Биткоин, эфир, токендер – бұл сөздер көптен бері таныс. Бірақ олардың қайсысын Қазақстанда заңды түрде сатып алуға болады және қандай қағидалар қолданылады? 2026 жылғы 1 мамырдан бастап елде цифрлық активтер айналымы жүйелі түрде реттеле бастады: цифрлық активтердің түрлері мен олардың операторларының қызметіне қойылатын талаптарды бекіткен заңға түзетулер күшіне енді. Алайда криптовалютамен дүкенде төлем жасау әлі де мүмкін емес – ол әзірге төлем құралы мәртебесіне ие болған жоқ. Инвестор үшін мұның нені білдіретінін рет-ретімен қарастырайық.
|
Материал тек ақпараттық сипатқа ие және инвестициялық ұсыным болып табылмайды. Инвестициялар қашанда капиталды жоғалту тәуекелімен байланысты.
Көрсеткіштер, мөлшерлеме, комиссия, сауда алаңдарының жұмыс қағидалары мен реттеу нормалары өзгеруі мүмкін. Өзекті ақпаратты реттеушілер мен биржалардың сайттарынан тексеріңіз.
|
Цифрлық активтер дегеніміз не?
Цифрлық актив – криптография мен блокчейн технологиясының көмегімен жұмыс істейтін, электрондық нысандағы мүлік. Алайда ол ақша немесе заңды төлем құралы болып саналмайды. Мұндай анықтама «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» 2023 жылғы 6 ақпандағы № 193-VII ҚРЗ заңнамада берілген.
Бұл жерде бірден екі ұғымның аражігін ажыратып алған жөн: «цифрлық активтер» мен «криптовалюта» бір ұғым емес. Криптовалюта – цифрлық активтердің бір түрі ғана. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілген түзетулерге сәйкес, барлық цифрлық мүлік екі топқа бөлінеді:
● қамтамасыз етілмеген цифрлық актив – Bitcoin (BTC), Ethereum (ETH) немесе Solana (SOL) сияқты кең таралған криптовалюталар.
● цифрлық қаржы активтері (ЦҚА) – мысалы, ақшамен қамтамасыз етілген стейблкоиндер немесе цифрлық нысанға көшірілген жылжымайтын мүлік, тауарлар мен бағалы қағаздар сияқты токенделген нақты активтер.
Қарапайым мысалмен түсіндірейік: Bitcoin – қамтамасыз етілмеген цифрлық актив, өйткені оның бағасы тек сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Ал долларға байланған стейблкоиндер басқаша жұмыс істейді: эмитент доллар немесе мемлекеттік облигациялар түріндегі резервті сақтайды және токенді долларға шамамен бір-бір қатынасында айырбастауға міндеттенеді. Токенге айналдырылған облигация немесе жылжымайтын мүлік объектісіндегі үлес – цифрлық қаржы активтерінің тағы бір мысалы. Бұл – дәстүрлі активтің өзі, тек оған қатысты құқықтар кәдімгі тізілімде немесе депозитарийде емес, блокчейндегі жазба арқылы тіркеледі.
Бұдан әрі мақалада негізінен криптовалюта туралы айтамыз, өйткені инвесторларды көбіне осы актив түрі қызықтырады.
Криптовалюта дегеніміз не?
Криптовалюта – қамтамасыз етілмеген цифрлық актив. Оның артында тауар да, қандай да бір компанияның міндеттемесі де жоқ және оны мемлекет шығармайды. Барлық операциялар блокчейнде – банк немесе басқа делдал емес, желі қатысушылары жүргізетін үлестірілген тізілімде тіркеледі.
Криптовалюта кәдімгі ақшадан несімен ерекшеленеді?
● Оны Ұлттық Банк шығармайды және мемлекет есеп айырысу құралы ретінде оның құнына кепілдік бермейді. Бұл теңге немесе доллардан айырмашылығы.
● Операциялар туралы жазбалар банктің немесе төлем жүйесінің жабық дерекқорында емес, желінің көптеген тәуелсіз қатысушысында бір уақытта сақталады.
● Қазақстанда криптовалюта заңды төлем құралы ретінде танылмаған. Дегенмен елде реттелетін криптокарталар жұмыс істеп тұр: төлем жасау кезінде цифрлық актив автоматты түрде сатыла-ды, ал сатушымен есеп айырысу теңгемен жүргізіледі.
Криптовалюта бағасы неге қатты өзгеруі мүмкін?
● Көптеген криптовалюталардың эмиссиясы шектеулі. Оларды сатып алғысы келетіндер қанша көп болса да, белгілі бір мөлшерден артық шығарылмайды. Сондықтан баға сұраныстың өзгеруіне тез әсер етеді.
● Нарық жаңалықтарға өте сезімтал: реттеушілердің шешімдері, ірі инвесторлардың мәмілелері, әлемдік биржалардағы оқиғалар бірнеше минутта немесе сағатта бағаны айтарлықтай өзгертуі мүмкін.
● Көптеген криптовалютаның өтімділігі ірі компаниялардың акциялары немесе ETF-тердікі сияқты жоғары емес. Сондықтан тіпті аса ірі емес мәміленің өзі баға белгіленімдерін айтарлықтай өзгертуі мүмкін.
Сондықтан криптовалюта жоғары құбылмалылыққа ие тәуекелді актив болып саналады: оның бағасының бірнеше күн ішінде ондаған пайызға өзгеруі – қалыпты жағдай. Мұндай құбылыс дәстүрлі бағалы қағаздардың көпшілігіне тән емес.
Көрнекі мысал: 2021 жылғы қарашада шамамен 69 000 долларға жеткен тарихи максимумынан кейін биткоин 2022 жылғы қарашаға қарай шамамен 75%-ға арзандап, 16 000 доллар деңгейіне дейін төмендеді. Ірі қор индекстерінде мұндай ауқымдағы құлдырау дағдарыс жылдарының өзінде сирек кездеседі.
Қазақстанда цифрлық активтер қалай реттеледі?
Реттеу жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» негізгі заң 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданыста. 2026 жылғы 18 қаңтардан бастап № 231-VIII Заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Атап айтқанда, олар Қазақстанда өндірілген цифрлық активтердің кемінде 75%-ын АХҚО-ның лицензияланған биржалары арқылы сату талабын алып тастады.
Келесі маңызды кезең 2026 жылғы 1 мамырда басталды. Осы күні АХҚО-дан тыс жерде цифрлық активтер қызметтерін жеткізушілерді лицензиялау және есептік тіркеудің жаңа жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ 2026 жылғы 16 қаңтарда қабылданған № 259-VIII Заңның нормасы да 1 мамырдан бастап күшіне енді. Ол негізгі заңдағы цифрлық активтер биржалары туралы жеке баптың күшін жойып, мұндай алаңдарды реттеуді лицензиялау мен есептік тіркеудің жалпы жүйесіне енгізді.
Реттеу жүйесі енді ғана іске қосылды, сондықтан оның жекелеген талаптары әлі де нақтылануы мүмкін. Сол себепті мәміле жасамас бұрын ҚР Ұлттық Банкінің сайтындағы қолданыстағы ережелермен танысқан жөн.
АХҚО-дан тыс жерде алғашқы лицензиялар беріліп те үлгерді: 2026 жылғы тамызға қарай
Ұлттық Банк цифрлық активтерді айырбастау бойынша бірнеше операторға, соның ішінде AUSU компаниясына лицензия берді. Ал Қазақстан қор биржасына (KASE) цифрлық активтердің сауда платформасының және цифрлық қаржы активтері платформасының операторы мәртебесі берілді. Әзірге нарық көлемі шағын: лицензияланған операторлардың алғашқы екі айдағы айналымы шамамен 2 млрд теңгені құрады. Дегенмен бұл нарық енді теория жүзінде ғана емес.
Қандай операциялар реттеледі?
● Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді ақшаға айырбастау және керісінше айырбастау – ҚР Ұлттық Банкінің лицензиясы бар айырбастау операторлары арқылы жүзеге асырылады.
● Цифрлық активтермен сауда жасау – есептік тіркеуден өткен сауда платформаларының операторлары арқылы жүзеге асырылады; ЦҚА шығару және олардың айналымы – ЦҚА платформаларының операторлары арқылы жүзеге асырылады. Стейблкоиндерден басқа ЦҚА-ны реттеуді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) жүзеге асырады.
● Цифрлық майнинг – жеке бағыт, оны лицензиялау бұдан бұрын енгізілген.
Цифрлық активтерді сақтау және клиенттерге криптоқоржын ашу.
Платформалар мен нарыққа қатысушыларға қандай талаптар қойылуы мүмкін?
● Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларына ҚР Ұлттық Банкінің лицензиясы, ал цифрлық активтердің сауда платформалары мен ЦҚА платформаларының операторларына есептік тіркеу талап етіледі.
● Клиенттерді сәйкестендіру (KYC) және ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл (AML/CFT) талаптарын сақтау.
Клиенттерге сауда жасауды бастамас бұрын цифрлық активтерге байланысты тәуекелдер туралы ақпарат беру.
Жалпыұлттық реттеуден бөлек, АХҚО-ның жеке режимі бар: осы қаржы орталығында тіркелген
компаниялар цифрлық активтерге қатысты қызметтерді көрсетуге АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі –
Astana Financial Services Authority (AFSA) органынан лицензия ала алады.
Криптобиржа деген не
Криптобиржа – криптовалютаны қор биржасындағы акциялар сияқты сатып алуға, сатуға және айырбастауға болатын сауда алаңы. Екі адамның тікелей мәмілесінен айырмашылығы, биржа делдал рөлін атқарады: сатып алушылар мен сатушылардың өтінімдерін сәйкестендіреді, өтімділікті қамтамасыз етеді және әдетте клиенттердің активтерін оларды шығарып алғанға дейін сақтайды.
Қазақстанда мұндай сауда алаңдары қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де жұмыс істеп тұр. АХҚО аясында AFSA-ның толық лицензиясы бар платформаларға, мысалы, қазақстандық ATAIX Eurasia биржасы мен Binance Kazakhstan және Bybit Kazakhstan жергілікті заңды тұлғалары жатады. Бұл жаһандық платформалардың өзімен бірдей емес: олар бас компанияның брендіне берілген лицензия негізінде емес, AFSA қадағалайтын жеке компаниялар ретінде қызмет етеді.
Айтпақшы, 2025 жылғы желтоқсанда Freedom Finance Global компаниясы Binance Kazakhstan компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар клиенттер цифрлық активтермен үйреншікті интерфейстен шықпай-ақ сауда жасай алуы үшін Binance шешімдерін Freedom брокерлік
платформасына біріктіру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Биржа платформасын пайдаланбас бұрын нені тексеру керек?
● Құқықтық мәртебесі – платформаның ҚР Ұлттық Банкінің лицензиясы немесе есептік тіркеуі бар-жоғын не АХҚО аумағында жұмыс істесе, AFSA-ның тиісті рұқсаты бар-жоғын тексеріңіз.
● Қазақстаннан келген пайдаланушылармен жұмыс істей ме және қандай шарттармен қызмет көрсетеді?
● Комиссиялар – мәмілелер, шотты толтыру және қаражатты шығару үшін алынатын комиссиялар.
● Шотты қалай толтыруға және қаражатты қалай шығаруға болады – теңгемен, валютамен немесе бірден криптовалютамен?
● Клиенттердің активтері қалай сақталады – олар платформаның өз қаражатынан бөлек сақтала ма?
● Сәйкестендіру үшін қандай құжаттар қажет?
● Операциялар сомасына, активтер түрлеріне немесе клиенттер санаттарына қатысты қандай да бір шектеулер бар ма?
