Nvidia кіріс пен табыс бойынша болжам артқаны туралы хабарлады
Биржалық жаңалықтар
27 ақпан 2026, 16:00
Америкалық чип өндірушісі Nvidia (NVDA) қаржы жылының төртінші тоқсанына арналған нәтижелерін жариялап, табыс пен кіріс бойынша нарық болжамдарынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін хабарлады. Бұл өсім деректерді өңдеу орталықтары сегментіндегі табыстың күрт артуымен байланысты.Компанияның түзетілген таза пайдасы бір акцияға шаққанда $1,62 болды, ал сарапшылар болжамы $1,53 деңгейінде еді. Тоқсандық кіріс $68,13 млрд болып, нарық күткен $66,21 млрд көрсеткішінен асып түсті. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, кіріс көлемі 73% өсті.
Freedom Finance Global компаниясының аға аналитигі Егор Толмачевтың айтуынша, Nvidia 2026 қаржы жылының төртінші тоқсаны бойынша барлық қаржылық көрсеткіштерде болжамнан жоғары нәтижелер көрсетіп, өте мықты есептілік жариялады. Өсімнің негізгі бөлігін деректерді өңдеу орталықтары бөлімшесі қамтамасыз етті — оның үлесіне тоқсандық сатылымдардың 91%-нан астамы тиді.
Data Center сегментінің табысы $62,3 млрд болып, консенсус-болжамдағы $60,69 млрд көрсеткішінен жоғары болды. Бұл көрсеткіш бұлтты қызмет провайдерлері мен корпоративтік клиенттердің жасанды интеллект міндеттеріне арналған чиптерге тұрақты сұранысының арқасында өсті. Тоқсан ішінде Nvidia-ның таза пайдасы шамамен екі есе өсіп, $43 млрд-қа немесе акцияға шаққанда $1,76-ға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш $22,1 млрд, акцияға шаққанда $0,89 болған. Компанияның жалпы маржасы жоғары деңгейде қалып, 75,2% болды. Бұл Blackwell архитектурасына негізделген шешімдер жеткізілімі артқан қолайлы өнімдік құрамды көрсетеді. Сонымен бірге, жаңа өнімдерді әзірлеу, инфрақұрылым және инженерлік командаларға салынған инвестициялардың өсуіне байланысты операциялық шығындар болжамнан жылдам өсті.
Компания сондай-ақ нарық күткеннен жоғары болжам жариялады. Nvidia бірінші қаржы тоқсанындағы түсімнің шамамен $78 млрд деңгейінде болатынын, әрі бұл көрсеткіштің 2% шегінде өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеді. Ал сарапшылардың консенсус-болжамы $72,6 млрд болған. Компания өкілдері атап өткендей, бұл болжамға Қытайдағы деректерді өңдеу орталықтарына арналған шешімдердің жеткізілімі бойынша түсім енгізілмеген.