Kaspi.kz (KSPI) Freedom Finance Global мәліметінше, техникалық тұрғыда өсімнің жалғасуы аясында индекс құрамындағы акциялар арасында өсім бойынша көшбасшы атанды. Төмендеуші тренд сызығын бұзғаннан кейін акциялар серпінін күшейтіп, Nasdaq биржасында тағы 3%-ға өсті. Ең жақын қарсылық деңгейі $84 маңында, одан әрі $90 деңгейіне қарай қозғалу әлеуеті сақталып отыр.
KASE индексі 0,6%-ға өсіп, 7772 пункт деңгейінде жабылды. Индекс 20 наурыздан бергі барлық жабылу деңгейлерінен жоғары бекіді. Нарық жергілікті консолидациядан шығуға жақындады, алайда трендті растау үшін қосымша өсім сессиясы қажет.
Halyk Bank индекс компоненттері арасында өсім бойынша екінші нәтижені көрсетті. LSE биржасында акциялар бір сәтте шамамен 3%-ға қымбаттағанымен, кейін пайда фиксациясы аясында өсімнің бір бөлігі жоғалды. Банк жоғары дивидендтік кірістілік пен төмен мультипликаторлардың арқасында қолдауды сақтап отыр.
Сыртқы нарықтық ахуал қолайлы күйінде қалып отыр. S&P 500 индексі 1,2%-ға өсіп, қалпына келуін жалғастырып, 11 ақпаннан бергі ең жоғары деңгейлерін жаңартты. 30 наурыздағы минимумнан бері индекс 9,8%-ға өсті. Нарықтарға АҚШ пен Иран арасындағы жаңа келіссөздерге қатысты күтулер қолдау көрсетті. Тараптар 21 сәуірде атысты тоқтату режимінің мерзімі аяқталғанға дейін қосымша консультациялар өткізуді жоспарлап отырғаны хабарланды.
Мұнай бағасы күн ішіндегі кері бұрылыстан кейін төмендеді. Халықаралық энергетикалық агенттік Иранмен қақтығыс 2020 жылдан бері алғаш рет әлемдік мұнайға сұраныстың өсуін баяулатуы мүмкін екенін мәлімдеді. Мұнайдың бір баррелі $95,7 деңгейінде саудаланып тұр. АҚШ-тағы макроэкономикалық деректер күтілгеннен әлсіз болды: өндіруші бағалары индексі (PPI) 1,1% болжамға қарсы 0,5%-ға өсті, базалық көрсеткіш 0,1%-ға артты.
Валюта нарығы тұрақты күйінде қалуда. АҚШ доллары теңгеге шаққанда күн ішіндегі 478,5 теңгеге дейінгі қозғалыстан кейін шамамен 476 теңге деңгейінде жабылды. Алдағы сессияларда USDKZT жұбы бойынша бүйірлік (қапталды) диапазонның сақталуы күтіледі.