Екінші Амур жолбарысы «Іле-Балқаш» резерватына жіберілді
Freedom Holding Corp. жаңалықтары
4 қараша 2026, 11:52
2026 жылғы 4 қараша, Астана
Freedom Holding Corp. «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы Амур жолбарысын табиғи ортаға жіберу бастамасын қолдады. Бұл — Қазақстанның экожүйесіне жыртқышты қайтару жобасының екінші кезеңі. Жолбарыс елімізде жетпіс жылдан астам уақыт бойы кездеспеген.
Қараша айының басында төрт жастағы Амур атты еркек жолбарыс Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына жіберілді. Жыртқышты табиғи ортаға қайтару қоректік тізбектің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады және өңірдің биоалуантүрлілігін тұрақты сақтауға негіз болады.
Әлібек Қуантыров, Экология және табиғи ресурстар министрі:
«Бүгін біз жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жолында тағы бір маңызды қадам жасап жатырмыз. Алғаш болып Үміт атты ұрғашы жолбарыс табиғи ортаға жіберілсе, бүгін Амур атты екінші жолбарыс — еркек жолбарыс табиғи ортаға жіберілді.
Бұл тарихи оқиға — көпжылдық бірлескен жұмыстың нәтижесі. Ресей тарапына, ең алдымен, «Амур жолбарысы» орталығы мен оның мамандарына бағдарламаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы және тікелей қатысқаны үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ Қазақстанға табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге және жолбарыстардың оралуына жағдай жасауға көп жылдан бері көмектесіп келе жатқан Дүниежүзілік табиғат қорына және барлық серіктестерге алғыс айтамын.
Біздің басты мақсатымыз — бұл жыртқыштарды тарихи мекен ету ортасына қайтару ғана емес, сондай-ақ табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын орнықты популяция қалыптастыру».
Жолбарысты табиғи ортаға жіберуге дайындық карантиннен өткізуді және арнайы қоршауда аңшылық дағдысын тексеруді қамтыды. ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандары жолбарыстың денсаулығын, өз бетінше қорек табу қабілетін және адам пайда болған кездегі мінез-құлқын бағалады. Тексеру нәтижелері Амурдың табиғи ортада өз бетінше тіршілік етуге дайын екенін растады. Дайындықтың барлық кезеңінде адамдармен тікелей байланысқа жол берілген жоқ.
Бағдарламаны қолдау — Freedom компаниясының орнықты даму саласындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі. «Freedom Шапағат» қоры арқылы компания Қазақстандағы әлеуметтік және экологиялық жобаларға тұрақты түрде инвестиция құяды. Бағдарлама аясында холдинг қазақстандық мамандардың Ресейде даярлануын, «Іле-Балқаш» резерватының қоршауларын қажетті жабдықтармен толықтыруды және жолбарыстарды тасымалдауды қамтамасыз етті.
Жоба мемлекеттік, ғылыми және халықаралық ұйымдармен серіктестікте жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Зоология институты, Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, «Жолбарыс» жабайы мысық тұқымдастарын сақтау қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, сондай-ақ қаржылық және сараптамалық қолдау көрсететін WWF пен БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) бар.
Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры:
«Еліміздің табиғи байлығын сақтау және молайту — әлеуметтік жауапкершілігіміздің негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан біз Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жобасына оның белсенді кезеңі басталған сәтте қосылғанымызға қуаныштымыз. Тірі табиғатпен жұмыс істеу қашанда ерекше дәлдік пен сақтықты талап етеді. Алайда екінші жолбарыстың да табиғи ортаға жіберілуі дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді. Бұл, ең алдымен, бізге бірге жұмыс істеу құрметі бұйырған бағдарлама мамандары мен барлық серіктестің еңбегінің нәтижесі. Бүгінде Freedom әлемнің 24 елінде жұмыс істейді, алайда Қазақстан біздің туған үйіміз болды және солай болып қала береді. Сондықтан біз еліміздің дамуына, соның ішінде экология саласына да инвестиция салуды жалғастырамыз»
«Іле-Балқаш» резерватында жыртқыш үшін орнықты қоректік база қалыптастырылған: мұнда 3 000-нан астам тұяқты жануар мекендейді, ал мониторинг олардың санының артып келе жатқанын көрсетеді. Амурдың қозғалысын мамандар тәулік бойы бақылап отырады: жолбарысқа датчигі бар қарғыбау тағылған. Келіп түскен деректер тіркеліп, талданады. Бұл жануарды қорғалатын аумақ шегінде бақылауға мүмкіндік береді.
