Финансист №3 (43) 2026

Тұрал Әлиев
Freedom Finance Global қаржылық талдау департаментінің кіші талдаушысы
Батареялар дәуірі
Электрокөлік нарығы, оның соңынан айналадағы әлем қалай өзгеруде
Көптеген салада мұнай алмастырылмайтын ресурс болып қала береді, бірақ осы шикізаттан біртіндеп бас тартуға жақсы дайындалған салалар да бар. Олардың ең көрнектісі — электрокөліктер (electric vehicles, EV) технологиялық эксперимент фазасынан «ержету» кезеңіне әлдеқашан өткен автомобиль саласы. Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) деректері бойынша, тек 2025 жылы әлемде 20 млн-нан астам электрлі жеңіл автомобиль сатылды, бұл барлық жаңа көліктің 25%-ын құрайды. 2026 жылдың соңына қарай ХЭА сатылымның 23 млн-ға өсуін және үлесінің 28%-ға дейін кеңеюін болжайды. Бұған іштен жанатын қозғалтқышы бар автомобиль нарығының тоқырауы, электрокөліктерге арналған инфрақұрылымның дамуы және олардың орташа құнының біртіндеп төмендеуі себеп болып отыр.
Электр жетегіндегі көліктер бұқаралық құбылысқа айналды, енді индустрияның негізгі сұранысы оларды танымал ету мүмкіндігінен нарық өсуінің келесі фазасының фаворитін іздеуге ауысты. Кімді бақылау керек?
Кімнің кім екені
Пандемияға дейін электрокөліктерді негізінен америкалық Tesla (TSLA) ұсынған болса, соңғы жылдары бірінші орынды оның қытайлық бәсекелестері тартып алды. Иә, Илон Масктың компаниясы 2025 жылы Model Y-дің арқасында сатылым бойынша әлемдік көшбасшы болып қалды. Осы марканың көлігі жылына 1 млн бірлік нәтижесімен электрокөліктер арасында бірінші, барлық жеңіл автомобиль арасында екінші орынды ұстады. Алайда былтырғы жылы әлемдегі барлық электрокөліктің 60%-дан астамы Қытайда сатылған.
Қазіргі сәтте Tesla тек BEV-автомобильдер (battery electric vehicle — толыққанды электрокөлік) өндірісінде үстемдік етеді, алайда соңғы жылдары әлемдік нарықтың фокусы тұрмыста гибрид деп аталатын Plug-in Hybrid Electric Vehicle (PHEV) типті көліктерге қарай ауысты. Бұл сегментте бүгінде қытайлық автоөндірушілер, ең алдымен BYD көш бастап тұр, оған Geely, Wuling, Leapmotor және Xpeng (XPEV) компаниялары бәсекелестік құрайды.
Дәстүрлі автоконцерндер де жарыстан шығып қалған жоқ. Былтырғы жылы неміс Volkswagen электрокөлігі Еуропадағы сатылым бойынша Tesla-дан озып, ескі өндірушілер де сұраныстың жаңа құрылымына бейімделе алатынын көрсетті.
Тек көлік емес
Электрокөліктерге арналған батареяға сұраныс тез өсуде. 2025 жылы аккумулятор ұяшықтарының 80%-дан астамын батарея жасалатын аса маңызды минералдарды өңдеудің елеулі бөлігін бақылайтын Қытай өндірді. ҚХР жеткізу тізбегіндегі өз позициясын нығайту және шетелдік электрокөлік өндірушілері үшін компоненттер тапшылығы тәуекелін тудыру мақсатында минералдар экспортын шектейді, осылайша бәсекеде ұтады.
Сатып алушылардың 60%-дан астамы электрокөлікті тым қымбат деп есептейді, 56%-ы көлікті зарядтауға кететін уақытқа наразы, ал 54%-ы зарядтау станцияларының жетіспейтінін көрсетеді*
*S&P Global Mobility деректері бойынша
Индустриядағы проблемалық нүктелер де өзгерді. Бұрын тұтынушылардың көпшілігінде ең алдымен жүріс қоры алаңдаушылық тудырса, енді оларды Қытайдан тыс жердегі электрокөліктердің бастапқы бағасының жоғары болуы, зарядтау станцияларының қолжетімділігі және электр желілерінің сенімділігі мазалайды.
Аталған қиындықтардың бәріне қарамастан электркөлік қалалардың келбетін өзгертуін жалғастыруда. Ослода 2025 жылы жаңа автомобильдердің шамамен 93%-ы толық электрлі болды, ал қытайлық Шэньчжэньде электрлендіру жеке көліктерді ғана емес, қалалық көлікті де қамтыды. Лос-Анджелестің көлік департаменті 2030 жылға қарай 2200 қалалық автобусты электробусқа ауыстырып, зиянды шығарындыны нөлге дейін төмендетуді жоспарлайды. Электрокөліктер ІЖҚ-лы көліктерді ығыстырған жоқ, алайда саланың даму бағыты айқын болды. Басты сұрақ енді электркөлікке көшу болады ма дегенде емес, инфрақұрылым, баға және технологиялар оған автомобиль нарығын түбегейлі өзгертуге қаншалықты тез мүмкіндік беретінінде.
