Freedom Broker WELL Health Technologies акцияларының өсу әлеуетін жоғары деп бағалайды
Биржалық жаңалықтар
19 мамыр 2026, 19:48
WELL Health Technologies (WELL) 2026 жылдың I тоқсаны бойынша аралас нәтижелерді жариялады. Freedom Broker талдаушылары «Сатып алу» ұсынымын сақтап, акциялардың мақсатты бағасын 7,5 канадалық доллар деңгейінде қалдырды, бұл қағаздың ағымдағы нарықтық бағасынан 2,5 еседен астам жоғары. WELL Health Technologies Канада мен АҚШ-та медициналық клиникалар желісін және денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сервистерді дамытып жатыр.
Freedom Broker мәліметінше, дәл канадалық сегмент компания үшін ең сапалы әрі болжамды өсу көзі болып қала береді. I тоқсанда Canadian Patient Services бөлімшесінің кірісі жылдық мәнде 30%-ға өсті, оның ішінде шамамен 8 пайыздық тармақ органикалық өсім есебінен қамтамасыз етілді. Талдаушылардың болжамынша, органикалық өсімнің жоғары қарқыны кемінде 2026 жылдың соңына дейін сақталады.
WELL компаниясының америкалық бизнесі әркелкі динамика көрсетуді жалғастыруда. U.S. Patient and Provider Services сегментінің жиынтық кірісі жылдық есепте небәрі 2,5%-ға ғана өсті. Freedom Broker мәліметінше, америкалық активтердің нәтижелері компанияның АҚШ-тағы бизнесінің екінші деңгейлі екенін және оның жоғары құбылмалылығын растайды.
Сонымен қатар талдаушылар ағымдағы динамика Wisp, Circle Medical және CRH бөлімшелерін ықтимал дивестициялау және WELL-дің канадалық платформаға көбірек шоғырлану стратегиясының логикасын күшейтетінін атап өтеді. Бұл ретте CRH сегменті тұрақты органикалық өсімнің арқасында АҚШ-тағы ең орнықты актив болып қалып отыр.
I тоқсанда WELL рентабельдігі Freedom Broker күткеннен жоғары болды: түзетілген EBITDA маржасы 11,1% күтілген деңгейге қарсы 11,7%-ды құрады. Алайда талдаушылар оң әсердің бір бөлігі уақытша факторлармен байланысты екенін, оның ішінде Circle Medical бойынша кейінге қалдырылған кірістің танылуын атап өтеді, сондықтан екінші жартыжылдықта маржа қалыпты деңгейге қайта оралуы мүмкін.
WELL менеджменті 2026 жылға арналған кіріс пен EBITDA бойынша болжамын растады. Freedom Broker пікірінше, компанияның қазіргі бизнес құрылымын ескере отырып, бұл болжам тәуекелі төмен болып қала береді.
Жеке инвестициялық ұсыныс болып табылмайды.