Финансист №3 (43) 2026

Данияр Оразбаев
Freedom Finance Global қаржылық талдау департаментінің талдаушысы
Қара алтын тақырыбы
Неге мұнай арзандағанмен, бензин арзандамайды
Таяу Шығыстағы қақтығыстар мұнай бағасын күрт көтереді, өйткені өңір шикізаттың негізгі жеткізушісі. Алайда ахуал тұрақтанғаннан кейін қара алтынның құны бұрынғы көрсеткішке қайта оралады.
Қызығы, сонымен қатар елдердің көпшілігінде бензиннің бөлшек саудадағы бағасы шикізаттың арзандауына мүлдем жауап бермейді, ал кейбір жағдайда оның құны тұрақтанғанда да өсуін жалғастырады. Биржалардағы өзгеріс неге жанармай бекеттеріндегі баға динамикасымен әрқашан сәйкес келе бермейді?
Зымырандар мен қауырсындар
Экономистер де жанармай бекетіндегі бензин бағасының мұнайдың артынан зымырандай шарықтап, ал қауырсындай баяу түсетінін байқады. Бұл құбылысты солай — rockets and feathers (ағыл. зымырандар мен қауырсындар) деп атайды. ФРЖ-да 2022 жылы бұл әсерді бөлшек саудадағы отын нарығының тұрақты аномалияларының бірі ретінде атап өтті. Бұл құбылыстың техникалық түсіндірмесі бар: логистикалық кідіріс. Бүгін жанармай бекетінде сатылып жатқан бензин мұнай қымбат тұрған екі-төрт апта бұрын көтерме бағамен сатып алынған. Energy Economics-тің 2026 жылғы зерттеуі бөлшек баға мұнай құнының кез келген өсуіне жауап беретінін, бірақ ЖҚС бұны баға белгісінде көрсете бастауы үшін оның әлдеқайда терең құлдырауын талап ететінін көрсетеді.
Шамамен 159 литрге тең бір баррель мұнайдан небәрі 72–76 литр бензин алынады
АҚШ-та бензин бағасы салық базасының жоғары болмауына, қатаң бәсеке ортасына, сондай-ақ биржалық саудаға тәуелділік дәрежесінің жоғарылығына байланысты мұнай шоктарына аса сезімтал. EIA есептеуінше, галлон бензин құны 65–75%-ға мұнай (ең алдымен Brent пен WTI) және мұнай өнімдері бағасының динамикасына, сондай-ақ АҚШ-та бензиннің көтерме құнына бағдар болатын RBOB фьючерстеріне тәуелді. Салыққа, логистикаға, өңдеуге және бөлшек үстемеге қалған 25–35% тиесілі.
Еуропада жағдай басқаша. Бензин құнының шамамен 55–60%-ын қатаң белгіленген салықтар қалыптастырады. Соның салдарынан шикізатқа тән баға толқындары ЖҚС-ға едәуір әлсіреген күйде жетеді. Реттеуге билік те араласады. Мысалы, Германия екі айға бензин мен дизельге салынатын салықты төмендетті, бұл отын құнын литріне шамамен 17 еуроцентке азайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстанда мұнай мен бензин арасындағы байланыс одан да түбегейлі үзілген. 2025 жылғы 16 қазаннан 2026 жылғы 31 наурызға дейін елде АИ-92 мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий қолданылды. 2026 жылғы наурызда Brent $120-ға шарықтаған уақта АИ-92-нің бөлшек бағасы 2025 жылғы қазан ортасындағы деңгейде (литріне шамамен $0,53) бекітілді. Бұл ретте мораторий қолданылмаған АИ-95 пен АИ-98 айтарлықтай қымбаттады. Отынның әртүрлі маркасының бағасы арасындағы айырма 35%-ға жетеді, бұл әлемдік стандарттан едәуір асып түседі. Оның үстіне қазақстандық МӨЗ-дер шикізатты дисконтпен сатып алады, ал жергілікті өңдеушілер сыртқы нарықтардағы динамиканы ескермей, отынды әлемнің қалған бөлігіндегіден арзан сата алады. Келушілер үшін осыншама тартымды баға Қазақстанның өзінде тапшылық тудыруы мүмкін болғандықтан, елден бензин мен дизель отынын шығаруға тыйым салынғанын да атап өтейік.
Әлемдік мұнай бағасы мен бензин құны арасындағы корреляция ТМД-ның негізгі елдерінде, оның ішінде Ресейде, Беларусьте, Түрікменстанда, Өзбекстанда және Әзербайжанда іс жүзінде жоқ. Бұл мемлекеттерде мұнайдың биржалық ауытқуы ЖҚС-ға тек ішінара әрі кешігіп жетеді: түпкі баға көбіне мемлекеттің шешіміне, салыққа және реттеу тетіктеріне тәуелді.
Толы бак
Көптеген елде жанармай бекеттеріндегі бензиннің бөлшек бағасын әлемдік биржалардағы бағам емес, белгіленген салықтар, акциздер және бизнестің жергілікті шығындары (логистика, жалақы) сияқты ішкі факторлар айқындайды. Кейбір мемлекетте 60%-ға жететін тұрақты шығындардың үлесі жоғары болғандықтан, әлемдік мұнай бағасының елеулі құлдырауы да әрдайым отын құнының соған сай төмендеуіне әкеле бермейді.
