XPeng Қытайдағы сатылым қысымына тап болды — Freedom сарапшыларының бағалауы
Биржалық жаңалықтар
1 June 2026, 14:00
Freedom Global талдаушылары қытайлық XPeng (XPEV) электромобиль өндірушісі акцияларының мақсатты бағасын бір бағалы қағаз үшін $28-дан $25-қа дейін төмендетті. XPeng 2014 жылдан бастап жұмыс істейді және интеллектуалды автомобильдерді, автономды жүргізу жүйелерін және жасанды интеллект саласындағы шешімдерді әзірлеуге маманданған.
Сарапшылар компанияның Қытайдағы автомобильдерге деген сұраныстың төмендеуіне тап болғанын және екінші тоқсанға арналған болжамы нарық күткеннен төмен болғанын атап өтті. Бұл ретте технологиялар мен жасанды интеллектке жасалған бәс бизнестің ұзақ мерзімді өсуінің негізгі факторы болып қала береді.
XPeng 2026 жылдың бірінші тоқсанында әрқилы нәтижелер жариялады. Компанияның түсімі жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 18%-ға қысқарып, 13 млрд юаньді ($1,9 млрд) құрады, бұл талдаушылардың консенсус-болжамынан сәл жоғары болды. Таза шығын 1,78 млрд юаньге ($260 млн) жетті, бұл нарық күткеннен шамамен екі есе көп.
Тоқсан ішінде автомобильдерді жеткізу көлемі 33%-ға төмендеп, 62,7 мың дананы құрады. Компания бұл серпінді ҚХР автонарығындағы әлсіз сұраныспен түсіндіреді. Буған қарамастан, сатылым құрылымындағы қымбатырақ модельдер үлесінің артуы арқасында автомобильдердің жалпы маржасы бір жыл бұрынғы 10,5%-дан 12,1%-ға дейін өсті.
Freedom Global талдаушыларының пікірінше, XPeng басшылығы жасанды интеллект технологияларын дамытуға басымдық беруді жалғастыруда. Компания жыл соңына дейін нарыққа автомобильдердің төрт жаңа моделін шығаруды және роботакси мен гуманоидты роботтар бағыттарын коммерцияландыруды жеделдетуді жоспарлап отыр. XPeng физикалық ЖИ саласындағы шешімдер уақыт өте келе түсім мен пайданың қосымша дереккөздеріне айнала алады деп есептейді.
Зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған шығындар шамамен 47%-ға өсіп, 2,9 млрд юаньге ($420 млн) жетті. Қаражат жаңа автомобильдерді әзірлеуге және ЖИ технологияларын дамытуға бағытталған. Инновацияларға салынған ауқымды инвестициялар рентабельділікке қысым жасады: операциялық маржа бір жыл бұрынғы минус 6,6%-ға қарсы минус 14,4%-ды құрады.
Екінші тоқсанға арналған болжам әрқилы болды. XPeng 100–106 мың автомобиль деңгейінде жеткізуді күтеді, бұл нарық күткеніне шамамен сәйкес келеді. Алайда 19,6–24,8 млрд юань ауқымындағы түсім бойынша болжам шамамен 22,2 млрд юаньді болжаған консенсус-көрсеткіштен төмен болды.
Freedom Global талдаушыларының пікірінше, меншікті бағдарламалық шешімдер, автономды жүргізу жүйелері және жасанды интеллект саласындағы жобалар XPeng компаниясына қытайлық электромобиль өндірушілері арасындағы күшейіп жатқан баға соғысы аясында бәсекеге қабілеттілікті сақтауға көмектеседі.
Сарапшылар өсудің негізгі драйверлері ретінде модельдік қатардың кеңеюін, электромобильдердің бұқаралық сегментіндегі сұраныстың ықтимал қалпына келуін және ЖИ бағыттарының одан әрі дамуын атайды. Негізгі тәуекелдердің қатарында Қытай нарығындағы жоғары бәсекелестік, маржаға қысым және бюджеттік сегменттегі өндірушілер санының артуы қалып отыр.
Жеке инвестициялық ұсыныс емес.