«Үздік» криптобиржалардың рейтингін бұл жерде әдейі келтірмейміз: платформалардың шарттары мен деңгейі тым жылдам өзгереді, ал әділ салыстыру үшін үнемі жаңартылып отыратын жеке әдістеме қажет. Платформаны таңдамас бұрын ҚР Ұлттық Банкінің және AIFC/AFSA сайттарындағы лицензияланған қатысушылардың ресми тізілімдерін қарап шығыңыз.
Криптовалютаны Қазақстанда қалай сатып алуға болады?
Қысқаша айтқанда, мынадай тәртіппен әрекет еткен жөн:
1. Сатып алу тәсілінің құқықтық деңгейін тексеру – платформаның түрі мен юрисдикциясына қарай лицензиясы, есептік тіркеуі немесе AFSA рұқсаты бар-жоғын анықтау.
2. Жоғарыдағы бөлімде көрсетілген өлшемдерге сәйкес келетін платформаны таңдау.
3. Сәйкестендіруден өту.
4. Комиссиялармен, шотты толтыру және қаражатты шығару қағидаларымен танысып шығу.
5. Тәуекелді бағалау – құбылмалылық, активтерді сақтау және заңнамадағы ықтимал өзгерістер.
6. Осы қадамдардан кейін ғана өз бетіңізше әрі жан-жақты ойланып шешім қабылдаған жөн.
Одан да түсінікті жолы бар: криптовалютаны бөлек криптоқоржын арқылы емес, тікелей брокерлік шоттан сатып алуға болады. Freedom Инвестиции клиенттері цифрлық активтермен операциялар аясында шотты BTC, ETH, SOL, TON және басқа да бірқатар активтермен тікелей толтырып, қаражатты криптовалюта түрінде шығара алады. Бұл ретте доллар немесе теңгеге міндетті түрде айырбастау қажет емес. Қызметтер AFSA-A-LA-2020-0019 лицензиясы аясында көрсетіледі.
Егер криптоқоржынды өз бетіңізше басқару және жабық кілттерді сақтау ыңғайсыз болса, тағы бір нұсқа бар: криптовалютаның өзін емес, биржалық қордың пайын сатып алу. Astana International Exchange (AIX) биржасында Fonte Capital Ltd басқарушы компаниясымен серіктестікте Fonte Bitcoin ETF (BETF) және Fonte Solana ETF (SETF) қорлары саудаланады. Олардың негізінде нақты Bitcoin мен Solana жатыр, ал активтер лицензияланған кастодианда сақталады. Қорлардың пайларын AIX биржасындағы кез келген басқа бағалы қағаз сияқты Freedom-ның кәдімгі брокерлік шоты арқылы сатып
алуға болады. Бұл үшін бөлек криптоқоржын ашудың қажеті жоқ.
Қорлардың арасында да айырмашылық бар: BETF биткоинмен нақты қамтамасыз етілген, ал SETF жағдайында қор активтерінің бір бөлігі Solana стейкингіне қатысады. Алынған SOL түріндегі сыйақылар қорға қайта инвестицияланады және оның таза активтерінің құнын арттыруы мүмкін. Бұл – кәдімгі биржалық қор форматы криптовалютаны тікелей иеленген кезде өз бетіңізше баптауға тура келетін тетіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінінің мысалы.
Қор пайларын сатып алмас бұрын немесе шотқа криптовалюта салмас бұрын, алдымен брокерлік шот ашып, оны толтыру қажет. Мұны қалай жасауға болатыны және қандай жайттарға назар аудару керектігі «Брокерлік шотты онлайн қалай ашуға және толтыруға болады» мақаласында баяндалған.Нақтылай кетейік: шотты теңгемен немесе валютамен әдеттегідей толтыру – жоғарыда айтылғандай, оны бірден криптовалютамен толтырумен бірдей емес.
Сондай-ақ цифрлық активтермен жасалатын кез келген операцияны тек заңды әрі тексерілген арналар арқылы жүргізген жөн, әйтпесе тәуекелдер күрт артады.
Цифрлық активтердің бағалы қағаздардан айырмашылығы неде?
