Финансист №3 (43) 2026
Іштен қарағанда
Энергетика индустриясының мамандары мен талдаушылары нарықтағы өзекті трендтер және оның болашағы туралы

Нұрлан Жұмағұлов,
мұнай саласының талдаушысы, Energy Monitor қоғамдық қорының директоры
Қазақстанның мұнай-газ секторы үшін басты инфрақұрылымдық тәуекел — экспорттық логистика, ең алдымен Қазақстаннан тыс жерге жеткізілімнің 83%-ы жүзеге асырылатын Каспий құбыр консорциумы (КҚК). Осы магистральдың жұмысындағы іркілістер ел үшін валюталық табысқа тікелей қатер тудырады. 2026 жылғы қаңтарда КҚК бойынша жеткізілім қолайсыз ауа райы, жөндеу жұмыстары және ҰҰА шабуылдарының салдарынан жоспарлы деңгейден 45%-ға қысқарды.
Экспорттық мұнайдың 95%-ын біз РФ арқылы тасымалдаймыз. Болжам бойынша, Қазақстанда тағы 10 жыл өндіру тұрақты болады, сосын құлдырау басталады. Қолданыстағы кен орындарының көбі әлдеқашан мүмкіндік шыңында тұр. Олардың ең ірілерінен (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) шикізат тек экспортқа кетеді, ал бұл жағдайды өзгерткен жөн болар еді.
Ормуз бұғазының жабылуына келсек, оның салдарынан ең алдымен Оңтүстік-Шығыс Азияға СТГ жеткізілімі зардап шегуде. Бұл тауардың тапшылығы тыңайтқыш бағасының көтерілуіне әкелді, ал оларды шығаруға қажет күкірт бізде екі есе қымбаттады. Қазақстан үшін бұл, әрине, плюс. Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың арқасында бізде карбамид өндіру бойынша бірден екі жоба басталады. Қазақстан мұнайына сұраныс та өсті, ол тарихта тұңғыш рет Brent-ке қатысты сыйақымен саудаланып тұр. Әрі біз бұл жағдайды міндетті түрде пайдалануымыз керек, өйткені ЕО-ның декарбонизацияға қоятын талаптары ең алдымен тау-кен өндіру саласына, металлургияға қатысты. Мұнайшылар үшін қатаң шектеу әзірге жоқ.

Константин Симонов,
РФ Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының басшысы
Мұнай нарығын бүгінде инвестициялық және зейнетақы қорлары, ең алдымен америкалық қорлар бақылайды, ал мұнай фьючерстері нарығы соңғы уақытқа дейін доллар үстемдігінің маңызды факторы болды. Сонымен қатар Штаттар (өз түсінігінше) бақылауды жоғалта бастады. Вашингтон санкциялардың, соғыстардың, логистиканы реттеудің көмегімен бәсекелестерін «өшіру» арқылы бағаға ықпал етпек болады.
Қалай болғанда да, нарықтық қатынастар ең ауыр жағдайда да пайда болады. Мысалы, санкция астындағы ресейлік компанияларға дәл нарық барлық шектеуді еңсеруге, әлемдік валютамен, тіпті криптомен есеп айырыса отырып мұнай сатуды жалғастыруға, сондай-ақ логистиканы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мұнай шыңы (oil peak, мұнай өндіру шыңына жету уақыты) деп аталатынға келсек, бұл, керісінше, нарыққа психологиялық әсер етудің бір құралы іспетті. Әлдеқашан көптеген әлеуетті кен орны, атап айтқанда Мексика шығанағында, Бразилияда, Гайанада табылды. Оларды игеру жобалары күрделі, бірақ технологиялар да орнында тұрған жоқ. Ресейде Арктика шельфінде үлкен ресурс бар.
Қара алтынға сұраныстың шыңына жету туралы айтуға әзірге ерте. Импорттаушыда шикізатты орынды бағамен әрі қосымша талапсыз тұрақты алу мүмкіндігі болса, бұл артықшылық. Менің пайымдауымша, ең алдымен Қытай мен Үндістан үшін дәл Ресей осындай серіктес.

Абзал Нарымбетов,
Energy Analytics аналитикалық компаниясының негізін қалаушы, мұнай мен газ қорының сертификатталған тәуелсіз бағалаушысы
Қазақстанның мұнай-газ секторы үшін басты құрылымдық тәуекелдердің бірі — ұзақ инвестициялық цикл. Егер жобалар бүгін жеткіліксіз қаржыландырылса, олар 2030 жылдардың басы — ортасынан бұрын нәтиже бере алмайды. Сондықтан компаниялар барған сайын жиі рентабельділігі жоғарырақ шағын қысқа мерзімді жобаларды таңдайды: олар баға өзгерісіне тезірек жауап беруге мүмкіндік береді. Әзірге әлемдік өндірістің өсімін негізінен АҚШ-тағы сланец жобалары және Оңтүстік Америкадағы шельфтік кен орындарын игеру қамтамасыз етуде.
Ең ықтимал сценарий — мұнайдың күрт тапшылығы емес, бағаның жоғары құбылмалылық кезеңі. Нарыққа салаға инвестицияның жетіспеуі және сыртқы факторлар, оның ішінде Ормуз бұғазындағыдай ұзаққа созылған геосаяси тұрақсыздық бір мезгілде қысым жасауда.
Инвестицияның ең тәуекелді, қайтарымына кепілдік жоқ кезеңі — геологиялық барлау. Ол реттеудегі өзгерістерге әсіресе сезімтал, өйткені бұл кезеңде инвесторда кепілге қоюға болатын немесе өнімді бөлу туралы келісім арқылы қорғауға болатын дайын актив әлі жоқ.
Алдағы 20–30 жылда электрокөлік санының өсуі, сірә, мұнайға сұранысты біртіндеп төмендететін болады. Бұл ретте жасанды интеллектке арналған инфрақұрылымның дамуы электр энергиясына қосымша сұраныс тудырады. Мұнаймен тікелей байланысты болмаса да, ол генерация көлемін арттыруды талап етеді. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі кеңейе түседі, ал дәстүрлі энергетика энергожүйенің тұрақтылығын және қуаттың қажетті резервін қамтамасыз етуін жалғастырады.

Кәмал Әубәкіров,
Georgetown University-дің аса маңызды минералдар жөніндегі талдаушысы
Аса маңызды минералдарды «жаңа мұнаймен» салыстыру тек жартылай ғана дұрыс. Геосаяси тұрғыда ол рас. Экономикалық тұрғыда — тіпті де емес: мұнай нарығы триллиондаған доллармен өлшенеді, ал минералдар нарығы салыстыруға келмейтіндей аз әрі құбылмалы.
Бүгінде аса маңызды минералдар мемлекеттердің өнеркәсіптік және қорғаныс бәсекеге қабілеттілігін айқындайды, ал мұндағы басты тұтқа Қытайдың қолында. Оның үстіне оның күші кен қорында емес, өңдеуде: Қытай сирек жер металдарын әлемдік өңдеудің шамамен 90%-ын және литийді, кобальтты әрі бірқатар өзге сирек металды тазартудың шамамен 70–75%-ын бақылайды. Дәл осы қайта бөлістердің шоғырлануы — қысым құралы. Пекин 2023 жылы экспорттық шектеу енгізгеннен кейін жекелеген металдардың, оның ішінде галлий мен вольфрамның бағасы бірнеше есе өсті.
Қазақстан үшін бұдан шығатын практикалық тұжырым: кен орны әлі кеніш емес. Елдің нақты нишасы — сирек (шағын) металдар. 2024 жылы Боғыты іске қосылған соң ел вольфрамның әлемдік өндірушілерінің үштігіне енді, ал ERG-тің Mitsubishi-мен офтейк-келісімшарты* оны галлий бойынша екінші орынға шығаруға тиіс.
*Өнімді нақты өндіре бастағанға дейін оны сату және сатып алу туралы келісім
ExxonMobil мен Chevron технологиялары мұнай кәсіпшілігіне жақын қабат тұздықтарында литий жобаларын дами бастағаны көрсеткіш. Бұл көмірсутек өндіруден толықауқымды көшуден гөрі, құзыреттердің бастапқы ауысуы іспетті. Мұнайға тәуелділік жойылмайды, бірақ болашақ позициялар үшін күрес аса маңызды минералдарды өңдеуге әлдеқашан ауысты.

