Freedom Holding Corp. компаниясының 2-тоқсандағы түсімі 81%-ға өсті
Freedom Holding Corp. жаңалықтары
17 қараша 2026, 09:33
2026 жылғы 17 қараша, Алматы
Freedom Holding Corp. 2027 қаржы жылының 2026 жылғы 30 қыркүйекте аяқталған 2-тоқсанының қаржылық нәтижелерін жариялады*.
Қаржылық көрсеткіштері
Freedom Holding Corp. компаниясының 2027 қаржы жылының 2-тоқсанындағы жиынтық түсімі былтырғы сәйкес кезеңдегі 503,6 млн АҚШ долларымен салыстырғанда 910,1 млн АҚШ доллары болды. Өсімге сақтандыру бойынша таза түсім, пайыздық кіріс, тауар мен көрсетілетін қызметтерді сатудан түскен түсім, саудаға арналған бағалы қағаздар бойынша таза пайда және шетел валютасымен жасалған операциялардан түскен таза пайда ықпал етті. Салық салынғанға дейінгі пайда 50,2 млн АҚШ доллары, таза пайда 46,1 млн АҚШ доллары, ал бір жай акцияға шаққандағы пайда 0,77 АҚШ доллары болды.**
2027 қаржы жылының 6 айында (2026 жылғы 1 сәуірден 30 қыркүйекке дейін) жиынтық түсім 1 642,6 млн АҚШ долларын, ал таза пайда 77,7 млн АҚШ долларын құрады.
2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша қаражат пен оның баламасының, шектеулі қаражат пен инвестициялық бағалы қағаздардың жалпы көлемі 8,4 млрд АҚШ долларын, жиынтық активтер 16,6 млрд АҚШ долларын, ал акционерлердің меншікті капиталы 2,0 млрд АҚШ долларын құрады.
Клиенттер қоры
Freedom Holding Corp. құрамына кіретін компаниялардың клиенттер қоры 2026 жылғы 30 маусымдағы 8,7 млн-мен салыстырғанда 9,3 млн-ға дейін өсті. Есепті кезеңнің соңындағы көрсеткіштер: брокерлік шоттар саны – 907 мың, сақтандыру сегментіндегі клиенттер саны – 878 мың, қаржылық емес компаниялардың клиенттері – 1 553 мың, ал Freedom SuperApp мобилді банкинг қолданбасын пайдаланушылар саны 6,4 млн адамды құрады.
Серіктес компаниялардың пайдаланушыларын қоса алғанда, 2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша Freedom экожүйесінің клиенттері жалпы 14,3 млн-ға жетті.
Нәтижелердің негізгі факторлары
Сақтандыру бойынша таза түсім 102,8 млн АҚШ долларынан 254,8 млн АҚШ долларына дейін өсті. Бұған негізінен клиенттердің сақтандыру шарттары бойынша төлейтін жарналарының артуы ықпал етті. Өсім жаңа шарттар жасасу арқылы зейнетақы аннуитеттері портфелінің жоспарлы түрде кеңеюі есебінен қамтамасыз етілді.
Холдингтің пайыздық кірісі 211,7 млн АҚШ долларынан 323,9 млн АҚШ долларына дейін өсті. Бұған клиенттерге берілген маржалық қарыз бен кредиттерден, кері РЕПО операцияларынан, банктерде орналастырылған қаражаттан, сондай-ақ өтеуге дейін ұсталатын, саудаға арналған және сатуға қолда бар бағалы қағаздардан түскен кірістің артуы ықпал етті.
Тауар мен көрсетілетін қызметтерді сатудан түскен түсім 20,0 млн АҚШ долларынан 50,8 млн АҚШ долларына дейін өсті. Бұған негізінен телекоммуникация сегментіндегі өсім және Freedom Азық-түлік бағыты бойынша тапсырыстар санының артуы ықпал етті.
Саудаға арналған бағалы қағаздар бойынша таза пайда 66,4 млн АҚШ долларын құрады (былтырғы 37,1 млн АҚШ доллары болған). Бұл нәтижеге, ең алдымен, Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын сатудан түскен пайда есебінен қол жеткізілді.
Валюталық операциялар нәтижесінде 26,7 млн АҚШ доллары көлемінде пайда түсті. Былтыр бұл көрсеткіш 0,01 млн АҚШ доллары болған. Бұған негізінен тоқсан ішінде теңгенің 8%-ға нығаюы аясында Freedom Bank-тегі қайта бағалаудан түскен оң бағамдық айырма ықпал етті.
Сонымен қатар шығыс та өсті: былтырғы 446,2 млн АҚШ долларымен салыстырғанда шамамен 859,9 млн АҚШ долларын құрады. Бұған негізінен сақтандыру төлемдері, пайыздық шығыс, еңбекақы төлеу, сатылған тауар мен көрсетілген қызметтердің өзіндік құны, жалпы және әкімшілік шығыс әсер етті. Бұл өсім комиссиялық шығыстың төмендеуі есебінен ішінара өтелді.
Freedom бизнесін дамытумен қатар, «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы Қазақстандағы әлеуметтік бастамалар мен орнықты даму жобаларын қолдауды жалғастыруда. 2026 жылдың 9 айында осы бағыттарды іске асыруға 44 млн АҚШ долларынан астам қаражат бөлінді.
Кезеңнің маңызды жетістіктері
Қаржылық нәтижелерден бөлек, есепті кезең Freedom Holding Corp. компаниясының нарықтағы позициясын нығайтып, топтың негізгі салалардағы қатысу аясын кеңейткен маңызды оқиғалармен ерекшеленді.
