өсіміне жағдай жасайды.
Мұнайға сұраныс бір сәтте құлдырамайтыны анық, ол түрлі салада біртіндеп алмастырыла бастайды. Ал басты өзгеріс мұнайдың нақ не үшін сұранысқа ие болып қалатынында болмақ. ХЭА бағалауынша, ағымдағы онжылдықтың соңына қарай осы шикізатты әлемдік тұтынудың алтыдан бірінен астамы полимерлер мен синтетикалық талшық өндірісіне тиесілі болады. Сондықтан мұнайдың басты мотор отыны ретіндегі рөлі біртіндеп кемитін болса да, оның өнеркәсіптік шикізат ретіндегі дәуірінің аяқталуы әлі алыс.

Дереккөз: IEA, World Energy Investment 2025