Данияр Тұрғамбаев, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:
«Әрбір жолбарысты табиғи ортаға жіберу — үлкен жауапкершілік. Жануардың жабайы табиғатта өз бетінше тіршілік етуге дайын екеніне көз жеткізуіміз керек. Сондықтан мұндай шешім оның денсаулық жағдайын, мінез-құлқын және аңшылық дағдыларын мұқият бағалағаннан кейін ғана қабылданады. Біздің жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Мамандар жолбарыстарды, олардың қозғалысын және табиғи ортаға бейімделуін бақылауды жалғастырады».
Бұған дейін, 2026 жылғы 31 шілдеде, резерват аумағына алғашқы Үміт атты ұрғашы жолбарыс жіберілген болатын. ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, ол табиғи ортаға ойдағыдай бейімделіп, жабайы табиғатта тіршілік етіп жатыр.
Жолбарысты сақтау идеясын Freedom өнімдерінде де жалғасын табады: 2027 жылы жыртқыштың бейнесі бейнеленген банк картасын шығару жоспарланып отыр.
Анықтама:
Жобаның хронологиясы:
• 2010: Қазақстан Халықаралық жолбарыс саммитінде жолбарысты елге қайта жерсіндіруге дайын екенін мәлімдеді. Саммитте жолбарыстар санын 2022 жылға қарай екі есеге арттыруды көздейтін TX2 жаһандық бағдарламасы қабылданды.
• 2017: Қазақстан мен WWF Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш маңына жолбарысты қайтару туралы меморандумға қол қойды.
• 2018: «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды.
• 2018–2023: Қорғалатын аумаққа 119 құлан әкелініп, 200 Бұқар бұғысы табиғи ортаға жіберілді. Қоршаулар салынып, автоматты суаттар орнатылды.
• 2024 жылғы қараша: Жобаға «Freedom Шапағат» қоры қосылды.
• 2026 жылғы 8 мамыр: төрт Амур жолбарысы Хабаровскіден Алматы облысына жеткізілді.
• 2026 жылғы 31 шілде: Алғашқы Үміт атты ұрғашы жолбарыс табиғи ортаға жіберілді. Комитеттің мәліметінше, қазір ол жабайы қабандарды сәтті аулап, қорек табуда қиындық көрмейді.
Неліктен «Іле-Балқаш»? WWF бағалауынша, Іле өзенінің атырауы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы — тарихи тұрғыда Тұран жолбарысы мекендеген әрі оны қайта жерсіндіруге ең қолайлы аумақтардың бірі. Тұран және Амур жолбарыстары популяцияларының ДНҚ молекулалары іс жүзінде бірдей. Бағдарлама кемінде 35 жылға жоспарланған.
Компания жайында
Freedom Holding Corp. қаржылық қызметтер көрсететін, брокерлік қызметпен, бағалы қағаздар саудасымен, инвестициялық зерттеулермен және консалтингпен, инвестициялық-банктік және андеррайтингтік қызметтермен, ипотекамен және сақтандырумен, телекоммуникациямен, әуе билеттері мен мәдени және спорттық іс-шараларға билеттерді онлайн сатумен айналысатын, онлайн-супермаркет қызметтерін көрсететін және басқа да көптеген бағыттармен айналысатын әртараптандырылған компаниялар тобының холдингі болып табылады. Еншілес компанияларын қоса алғанда, Freedom Holding Corp. компаниясында 12,1 мыңнан астам қызметкер бар. Холдингтің бөлімшелері мен еншілес компаниялары Қазақстан, АҚШ, Кипр, Армения, Өзбекстан, Еуропалық одақ елдері және басқа да мемлекеттерді қоса алғанда, 24 елде орналасқан. Freedom Holding Corp. жай акциялары АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясында тіркелген және Nasdaq Capital Market биржасында FRHC тикерімен саудаланады.
БАҚ үшін байланыс деректері: