Финансист №3 (43) 2026
Нөмір қонағы. Джим Роджерс
«Маған әлі ешкімге қызық емес нәрселерді сатып алған ұнайды»
Джордж Соростың және Quantum Fund-тың серіктесі, бүкіл әлемді мотоциклмен аралап шыққан аңызға айналған инвестор инвестициялық қағидаттар, мұнай нарығы және Жер бетіндегі ең әдемі жер туралы

Суретке түсірген: Рита және Антон Смирновтар
Джим, айтыңызшы, 20 жылға жуық бұрын АҚШ-тан Сингапурға неге көшіп келдіңіз?
Мен 2007 жылы көштім, өйткені балаларымның қытай тілінде сөйлегенін қаладым. Нью-Йорк ол үшін қолайлы жер емес. Сингапурда өмір сүру өте жайлы, мұнда бәрі тиісінше жұмыс істейді.
Мансабыңыздың басым бөлігін шикізат нарығындағы инвестицияға арнадыңыз. Мұнай бағасы мен сұранысының қазіргі өсу кезеңі жаңа шикізат циклінің басы ма?
Мен шикізат тауарлары бағасының болашағына оптимизммен қараймын, өйткені болашақта көпшілік бірқатар себеппен ұсыныс мәселесіне тап болады. Ал ұсыныста қиындық туғанда, бұл әдетте мұндай активтерге қалай инвестициялау керегін білетіндерге пайда табу мүмкіндігін жасайды. Сондықтан адам шикізат нарығын шынымен түсінсе, оның ақша табуға жақсы мүмкіндігі болады.
Сіз инвесторлар бағасы төмен бағаланған активтерге назар аударуы керегін бір емес, бірнеше рет айттыңыз. Бұл неге солай? Әрі инвестицияда тағы нені ескеру маңызды?
Кез келген инвестор үшін ең бірінші ереже — тек өзіңіз шынымен түсінетін нәрсеге ғана салу. Табысты болғыңыз келсе, басқа адамдарды тыңдамаңыз, медиада не жазатынына қарамаңыз.
Сіздің ойыңызша, бүгінде инвесторларда әлемдік мұнай нарығына қатысты қандай басты жаңсақ пікір бар?
Көпшілік осы нарықта не болып жатқанын түсінеміз деп сенеді. Басты жаңсақ пікір — осы. Мұнда орасан байлық табуға болады. Бірақ бұл сіз осы саланың қалай құрылғанын, оған қандай факторлар және қалай әсер ететінін шынымен түсінген жағдайда ғана.
Егер бүгін нөлден бастасаңыз, энергетика секторына инвестициялауға қалай кірісер едіңіз?
Мұнайға инвестициялаудағы ең маңыздысы — оның ұсынысын түсіну. Адамдардың көбі сұранысты түсіне алады: мұнай әлемдегі әрбір адамға дерлік керек. Бұл тұрғыда нарық орнықты, ал оның тепе-теңдігін жеткізілімді бұзатын ірі соғыстар немесе өзге де елеулі күйзелістер ғана бұза алады шығар. Ұсыныс жағдайын түсіну соншалықты оңай емес.
Алдымен өзіңізге басты сұраққа жауап беру керек: ұсыныс тапшылығы күтіле ме? Жауапқа қарай мен салым үшін ең қолайлы құралдарды таңдар едім.
Осы нарыққа кірудің ең қарапайым нұсқасы — мұнай фьючерстерін сатып алу. Ол үшін менеджмент, саясат және басқа да көптеген саланың сарапшысы болу қажет емес. Ал егер сіз елеулі зерттеу жұмысын жүргізуге дайын болсаңыз әрі акциясы қандай да бір себеппен (жиі саяси факторларға байланысты) қатты төмен бағаланған мұнай компаниясын тапсаңыз, онда әлеуетті кірістілік фьючерстерге салғандағыдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
Мұнай тақырыбынан сәл ауытқып, тұтастай қор нарығы туралы сөйлесейікші. Бүгінде қай секторларды инвестиция үшін ең қызық деп санайсыз?
Қазіргі уақытта менің акцияларға салған инвестициям онша көп емес. Қытай қағаздары бар, Өзбекстан да бар (бұл маған қызықты, шағын дамып келе жатқан нарық). Бірақ басқа елдердің көбінде қазір акцияларым жоқ, өйткені барлық жерде дерлік инвесторлар тым оптимистік көңіл-күйде.
Бұл мені сескендіреді. Мынадай бейресми ереже бар: егер нарық тым сенімді болып көрінсе, ал инвесторлар болып жатқан жағдайға өте риза болса, онда қазір нарықта нақты не болып жатқаны және бұның арты неге әкеп соғуы мүмкін екендігі туралы ойлану керек.
Бұл қазір акция сататын кез дегенді білдіре ме?
Дөп басып айта алмаймын, бірақ қазір сатып алу үшін, әсіресе шектен тыс қымбаттаған активтерді алу үшін ең қолайлы сәт емес деп есептеймін. Мәселе мынада, жаһандық қор нарығы 2009 жылдан бері үзіліссіз дерлік өсіп келеді, ал әлемдік тарихта мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Мүмкін, «бұқалар» тренді шынымен де жалғаса берер. Президент Трамп: «Уайымдамаңыздар, бәрі тамаша болады», — дейді. Бірақ тарих көрсеткендей, барлық адамда бір уақытта бәрі жақсы болатын жағдайлар өте сирек болады. Сондықтан мен болып жатқан жағдайға белгілі бір дәрежеде күмәнмен қарап, өзіме сұрақтар қойғанды жөн көремін. Әрбір инвестор шешімді өзі қабылдауы тиіс, бірақ жеке өзім тарих сабақтарын әрдайым жадымда ұстауға тырысамын.
Қазір өзіңізге қандай сұрақтар қоясыз?
Ең басты сұрақ өте қарапайым: нарықтарға бұдан әрі өсу үшін драйверді нақ не бере алады? Акциялардың көбі қазіргі сәтте соңғы түзетулер кезеңінен бері бағасы едәуір көтерілді. Мұндай жағдайда нақты бір компанияның бұдан да қатты қымбаттауына нақты себеп бар ма, соны түсіну қажет. Мүмкін, ондай себеп бар шығар. Мысалы, корпорация жаңа алып кен орнын таба алады. Бір кездері британдықтар Солтүстік теңізде мұнай ашты, сонда мұнайшылардың акциялары күрт жоғары көтерілді.
Егер сіз бұдан әрі өсуге осындай елеулі әлеуеті бар эмитентті білсеңіз, бұл шынымен орасан инвестициялық мүмкіндікке айналуы мүмкін. Бірақ мен қазір мұндай жағдайды білмеймін. Ең ірі мұнайлы учаскелердің көбі әлдеқашан ашылған. Бүгінде акцияны әлдеқашан ұзақ уақыт қымбаттап келе жатқаны үшін ғана сатып алмай, өз зерттеуіңді жүргізу және өсімнің болашақтағы нақты себебін іздеу аса маңызды.
Ал технологиялық сектор мен жасанды интеллект туралы не айтасыз? Бұл нарықта жақында жарылуы мүмкін көпіршік қалыптасып жатыр деп ойлайсыз ба?
Соңғы бірнеше ғасырда адамзат мұндай кезеңдерден бір емес, бірнеше рет өтті. Бір кездері электр қуаты төңкеріс жасаған технология болды. ХІХ ғасырда теміржолдар пайда болды. Кейін – автомобильдер, ал содан соң – компьютерлер келді. Әр жолы адамдар өз алдында әлемді өзгерте алатын өнертабыс тұрғанын түсінді және бұл арқылы шынымен де орасан зор байлықтар жасалды.
Жаңа әрі перспективалы технология пайда болғанда, оның айналасында үлкен құлшыныс туады. Бәрі де дәл осы технология әлемді өзгертеді деп айта бастайды. Әдетте, бұл шынымен де орындалады. Бірақ кейін бұл салаға өте көп бәсекелес келеді, ұсыныс күрт артады, бүкіл сектордағы пайда төмендейді, ал осы сегментке бағытталған көптеген компаниялар инвестиция үшін аса тартымды болудан қалады.
Тағы да қайталап айтсам, егер сіз нарықты оның қатысушыларының көпшілігінен жақсырақ түсінсеңіз, мұнайдан да, технологиядан да жақсы ақша табуға болады. Оларға жиі биржадағы саудадан пайда табудың оңай жолы бар сияқты көрінеді. Көп жылда мен мұның шын мәнінде өте қиын екенін ұқтым.
Сіздің ойыңызша, жасанды интеллекттің қор нарығына және жаһандық экономикаға ықпалының әсері қаншалықты ауқымды болмақ?
Жасанды интеллект біз білетін нәрселердің барлығын дерлік өзгертеді. Бірақ бұлай ойлайтын жалғыз мен емес. Дәл соңдықтан ЖИ-мен байланысты компаниялардың акциялары қазірдің өзінде өте қатты өсіп кетті. Бүгінгі таңда эмитент өз атауына AI деген әріптерді қосса болды, оның қағаздары қымбаттай бастайды; 2000-шы жылдардың басындағы доткомдар күйреуінің алдында да дәл осылай болған еді. Интернет-компаниялардың акциялары алдымен өсті, шыңына жетті, ал кейін спекулятивтік көпіршіктің жарылуы салдарынан күрт құлдырады.
Жасанды интеллект секторында, доткомдарға ұқсас, өте сақ болу керек. Жеке өзім бүгінде әлемдік нарықта ЖИ-мен байланысты арзан немесе бағаланбаған компаниялар көп деп ойламаймын. Бұл перспективалы сала екенін бәрі түсінеді, демек, бұл үміттердің көпшілігі акция бағасында ескеріліп қойған.
Ықтимал көпіршік сіздің инвестициялық шешімдеріңізге қатты әсер ете ме? Сіз ЖИ компанияларына ақша саласыз ба?
Мен жасанды интеллект нарығының қазірдің өзінде тым жоғары бағаланғанын көріп отырмын, сондықтан мені мүлдем басқа активтер қызықтырады. Маған әзірге ешкімге қызық емес нәрселерді сатып алған ұнайды. Егер сіз келіп, қандай да бір инвестициялық идея туралы айта бастағанда, айналадағылар таңғалып: «Сен жынды болғансың ба! Бұл кімге керек?» – деп жауап берсе, міне, мен үшін нағыз қызық сонда. Өзімнің бүкіл инвестициялық мансабымда бүкіл әлем сүйсініп жатқан нәрсені сатып алып, ақша тапқан кездерім өте сирек болды.
Сіздің ойыңызша, дағдарыс басталғанда инвесторлар не істеуі керек?
Дағдарыстар ақша табудың тамаша мүмкіндігіне айналуы мүмкін. Экономикасы ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқан елге тап болғанда, сіз мұны бірден сезесіз. Адамдар тығырыққа тірелген. Бәрі қорқып қалған. Компаниялар банкротқа ұшырауда. Бәрі өз активтерін сатқысы келеді. Дәл осындай сәттерде ең жақсы мүмкіндіктер пайда болады. Бірақ олар тек сіз сабырлық сақтай алған жағдайда ғана іске асады.
Айналадағылардың бәрі: «Сат! Сатпасаң, есіңнен ауысқансың!» – деп айқайлағанда, өзіңіз де күмәндана бастау өте оңай. Ал егер сіз тоқтап, өзіңізге: «Күте тұрыңыз. Бұл компания әлі де ел үшін өте маңызды. Ол адамдарды электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр немесе басқа да маңызды функцияны атқаруда», – деп айта алсаңыз, онда дағдарыс жаңа актив сатып алудың тамаша сәтіне айналуы мүмкін
Сіз көп саяхаттайсыз, бұл туралы бірнеше кітап жаздыңыз және оларда жеке тәжірибе теориядан маңыздырақ деген ойды айтасыз. Инвестор саяхаттан не үйрене алады және оны кітаптан неге таба алмайды?
Саяхат адам ала алатын ең үздік білімнің бірін береді. Әрбір жаңа ел маңызды бір нәрсені үйретеді. Ең алдымен, сізге қай жерден тамақтану керек, қайда түнеу керек, бұл жерде өмір қалай ұйымдастырылған деген сияқты мәселелерді өзіңізге дербес шешуге тура келеді. Тек осының өзі үлкен тәжірибе береді.
Жаңа елдің шекарасынан өткен бойда, сіз ол жерде істің қаншалықты адал жүргізілетінін, көлеңкелі нарықтың бар-жоғын, экономиканың қалай жұмыс істейтінін өте тез түсіне бастайсыз. Мысалы, көлеңкелі нарық ел туралы көп нәрсені айта алады. Мен бұны жақсы немесе жаман деп айтып тұрған жоқпын. Мен тек оның болуы – бірегей ақпараттың маңызды көзі екенін айтқым келеді.
Ерекше есіңізде қалған жер бар ма?
Мен адамдарға әрдайым айтып жүремін: Өзбекстандағы Самарқандқа міндетті түрде барыңыздар. Бұл мен өмірімде көрген ең ғажайып жерлердің бірі. Самарқандтағы Регистан алаңы, зәулім кесенелері бар бұл алып архитектуралық ансамбль… Мен көптеген елдерде болдым, бірақ бұл – Жер бетіндегі ең таңғажайып орындардың бірі.
Ол жерге екінші немесе үшінші рет барғанымда өзіммен бірге сол кезде жүріп жүрген қызымды алып барғаным есімде. Ол бұл жерді алғаш рет бірден бар ұлы кейпінде көрсін деген ниетпен көзін әдейі таңып тастадым. Біз алаңға жақындағанда, мен оның көзіндегі таңғышты шештім, ол жай ғана сілейіп тұрып қалды да «Құдайым-ау... Мынаған қарашы!» — деді.
Өкініштісі, адамдардың көбі бұл жер туралы ешқашан естімеген де. Олар ол жаққа ешқашан бармаған және, сірә, ешқашан бармайды да. Бірақ егер олар сонда тап болса, мен сияқты қайран қалады деген ойдамын. Сондықтан келесі жолы Самарқандқа барғаныңызда, айналаңызға мұқият қараңыз. Содан кейін достарыңызға Самарқандты АҚШ-тағы Үлкен Каньонмен немесе Тәж-Махалмен тең көретін, оны әлемдегі ең ғажайып жерлердің бірі деп санайтын бір жынды америкалықты білетініңізді айтыңыз.