Freedom Broker сарапшылары Palantir Technologies (PLTR) акциялары бойынша нысаналы бағаны $230-дан $250-ға дейін көтеріп, «Сатып алу» ұсынымын сақтап қалды. $159,15 бағасында өсу әлеуеті шамамен 57,1% құрайды. Сарапшылар АҚШ-тағы коммерциялық бизнестің жеделдеуі, қолданыстағы келісімшарттардың кеңеюі және жоғары рентабельділік компания бағалауына қолдау көрсетеді деп санайды, дегенмен котировкалардың инвестор күтулеріне сезімталдығы сақталады.

Компания туралы
Palantir компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың жұмысында деректерді талдау және жасанды интеллектіні пайдалану үшін бағдарламалық жасақтама әзірлейді. Оның AIP платформасы ІІ модельдерін корпоративтік деректермен және күнделікті міндеттермен байланыстыруға көмектеседі — жеткізілімдерді басқарудан құжаттарды өңдеу мен тәуекелдерді бағалауға дейін.
Freedom неліктен мақсатты көтерді
Сарапшылардың басты дәлелі — Palantir жоғары табыстылықты сақтай отырып, түсімді арттырып келеді. III тоқсанда сатылымдар жылдық мәнде 96%-ға өсіп, $2,313 млрд-қа жетті, бұл нарықтық болжам $2,18 млрд-тан жоғары. Түзетілген операциялық маржа 61,7%-ға жетті, ал нарық 60% күтті. Түзетілген еркін ақша ағыны $1,216 млрд болды — болжамдағы $1,04 млрд-тан жоғары.
Freedom пікірінше, мұндай динамика бизнестің кеңеюі әзірге шығындардың соған сай ұлғаюын талап етпейтінін көрсетеді. Бұл алдағы жылдарға түсім, пайда және ақша ағыны болжамдарын көтерудің негіздерінің бірі болды.
АҚШ-тағы коммерциялық клиенттер алғаш рет госсектордан көп әкелді
Америкалық коммерциялық бизнес өсімнің негізгі көзіне айналды: оның түсімі 148%-ға өсіп, $984 млн-қа жетті. Бұл көрсеткіш алғаш рет АҚШ-тағы мемлекеттік тапсырыс берушілерден түскен табыстан асып түсті, олар $953 млн құрады.
Сарапшылар сұранысты компаниялардың тілдік модельдермен жеке эксперименттерден ІІ-ді жұмыс процестеріне енгізуге көшуімен байланыстырады. Тапсырыс берушілер үшін тек сұрауларға жауап алу ғана емес, сондай-ақ өз деректерін пайдалану, оларға қолжетімділікті бақылау және экономикалық нәтижені бағалау маңызды.
Palantir бұл міндеттердің бәрін өз платформасының ішінде біріктіруді ұсынады. Freedom бағалауынша, модельдерді клиенттің нақты операцияларына бейімдеу мүмкіндігі компанияға пилоттық жобаларды ауқымдырақ келісімшарттарға айналдыруға көмектеседі.
Инвесторлар үшін бұл мемлекеттік бизнестен тыс өсім көздерінің кеңейгенін білдіреді. Алайда америкалық нарыққа тәуелділік жоғары күйінде қалып отыр: АҚШ тоқсандық түсімнің 84%-ын қамтамасыз етті.
Қолданыстағы тапсырыс берушілер платформаны пайдалануды кеңейтуде
Palantir өсімін жаңа клиенттерді тарту ғана емес, бар клиенттердің шығындарын ұлғайту да қолдап отыр. Түсімді таза ұстап қалу коэффициенті 165%-ға жетті. Бұл көрсеткіш өнімдерді пайдалануды кеңейту, жекелеген келісімшарттардың қысқаруы және кетім ескерілген жағдайда, салыстырмалы клиенттік база 65%-ға көп түсім әкелгенін білдіреді.
Орындалуға тиіс қалған міндеттемелер көлемі — RPO — 88%-ға өсіп, $4,9 млрд-қа жетті. Бұл метрика жасалған келісімшарттардың белгілі бір бөлігі бойынша болашақ түсімді көрсетеді, тапсырыстардың бүкіл әлеуетті портфелін емес.
Сарапшылар пікірінше, келісімшарттардың кеңеюі сатылымның болжамдылығын арттырады. Сонымен бірге клиенттердің бір бөлігі бастапқы келісімдерді қысқа мерзімге жасайды, сондықтан компанияға ынтымақтастықты ұзарту және кеңейту қабілетін тұрақты түрде дәлелдеп отыру қажет.
Жоғарылатылған болжам инвестициялық тезисті қолдайды
Менеджмент жылдық түсім болжамын бұрынғы $8,150–8,158 млрд деңгейінен $8,530–8,534 млрд-қа дейін көтерді. Түзетілген еркін ақша ағыны бойынша бағдар $4,5–4,7 млрд-тан $4,8–5 млрд-қа дейін арттырылды. IV тоқсанда компания түсімді $2,649–2,653 млрд деңгейінде күтеді. Диапазонның ортасы Freedom талдауында келтірілген нарықтық болжамнан шамамен 7,7%-ға жоғары.
Ал сарапшылар өз кезегінде Palantir түсімін 2027 жылы $13,153 млрд және 2028 жылы $19,154 млрд деңгейінде болжайды. Осы күтулердің іске асуы — нысаналы бағаның жоғарылауына негіз болатын шарттардың бірі.
Неліктен өсу әлеуеті төмен бағалауды білдірмейді
$250 мақсаты 2027 жылға болжанған еркін ақша ағындарының 85 еселік бағалауына негізделген. Сондықтан ағымдағы котировкамен айырмашылық Palantir дәстүрлі көрсеткіштер бойынша арзан көрінеді дегенді білдірмейді: есеп жоғары өсім қарқыны мен рентабельділіктің сақталуын көздейді.
Freedom қазан айындағы «ІI-бумының кері жағы» шолуында компанияның нарықтық мультипликаторлардың өзгеруіне сезімталдығына назар аударған еді. Онда қарастырылған сценарий түсім болжамы өзгермегеннің өзінде, егер инвесторлар болашақ сатылымның әрбір долларына азырақ төлеуге көшсе, бизнестің құны төмендеуі мүмкін екенін көрсетті. Бұл акциялардың нысаналы бағасы емес, тәуекел сценарийі болатын.
Күшті есептілік қаржылық болжамдарды көтеруге негіз берді, бірақ бұл тәуекелді жойған жоқ. Қосымша шектеулер ретінде өнімдерді енгізуге инженерлер тапшылығы, халықаралық коммерциялық бизнестің баяу дамуы және АҚШ-қа тәуелділік қалып отыр.
Осылайша, Freedom ұсынымы корпоративтік ІІ-ге деген сұраныстың әрі қарай түсім мен ақша ағынына айналуына сүйенеді. Мақсатқа қарай қозғалу үшін Palantir бұл күтулерді келесі нәтижелерімен растауы қажет.
Жеке инвестициялық ұсыным болып табылмайды.