2026 жылғы маусымда S&P Global Ratings Freedom тобының бірқатар негізгі компаниясының, соның ішінде «Фридом Банк Қазақстан» АҚ-тың ұзақ мерзімді рейтингтерін «B+»-тен «BB-»-ке дейін көтерді. Қыркүйекте агенттік холдинг пен топтың төрт негізгі компаниясының ұзақ мерзімді рейтингтері бойынша болжамды «тұрақты» деңгейден «оң» деңгейге дейін жақсартты. Бұл ретте еншілес компаниялардың рейтингтері «BB-/B» деңгейінде расталды. Бұдан бөлек, «Фридом Финанс» АҚ пен «Фридом Банк Қазақстан» АҚ-тың ұлттық рейтингтері «kzA-»-дан «kzA»-ға дейін көтерілді.
2026 жылы «Фридом Банк Қазақстан» АҚ, «Freedom Finance Insurance» СК» АҚ және «Freedom Life» СК» АҚ Moody’s Ratings агенттігінен алғаш рет ұзақ мерзімді рейтингтер алды. Олардың деңгейлері тиісінше «Ba3», «Ba1» және «Baa3» деңгейінде болды, болжамдары — «тұрақты». Осылайша, енді бұл компаниялардың кредит қабілеттілігін екі халықаралық рейтингтік агенттік бағалайды, ал «Freedom Life» СК» АҚ-тың рейтингі инвестициялық деңгейде белгіленді.
Қарашада рейтингтік бағалаулардың оң серпіні жалғасты. S&P Global Ratings «Freedom Finance Insurance» СК» АҚ рейтингін бір сатыға — «BB-»-тен «BB»-ке дейін көтеріп, болжамын «тұрақты» деңгейде сақтады.
26 қыркүйекте Самарқанд қаласында өткен Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) Бас ассамблеясында Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов ұйым президенті болып сайланды.
Топ Қазақстандағы табиғатты қорғау бастамасын да әрі қарай қолдауда. «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында Амур атты төрт жастағы аталық амур жолбарысы табиғи ортаға жіберілді. Ол — елдің жабайы табиғатына қайта жіберілген екінші жыртқыш. Алғашқысы — шілдеде табиғи ортаға жіберілген Үміт атты жолбарыс ұрғашысы. Бағдарламаны «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры қолдайды. 2024 жылдан бері Freedom осы бағдарламаға 102 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Қаражат қазақстандық мамандарды оқытуға, резерваттағы қоршауларды жабдықтауға және жолбарыстарды тасымалдауға жұмсалды.
Релиз жарияланған сәтте топтың инфрақұрылымдық жобаларының одан әрі дамуын айқындайтын тағы бірнеше маңызды оқиға болды.
Freedom және негізгі инвесторы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың еншілес ұйымы — «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ болып табылатын Kokzhiyek Fund L.P. қоры топтың инвестициялық жобаларын облигациялық қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Олардың қатарында деректерді өңдеу орталықтары, жасанды интеллектке арналған есептеу кластері, магистральдық байланыс желілері, халықаралық байланыс арналары мен платформалар, трансшекаралық сауда және логистика бар.
Сондай-ақ холдинг Freedom Lab еншілес компаниясы арқылы Қазақстан Республикасының Көлік министрлігімен Автомобиль жолдарын бақылаудың интеллектуалды жүйесін (АЖБИЖ) құру туралы келісімге қол қойды. Жобаға құйылатын инвестиция көлемі 112 млрд теңгеден асады. Жоба Қазақстанның автомобиль жолдарындағы жүк ағындарын өлшеу мен талдаудың бірыңғай жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Анықтама
Есептілік валютасын қайта есептеуге байланысты резервтің өзгеруі
Холдингтің өзге жиынтық кірісіне/шығысына шоғырландыру кезінде еншілес компаниялардың қаржылық есептілігі көрсеткіштерін холдингтің есептілік валютасына қайта есептеу нәтижесінде туындайтын есептілік валютасын қайта есептеу резервіне қатысты кіріс пен шығыс кіреді. Активтер мен міндеттемелер баптары есепті күнгі бағам бойынша, ал кіріс пен шығыс баптары есепті кезеңдегі орташа бағам бойынша қайта есептеледі. Еншілес компаниялардың функционалдық валюталарының холдинг есеп беретін валютаға қатысты бағамы төмендеген кезде резервтің оң өзгерісі туындайды.
* Өзгеше көрсетілмесе, барлық салыстыру 2026 жылғы 30 қыркүйекте аяқталған тоқсанның көрсеткіштерімен жүргізіледі.
** Пайда акциялардың орташа өлшенген базалық саны 60,6 млн дана деп есептеліп есептелді.
Компания туралы
Freedom Holding Corp – қаржылық қызметтер көрсететін, телекоммуникациямен, ұшақ билеттері мен мәдени және спорттық іс-шараларға билеттерді онлайн сатумен, айналысатын онлайн-супермаркет қызметтерін және басқа да бағыттарды ұсынатын әртараптандырылған компания. Еншілес компанияларын қоса алғанда, Freedom Holding Corp. компаниясында 13,4 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Холдингтің бөлімшелері мен еншілес компаниялары Қазақстан, АҚШ, Кипр, Армения, Өзбекстан, Еуропалық одақ елдерін қоса алғанда, 27 елде орналасқан. Freedom Holding Corp. жай акциялары АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясында тіркелген және Nasdaq Capital Market алаңында FRHC тикерімен саудаланады.
БАҚ үшін байланыс деректері: