General Motors (NASDAQ: GM) компаниясы бас директор Мэри Барраның ықтимал мұрагерлерін іріктеу үшін жетекші кадрларды іздеуге маманданған компанияның қызметіне жүгінді. Бұл туралы жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап The Wall Street Journal хабарлады.
Сонымен қатар автоконцерн бірнеше ішкі кандидатты да қарастырып жатыр. Сондықтан іздеу жұмыстары GM-нің қазіргі басшылары арасында да, компания сыртындағы үміткерлер арасында да жүргізілуде. Сыртқы рекрутингтік компанияның тартылуы GM басшылықтың сабақтастығы мәселесі бойынша кең ауқымды нұсқаларды қарастырып отырғанын көрсетеді.
64 жастағы Мэри Барра General Motors компаниясын 2014 жылдың қаңтарынан бері басқарып келеді. Ол ірі халықаралық автокөлік өндірушіні басқарған алғашқы әйел бас директор атанды. Ал 2016 жылдың қаңтарында Барра компания директорлар кеңесінің төрайымы қызметіне де тағайындалды.