Цифрлық активтер мен үйреншікті бағалы қағаздар – қаржы құралдарының екі түрлі санаты. Олардың бірін екіншісінен сөзсіз «жақсы» деп айтуға болмайды: бәрі инвестициялау мақсаттарына, инвестициялау мерзіміне және қандай тәуекелге дайын екеніңізге байланысты.
| Параметр | Цифрлық активтер / криптовалюта | Дәстүрлі бағалы қағаздар |
| Экономикалық мәні | Блокчейндегі цифрлық объект; қамтамасыз етілмеген цифрлық актив (криптовалюта) эмитентке қатысты талап ету құқықтарын куәландырмайды | Мүліктік құқықтарды куәландырады: компания капиталының үлесін (акция) немесе эмитенттің борыштық міндеттемесін (облигация) |
| Иеленушінің құқықтары | Әдетте, дивиденд алуға, басқаруға қатысуға және эмитент мүлкінен үлес алуға құқық бермейді (негізгі активі бар жекелеген ЦҚА-ларды қоспағанда). | Дивидендтер немесе купондық кіріс алу, эмитент таратылған жағдайда оның мүлкінен үлес алу құқығы, ал акциялар бойынша – акционерлер жиналысында дауыс беру құқығы |
| Реттеу | «Цифрлық активтер туралы» ҚР-ның заңы 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданыста. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап реттеудің жаңартылған жүйесі күшіне енді. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер заңды төлем құралы болып саналмайды | Бағалы қағаздар нарығы туралы заңнама, реттеуші мен биржалардың қадағалауы (KASE/ҚНРДА, AIX/AFSA) |
| Құбылмалылық | Әдетте, айтарлықтай жоғары: баға бір күн ішінде едәуір өзгеруі мүмкін | Эмитент пен бағалы қағаздар класына қарай өзгереді, орта есеппен криптовалюталарға қарағанда төмен |
| Сақтау тәсілі | Криптоқоржын: кастодиалды емес – мұнда жабық кілтті иесі өзі басқарады; немесе кастодиалды – мұнда кілттерді қызмет көрсетуші басқарады | Брокерлік шотта және депозитарийде есепке алынады, қол жеткізу брокер арқылы жүзеге асырылады |
| Негізгі тәуекел | Құбылмалылық, активке немесе криптоқоржынға қол жеткізу мүмкіндігін жоғалту тәуекелі, операциялық және технологиялық тәуекел, сенімсіз сауда алаңының тәуекелі, реттеудің өзгеруі | Нарықтық тәуекел, эмитент тәуекелі (дефолт), өтімділік тәуекелі |
| Әлеуетті кіріс көзі | Нарықтық құнының өзгеруі; жекелеген активтер бойынша – стейкинг үшін сыйақы | Дивидендтер немесе купондық кіріс, сондай-ақ бағалы қағаздың нарықтық құнының өзгеруі |
Цифрлық активтердің негізгі тәуекелдері
Жоғары құбылмалылық
Криптовалюта бағамы бір күннің, тіпті бір сағаттың ішінде айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Мұндай күрт ауытқулар салынған қаражаттың құнын арттыруы да, оны толықтай жоғалтуға әкелуі де мүмкін. Ал монетаның бұрын қымбаттағаны болашақта да солай болатынына кепілдік бермейді.
Активтер алуға мүмкіндікті жоғалту тәуекелі
Активтерді өз бетінше сақтаған кезде криптовалютаны алуға мүмкіндікті алу жабық кілтке немесе криптоқоржынның seed-фразасына байланысты. Оларды жоғалтсаңыз, активтерден біржола айырылуыңыз мүмкін: мұндай жағдайда жеке куәлік арқылы алу мүмкіндігін қалпына келтіру мүмкін емес. Кастодиалды сақтау кезінде кілттерді платформа басқарады, сондықтан тәуекел платформаның қолжетімділікті қамтамасыз ету рәсімдеріне, қауіпсіздігіне және тұрақтылығына байланысты болады.
Операциялық және технологиялық тәуекел
Платформалар істен шығуы, смарт-келісімшарттарда осалдықтардың болуы, хакерлердің криптобиржаларға шабуыл жасауы – мұның бәрі криптонарықта кездесетін шынайы жағдайлар. Ең бастысы, транзакциялар қайтарылмайды: егер аударым қателесіп немесе алаяқтардың әрекеті салдарынан қате мекенжайға жіберілсе, оны әдетте қайтару мүмкін емес.
Сенімсіз сауда алаңымен жұмыс істеу тәуекелі
Лицензиясы жоқ айырбастау сервистері мен тексерілмеген платформалар – қосымша тәуекел көзі. Мұндай сервистерде клиенттердің қаражаты мен платформаның өз қаражаты тіпті бөлек сақталмауы мүмкін, ал қаражатты шығарып үлгермеу қаупі де бар.
Бұған 2022 жылы FTX биржасының күйреуі айқын мысал бола алады: платформа клиенттердің қаражаты мақсатсыз пайдаланылғаны анықталғанға дейін әлемдегі ең ірі биржалардың бірі болды. Биржа банкротқа ұшырап, бүкіл әлемдегі пайдаланушылар ұзақ уақыт бойы өз қаражатына қол жеткізе алмады. Сондықтан клиенттердің активтері платформаның өз активтерінен бөлек сақталуы маңызды.
Реттеуді өзгерту
Қазақстанда цифрлық активтерге қатысты жүйелі қағидалар енді ғана қолданысқа енгізілді, сондықтан олардың жекелеген талаптары әлі де өзгеруі мүмкін. Заңнамаға енгізілген кез келген түзету белгілі бір активті қай жерде және қалай сатып алуға, сақтауға және сатуға болатынына әсер етуі мүмкін.
Операция жасамас бұрын инвестор нені ескеруі керек?
Цифрлық активті сатып алмас бұрын, өзіңізге бірнеше сұрақ қойған жөн:
● Бұл активтің қалай жұмыс істейтінін түсінемін бе?
● Оның бағасы қандай факторларға байланысты екенін түсінемін бе?
● Платформаның қандай заңды негізде жұмыс істейтінін тексердім бе?
● Барлық комиссияларды – мәміле жасау, шотты толтыру және қаражатты шығару үшін алынатын комиссияны білемін бе?
● Активтің қалай сақталатынын және криптоқоржынға қол жеткізу мүмкіндігін жоғалтсам, не болатынын түсінемін бе?
● Салған қаражатымның құны айтарлықтай төмендеуі мүмкін екеніне дайынмын ба?
● Активті қарызға алған ақшаға сатып алып жатқан жоқпын ба?
● Мен жұмыс істейтін сервис кепілдендірілген кіріс уәде етпей ме?
Сенуге болмайтын күмәнді белгілер мен уәделер
Тіпті сырт көзге заңды болып көрінетін сервистердің арасында да адал жұмыс істемейтіндері кездеседі. Егер сізге мынадай уәделер берілсе немесе ұсыныстар жасалса, сақ болған жөн:
● цифрлық активтерге салынған инвестициядан кепілдендірілген кіріс алуға уәде беру;
● капиталды тез арада екі есе немесе бірнеше есе арттыруды ұсыну;
● «дәл қазір сатып алуды» талап ету, әйтпесе тиімді шарттардың күші жойылатынын айту;
● айқын емес комиссиялар, олар туралы тек операция жасалғаннан кейін білу;
● компания, оның тіркелуі және лицензиясы туралы нақты ақпараттың болмауы;
● ақшаны немесе криптовалютаны тікелей бейтаныс адамға аударуды ұсыну.
Цифрлық активтерге құйылған инвестициядан кепілдендірілген кіріс алуға уәде беру – алаяқтықтың маңызды белгісі. Криптовалюталар мен басқа да биржалық құралдар нарығындағы кірістілікке кепілдік берілмейді.
