JPMorgan есебі күтуден жоғары болды, алайда болжам талдаушылардың көңілін қалдырды
Биржалық жаңалықтар
15 сәуір 2026, 16:00
JPMorgan Chase & Co. (JPM) қаржы конгломераты 2026 жылдың I тоқсаны бойынша пайда мен түсім жөнінен нарық күткен деңгейден жоғары нәтижелерді көрсетті, алайда пайыздық кірістер болжамының төмендеуі акциялар динамикасын тежеп отыр, деп хабарлайды Freedom Finance Global аналитиктерінің есебінде.
Бір акцияға шаққандағы пайда $5,94-ты құрады, бұл нарық күтімінен 9%-ға жоғары.Түсім $49,84 млрд-қа жетіп, болжамнан 1,4%-ға асып түсті. Сауда-саттықтың ашылуында акциялар 0,5%-дан аз мөлшерде төмендеді. Таза пайыздық кіріс $25,37 млрд болды және күткен деңгейге сәйкес келді. Алайда таза пайыздық маржа 2,50% деңгейінде қалып, болжамнан төмен шықты. Қысым пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуімен және депозиттер бойынша маржаның қысқаруымен байланысты. Несие портфелінің көлемі $1,504 трлн-ға жетті.
Резервтерге арналған шығындар $2,51 млрд-ды құрады және күтілген деңгейден 17%-ға төмен болды, бұл пайданы қолдады. Пайыздық емес кірістер $24,47 млрд-қа дейін өсті. Негізгі үлесті сауда операцияларынан және инвестициялық-банктік қызметтен түскен кірістер қосты.
Операциялық шығындар $26,85 млрд-ды құрап, болжамнан жоғары болды. Тиімділік коэффициенті 53,9% деңгейінде қалыптасты. Менеджмент 2026 жылға арналған таза пайыздық кіріс болжамын бұрынғы $104,5 млрд-тан $103 млрд-қа дейін төмендетті. Басшылық ФРЖ мөлшерлемесінің екі рет төмендетілуін күтеді. Жалпы шығындар жөніндегі болжам $105 млрд деңгейінде сақталды.
Аналитиктер нарықтың болжамның төмендеуін теріс қабылдағанын атап өтті. Пайданың негізгі өсімі резервтердің азаюы есебінен қамтамасыз етілді, ал негізгі операциялық көрсеткіштер тұрақты жақсару көрсеткен жоқ.
JPMorgan Chase & Co. — АҚШ-тағы ең ірі банктердің бірі. Компания инвестициялық және коммерциялық банкинг, активтерді басқару және жеке клиенттерге қызмет көрсету салаларында қызмет көрсетеді.
JPM акциялары бойынша ағымдағы ұсыным — «ұстау», мақсатты баға $320.