Америкалық қаржылық-технологиялық Intuit компаниясы (NASDAQ: INTU) электрондық маркетинг платформасы Mailchimp-ті италиялық технологиялық Bending Spoons тобына $3,68 млрд-қа сату туралы келісімге келді. Мәміле Intuit Mailchimp-ті шамамен $12 млрд-қа сатып алғаннан кейін небәрі бес жыл өткен соң жасалды. Осылайша, активті қайта сату кезіндегі құны бастапқы сатып алу бағасынан 69%-дан астам төмен болды.
Келісім шарттары бойынша Intuit $3,31 млрд-ты қолма-қол ақша түрінде және қосымша $368 млн-ды Bending Spoons акциялары түрінде алады. Мәмілені жабу реттеуші органдардың қажетті рұқсаттары алынғаннан және стандартты шарттар орындалғаннан кейін 2027 жылдың басында күтіледі. Операция аясында Bending Spoons Mailchimp бизнесіне иелік ететін The Rocket Science Group компаниясының 100%-ын, сондай-ақ соған қатысты активтер мен міндеттемелерді сатып алады.
Intuit сатуға қатысты шешімін жасанды интеллектке негізделген шағын бизнеске арналған өнімдерді әзірлеуге назар аудару қажеттілігімен түсіндірді. Компания алынған қолма-қол қаражатты 2027 қаржы жылы ішінде өз акцияларын кері сатып алуға бағыттауды жоспарлап отыр.