Әлібек Бекмұхаметов,
ҚР Экология министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары
Қазір Қазақстан Экология министрлігінің ең үлкен алаңдаушылығын елдің мұнай өндіруші өңірлеріндегі ауаның, судың және топырақтың ластану тәуекелдері тудырып отыр. Мемлекет мұнай-газ саласының қоршаған ортаға қолайсыз әсерін азайту үстінде жұмыс істеуде. Осы жұмыстың басты бағыттарының бірі — ең үздік қолжетімді техника (ЕҮҚТ) қағидаттарын енгізу. Олар өндірісті неғұрлым экологиялық ету, кәсіпорындарды жаңғырту, ластағыш заттардың шығарындысын қысқарту және табиғи ресурстарды ұтымдырақ пайдалану мүмкіндігін береді. Жаңа Экология кодексіне сәйкес кәсіпорындар ЕҮҚТ-ға кезең-кезеңімен көшуде.
Бизнестің экологиялық жауапкершілігін арттыру және жасыл технологияларды қолдау үшін Қазақстанда кешенді экологиялық рұқсаттар (КЭР) жүйесі жұмыс істейді. КЭР алып, ЕҮҚТ енгізетін кәсіпорындар реттелетін көрсеткіштер бойынша шығарындылар және өзге де эмиссиялар үшін төлемнен босатылады. Осылайша қазақстандық компаниялар өндірісті жаңғыртуға және қоршаған ортаға зиянды ықпалды азайтуға тікелей қаржылық ынталандыру алады.
Бүгінде бұл жүйе мұнай-газ және өзге салаларда экологиялық стандарттарды арттыруға, сондай-ақ инновациялық және жасыл шешімдерді енгізуге ықпал етуге тиіс ынталандырулар мен талаптарды ұштастырады.

Гүлшат Нысанбаева,
INTERTASCO, Oil & Gas жаһандық персонал іріктеу жөніндегі сарапшысы
Соңғы бірнеше жылда маған халықаралық мұнай-газ компанияларында да, «кілт тапсырылатын» жобалардағы EPC-мердігерлерде де, кадрлық консалтингте де жұмыс істеу бұйырды. Мұнай-газ секторы, дәл осы салада дамығысы келетін мамандарға қойылатын талаптар сияқты, үнемі өзгеріп отыратынын айта аламын.
Мұнай-газ нарығында ең жоғары сұранысқа құзыреті жоғары әртүрлі бейіндегі инженерлер және ірі халықаралық инфрақұрылым нысандарында жұмыс тәжірибесі мол мамандар, оның ішінде супервайзерлер ие.
Көптеген компания тағылымдама бағдарламаларына, университеттермен ынтымақтастыққа және тәлімгерлік жүйесіне белсенді инвестициялайды. Әсіресе қатысушылары жұмыстың алғашқы айларында-ақ нақты өндірістік тәжірибе алатын ақылы тағылымдамалар сұранысқа ие. Мансап басында көпшілік үшін үш-бес жылдан кейін кәсіпте қандай даму алатынын түсіну маңызды. Өз жобалары, қауіпсіздікке инвестициясы және заманауи технологиялары туралы ашық айтатын компаниялар жас мамандар үшін әлдеқайда тартымды.
Алдағы жылдары инженерия мен цифрлық технологиялар тоғысындағы мамандарға: өндірісті цифрландыру, өнеркәсіптік деректер аналитикасы, автоматтандыру, өнеркәсіптік киберқауіпсіздік және ЖИ-ды технологиялық процестерге кіріктіру жөніндегі сарапшыларға сұраныс өседі.
Болашақ қызметкердің басты бәсекелік артықшылығы күшті техникалық дайындықтың, цифрлық дағдылардың, ағылшын тілін білудің және дамыған коммуникативтік құзыреттердің үйлесімі болмақ. Бүгінде жетекші мұнай-газ компаниялары дәл осындай кәсіпқойларды іздейді.