АҚШ қор индекстері 14 мамырдағы сауданың басында өсіп жатыр: S&P 500 (+0,69%) тарихи максимумға жетті, ал Dow-30 (+0,78%) 50 000 пункт деңгейінен жоғары көтерілді.
Технологиялық компаниялардың өсуі әлі де раллидің негізгі қозғаушы күші болып отыр, бұл сектор S&P 500 индексінде көш бастап тұр. Cisco Systems акциялары табыс туралы есебінен кейін күрт қымбаттады. Компания қызметкерлер санын қысқартатынын және жасанды интеллектке инвестицияны арттыратынын мәлімдеді. Инвесторларды, сондай-ақ, желілік жабдықтарға, әсіресе коммутаторлар, маршрутизаторлар және Wi‑Fi 7 енгізу салаларындағы кең сұраныс жігерлендірген сияқты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ шамамен 10 қытайлық компанияға H200 жасанды интеллект чиптерін сатып алуға рұқсат бергеннен кейін Nvidia-ның нарықтық капитализациясы шамамен $5,6 трлн деңгейіне жетті.
Геосаяси фронтта Қаржы министрі Скотт Бессент АҚШ пен Қытай кейбір қытайлық инвестициялық мәмілелерді жедел қарау механизмі мен бірқатар маңызды емес тауарларға тарифтерді төмендетуді талқылап жатқанын мәлімдеді.
Экономикалық деректерге келсек, сәуір айында бөлшек сауда көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 0,5%-ға өсті. Наурыздағы көрсеткіш бұрын жарияланған 1,7%-дан 1,6%-ға төмен қарай қайта қаралған еді. Автокөліктерді есепке алмағанда, бөлшек сауда 0,7%-ға артты. Мәліметтер бензин бағасының қымбаттауынан туындаған қысымға қарамастан, сәуір айында бөлшек сауданың көпшілік санаттарында тұтынушылық белсенділік байқалғанын көрсетті.
Жұмыссыздық бойынша бастапқы өтініштер саны 12 мыңға артып, 211 мыңға жетті. Қайталама өтініштер саны 24 мыңға өсіп, 1,782 млн болды. Өсуге қарамастан, бұл деректер еңбек нарығында айтарлықтай нашарлау байқалмағанын көрсетті.