Freedom Holding Corp. Түркия банкін сатып алуға BRSA мен Түркияның Монополияға қарсы басқармасының мақұлдауын алды
Freedom Holding Corp. жаңалықтары
1 шілде 2026, 11:40
2026 жылғы 1 шілде
Freedom Holding Corp. (FRHC) еншілес компаниясы - Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. Turkish Bank A.Ş. акционерлік капиталының 99,32%-ын сатып алуға Түркияның Банктік реттеу және қадағалау агенттігінен (Banking Regulation and Supervision Agency, BRSA) және Түркияның Монополияға қарсы басқармасынан (Competition Authority) мақұлдау алғанын жариялады.
BRSA мен Монополияға қарсы басқарманың мақұлдауын алу -негізгі дамып келе жатқан нарықтарда қаржылық қызметтердің толық интеграцияланған экожүйесін құру бойынша FRHC-тің ұзақ мерзімді стратегиясының бөлігі болып табылатын мәмілені аяқтау жолындағы маңызды қадам болды.
Мәміле аяқталғаннан кейін, өз тарихын 1982 жылдан бастау алатын Түркияның беделді банктерінің бірі - Turkish Bank A.Ş. Холдингтің брокерлік қызметтер, инвестициялық бизнес және капитал нарығындағы операциялар саласындағы қызмет бағыттарын толықтыра отырып, оның кеңейіп жатқан өңірлік платформасының негізгі элементіне айналады.
Сатып алынғаннан кейін Turkish Bank A.Ş. Түркияның тиісті реттеуші органдарының қадағалауымен жұмысын жалғастырады және Freedom-ның цифрлық қаржылық сервистер, заманауи сату және қызмет көрсету арналары, сондай-ақ клиенттердің қажеттіліктеріне бағытталған өнімдерді әзірлеу саласындағы сараптамасын пайдалана алады.
2026 жылғы ақпанда қол қойылған акцияларды сатып алу-сату шартына (SPA) сәйкес, мәміленің нысанасы тек Turkish Bank A.Ş. TurkishBank Group-тың Ұлыбритания мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасындағы банктік бөлімшелері, сондай-ақ осы топтың басқа да активтері мәміле периметріне кірмейді.
Freedom Holding Corp. Бас атқарушы директоры Тимур Турлов:
«Freedom үшін Түркия – стратегиялық маңызы зор нарық. Біз бұл бағытқа нақты мақсатпен және айқын көзқараспен кіріп отырмыз. Қазақстанда цифрлық экожүйенің адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айнала алатынын дәлелдедік. Іске қосылғанына екі жылға да жетпеген уақытта Freedom SuperApp-ты пайдаланушылар саны 5,67 миллионға жетіп, ол елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан цифрлық сервиске айналды. Біз қаржылық қызметтер мен озық цифрлық өнімдерді бір платформаға біріктірдік. Олар бір-бірін табиғи түрде толықтырып, өзара күшейтеді. Енді осы тәжірибені Түркия нарығына алып келуді көздеп отырмыз. Бұл елдегі әлеуетті клиенттер саны Қазақстанмен салыстырғанда төрт-бес есе көп болуы мүмкін. Банкті сатып алу бізге тиімділігі дәлелденген осы үлгіні ауқымды түрде дамытуға берік негіз қалайды, ал BRSA-ның мақұлдауы оны әлемдегі ең серпінді нарықтардың бірінде іске асыру жолындағы маңызды қадам болды».
Аталған мақұлдауларды алу Түркиядағы Freedom брокерлік бизнесін құрудың қорытынды кезеңімен тұспа-тұс келді. Түркияның Капитал нарығы кеңесінен (Capital Markets Board of Türkiye) брокерлік қызметті жүзеге асыруға түпкілікті рұқсат алу Холдингке бірыңғай қаржылық экожүйе аясында бөлшек, ауқатты және өте жоғары табысты (HNWI) клиенттерге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ корпоративтік клиенттерге қаржылық өнімдер мен қызметтерді ұсыну мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуге жағдай жасайды.
Ұзақ мерзімді перспективада банк банктік қызметтерді, капитал нарығындағы шешімдерді, сақтандыру өнімдерін және трансшекаралық қаржылық сервистерді тығыз интеграциялауды қамтамасыз ете отырып, Freedom-ның өңірлік стратегиясының негізгі элементтерінің біріне айналады деп күтілуде. Болашақта экожүйелік модель электрондық коммерцияны, телекоммуникациялық қызметтерді және өмір салты (lifestyle) саласындағы сервистерді қоса алғанда, қаржылық емес қызметтердің кең ауқымын қамту есебінен кеңейтілуі мүмкін.
Мәміле аяқталғаннан кейін интеграция процесі басталады, оның аясында технологиялық инфрақұрылымды дамытуға, клиенттік тәжірибе сапасын арттыруға, жаңа өнімдер жасауға және Freedom-ның барлық түрік бөлімшелерінің операциялық интеграциясын қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Бұл Холдингтің Еуразиядағы, Таяу Шығыстағы және Орталық Азиядағы қаржылық қызметтер саласындағы ең серпінді дамып келе жатқан топтардың бірі ретіндегі позициясын одан әрі нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ оның стратегиялық маңызды нарықтардағы ұзақ мерзімді инвестицияларға бейілділігін дәлелдейді.
Компания жайында
Freedom Holding Corp. брокерлік қызметпен, бағалы қағаздар саудасымен, инвестициялық зерттеулер мен консультациялармен, инвестициялық-банктік және андеррайтингтік қызметтермен, ипотекамен, сақтандырумен, телекоммуникациямен, авиабилеттер мен мәдени және спорттық іс-шараларға билеттерді онлайн-сатумен айналысатын қаржылық қызметтерді ұсынатын әртараптандырылған компания болып табылады, онлайн-супермаркет және басқа да көптеген қызметтерді ұсынады. Freedom Holding Corp. еншілес компанияларын қосқанда 11,8 мыңнан астам қызметкері бар. Холдингтің бөлімшелері мен еншілес компаниялары Қазақстан, АҚШ, Кипр, Польша, Испания, Өзбекстанды қосқанда 22 елде орналасқан. Freedom Holding Corp. кәдімгі акциялары АҚШ Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясында тіркелген және Nasdaq Capital Market-тегі FRHC тикерімен саудаланады.
БАҚ үшін байланыс деректері: [email protected]