CNBC хабарлауынша, Қытайдың өндірістік секторындағы ресми іскерлік белсенділік индексі (PMI) наурыз айында 50,4 деңгейіне көтеріліп, экономистер күткен 50,1 көрсеткішінен жоғары болды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл — соңғы бір жылдағы ең жоғары деңгей. Индекстің 50‑ден жоғары болуы өндірістің кеңеюін, ал 50‑ден төмен болуы қысқаруын білдіреді. Қаңтарда PMI 49,3, ақпанда 49,0 болған. Өткен жылдың наурызында көрсеткіш 50,5 деңгейінде болған.
Бас статистик Хо Лихуэй өсімді экспорттық тапсырыстардың артуымен және ақпан айының ортасындағы ұлттық мерекелерден кейін заводтардың жұмысын қалпына келтіруімен түсіндірді. Субиндекстер өндіріс пен жаңа тапсырыстардың артқанын көрсетсе, шикізат қоры, жұмыспен қамту және жеткізу мерзімдері әлі де қысқару аймағында қалған.
Өндірістік емес сектордағы іскерлік белсенділік индексі — қызметтер мен құрылыс салаларын қамтитын көрсеткіш — ақпандағы 49,5-тен 50,1 деңгейіне көтерілді. Сарапшылардың айтуынша, көрсеткіштердің жақсаруы жаһандық жеткізу тізбектеріндегі проблемалар мен энергетикалық нарықтағы құбылмалылық аясында экономика үшін маңызды қолдау болды.
Қытайдың өндірістік секторы 2026 жылы алғаш рет белсенділіктің кеңеюін көрсетті. Бұл өсім энергия тасымалдаушылардың қымбаттауына және Таяу Шығыстағы әскери әрекеттердің салдарын қоса алғанда, жаһандық күйзелістерге қарамастан тіркелді. Сондай-ақ өсімге мемлекеттік шығындардың артуы және тұрақты сыртқы сұраныс, оның ішінде жасанды интеллектке байланысты сұраныс себеп болды.