Оңтүстіккореялық Samsung Electronics жасанды интеллект шешімдеріне жоғары сұраныс аясында бірінші тоқсан қорытындысы бойынша операциялық пайданы айтарлықтай өсіруді күтетінін мәлімдеді, деп жазады Reuters.
Компания қаңтар–наурыз айлары аралығындағы операциялық пайданы 57,2 трлн вон (шамамен $37,9 млрд) деңгейінде болжайды. Бұл аналитиктердің 40,6 трлн вон болжамынан едәуір жоғары және өткен жылғы 6,7 трлн вон көрсеткішінен сегіз еседен астам көп.
Пайда өсімі жасанды интеллектке арналған дата-орталықтардың қарқынды дамуы аясында жартылай өткізгіштер тапшылығымен байланысты. Ұсыныстың шектеулілігі чип бағасының өсуіне алып келді. Samsung осы үрдістің негізгі бенефициарларының біріне айналды. Пайданың негізгі бөлігін чип өндіру бөлімшесі қамтамасыз етті — ол жалпы нәтижесінің шамамен 95%-ын құрады. Қаржылық көрсеткіштерге қосымша қолдауды оңтүстіккореялық вонның әлсіреуі көрсетті, бұл пайданы ұлттық валютаға қайта есептегенде ұлғайтты.
Мобильдік бизнес неғұрлым ұстамды динамика көрсетті. Бұл сегменттегі пайда шамамен 4 трлн вон деңгейінде бағаланып отыр. Компоненттер құнының өсуі және геосаяси тәуекелдер, соның ішінде Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан, екінші тоқсанда маржаға қысым күшеюі мүмкін.
Samsung Electronics — әлемдегі ең ірі жартылай өткізгіштер мен электроника өндірушілерінің бірі. 2026 жылы компания акциялары АИ-инфрақұрылымға сұраныс аясында айтарлықтай өсім көрсетуде. Сәуір айының басындағы жағдай бойынша қағаздар 196–197 мың вон деңгейінде саудалануда: жыл басынан бері 60%-дан астамға, ал соңғы 12 айда 270%-дан астамға өсті.