Freedom Broker талдаушылары DPC Holdings Limited компаниясының IPO перспективаларын бағалады
Биржалық жаңалықтар
23 June 2026, 15:33
Doncasters Group брендімен жұмыс істейтін DPC Holdings Limited (DPC) 25 маусымда Нью-Йорк қор биржасында алғашқы жария орналастыруын (IPO) өткізеді. Компания акцияларын бір дана үшін $28–32 баға диапазонында орналастыруды, шамамен $700 млн тартуды және нарықтық бағалауын $4,154 млрд деңгейінде қалыптастыруды жоспарлап отыр. Мәміленің ұйымдастырушылары ретінде Jefferies Financial Group (JEF), Morgan Stanley (MS), Barclays (BCS), Moelis & Company (MC), RBC Capital Markets және Rothschild қатысады.
DPC Holdings – аэроғарыш қозғалтқыштары мен өнеркәсіптік газ турбиналарына арналған никель және кобальт негізіндегі суперқорытпалар мен компоненттердің тәуелсіз өндірушісі. Компания экстремалды температура мен қысым жағдайында жұмыс істеуге арналған турбина қалақшалары мен күрекшелерін, конструкциялық құймаларды және турбокомпрессор дөңгелектерін шығарады. Холдинг 1778 жылдан бері жұмыс істеп келеді және Солтүстік Америкада, Ұлыбританияда, Еуропада және Азияда орналасқан 14 өндірістік алаңды басқарады.
Freedom Broker талдаушыларының пікірінше, орналастыру аэроғарыш және газ турбиналары салалары өнімдеріне тұрақты сұраныс аясында өтуде. DPC Holdings клиенттерінің қатарында GE Aerospace (GE), Honeywell International (HON), RTX Corporation (RTX) құрамындағы Pratt & Whitney, Rolls-Royce Holdings, Safran, GE Vernova (GEV) және Siemens Energy секілді қозғалтқыштар мен энергетикалық жабдықтардың жетекші әлемдік өндірушілері бар. Компания өнімдерінің басым бөлігі коммерциялық авиацияда, қорғаныс өнеркәсібінде және өнеркәсіптік газ турбиналары сегментінде қолданылады.
Freedom Broker талдаушылары DPC Holdings компаниясының бірегей инженерлік, химиялық және металлургиялық құзыреттерге ие екенін, ал оның өнімдері коммерциялық авиация саласындағы негізгі бағдарламалардың және ірі газ турбиналық платформалардың басым бөлігінде пайдаланылатынын атап өтеді. Сарапшылардың бағалауынша, әлемдік әуе тасымалының өсуі аясында ірі қозғалтқыш өндірушілердің өндіріс көлемін ұлғайту жоспарлары компанияның одан әрі дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады.
Бұл жеке инвестициялық ұсыныс болып табылмайды.