Tencent 2025 қаржы жылындағы табысының өскенін хабарлады
Қытайлық технологиялық корпорация Tencent 2025 қаржы жылындағы табысының өскенін мәлімдеді. Көрсеткіш жасанды интеллект бизнесінің және ойын сегментінің кеңеюі аясында сарапшылар болжамынан жоғары болды, деп жазады CNBC.
Компанияның табысы 751,8 млрд юань ($109 млрд) болып, сарапшылар күткен 750,7 млрд юаньнан асып түсті. Жыл қорытындысы бойынша таза пайда 169,5 млрд юаньға жетті.
Tencent төрағасы әрі бас директоры Ма Хуатэннің айтуынша, 2025 жылы компания жоғары өсім қарқынын сақтап қалды. Бұған жасанды интеллекттің жарнама таргеттеуін жақсартуы, ойындарға деген қызығушылықты арттыруы және бұлтты сервистердің табыс пен пайданы көбейтуі ықпал етті.
Ішкі нарықтағы ойын табыстары 18% өсіп, 164,2 млрд юаньға жетті. Халықаралық ойын түсімдері 77,4 млрд юаньды, ал әлеуметтік желілерден түскен табыс 5% өсіп, 127,7 млрд юаньды құрады. Қаржылық технологиялар мен бизнес‑қызметтер сегменті 229,4 млрд юань табыс әкелді — бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8% көп.
Төртінші тоқсанда компанияның табысы 194,4 млрд юань ($28,3 млрд) болып, өткен жылмен салыстырғанда 13% жоғары болды және сарапшылардың 193,5 млрд юань көлеміндегі болжамынан сәл асып түсті. Тоқсандық таза пайда 58,26 млрд юаньға жетті, бұл орташа болжам — 57,75 млрд юаньнан жоғары.
Tencent ойын индустриясынан түсетін табысқа тәуелділігін сақтап келеді, бірақ компания диверсификацияны кеңейте түсуде. 2025 жылы Tencent бұлтты есептеу бөлімшесін Еуропаға шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, компанияның бұлтты технологиялар тобы Таяу Шығыста деректерді өңдеу орталықтары желісін кеңейту ниетін білдірді.