Мұндай тәсілдің көрінісі көбіне бірдей: алдымен тұрақты кіріс болады деп уәде беру және әдемілеп таныстыру, содан кейін ақшаны шығаруда қиындықтар туындайды, соңында ұйымдастырушылар із-түзсіз жоғалады. OneCoin жобасы дәл осындай тәсілмен жұмыс істеді. Ол өзін криптовалюта ретінде таныстырып, инвесторларға кепілдендірілген кіріс болады деп уәде етті де, әлем бойынша адамдардан миллиардтап доллар жинап алды. Алайда жобаның шынайы блокчейні де, токендерінің нақты құны да болған жоқ.
Жиі қойылатын сұрақтар
Қазақстанда криптовалютаға рұқсат етілген бе?
Иә. «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» ҚР-ның негізгі заңы 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданыста. Ал 2026 жылғы 1 мамырдан бастап реттеудің жаңартылған жүйесі күшіне енді. Криптовалютаны сатып алуға, сақтауға және сатуға тыйым салынбаған, алайда онымен тауар мен көрсетілетін қызметтер үшін төлем жасауға болмайды – ол заңды төлем құралы ретінде танылмаған. АХҚО-дан тыс жерде қызмет көрсетушілер ҚР Ұлттық Банкінің лицензиясы немесе есептік тіркеуі негізінде, ал АХҚО аумағында AFSA-ның тиісті рұқсаттары негізінде жұмыс істейді.
Қазақстанда криптовалютаны қай жерден сатып алуға болады?
Цифрлық активтерді айырбастау бойынша лицензиясы бар операторлардан, есептік тіркеуден өткен сауда платформаларынан, сондай-ақ АХҚО аясында цифрлық активтермен операциялар ұсынатын
брокерлерден сатып алуға болады. Платформаны таңдамас бұрын, оның құқықтық мәртебесін міндетті түрде тексеріңіз.
Криптовалютаны сатудан түскен табысқа салық төлеу керек пе?
Иә. Цифрлық активті сату кезінде табыс ретінде сату бағасы мен сатып алу бағасының арасындағы оң айырма есептеледі. 2026 жылдан бастап мүліктік табысқа ЖТС-тың прогрессивті мөлшерлемесі қолданылады: құн өсімінің 8 500 АЕК-қа дейінгі сомасына 10%, ал одан асатын бөлігіне 15%. Жеке тұлға цифрлық активтермен жасалған операциялардан түскен табысты 270.00 үлгісіндегі декларацияда өз бетінше көрсетуі тиіс. Бұдан бөлек, цифрлық актив иелері сату операциялары болмаған жағдайда да 270.00 үлгісіндегі декларацияны тапсыруға міндетті. Декларацияны есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсыру қажет. Қолданыстағы мөлшерлемелер мен ережелерді Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) сайтынан тексерген жөн.
Брокерлік шот арқылы сатып алудың жеке биржада немесе айырбастау сервисінде сатып алудан айырмашылығы неде?
Криптовалютаны тікелей иеленген жағдайда оны сақтау тәсілі таңдалған сервиске байланысты. Кастодиалды емес криптоқоржында жабық кілт пен seed-фразаның сақталуына өзіңіз жауап бересіз, ал кастодиалды биржада немесе басқа қызмет көрсетушіде кілттерді сервис басқарады. Freedom-ның криптошотында цифрлық активтер компания басқаратын цифрлық әмияндарда есепке алынып, сақталады. Ал биржалық қордың пайлары кәдімгі бағалы қағаздар сияқты брокерлік және депозитарлық инфрақұрылым арқылы сатып алынып, сақталады. Бұл жабық кілттерді сақтауға байланысты кейбір операциялық қиындықтарды азайтады, бірақ нарықтық тәуекелді жоймайды.
Активтер сақталатын биржа немесе платформа банкротқа ұшыраса, қандай өзгеріс болады?
Бұл активтердің нақты қалай сақталғанына байланысты. Егер платформа лицензия негізінде жұмыс істеп, клиенттердің қаражатын өз қаражатынан бөлек сақтаса, зардап шеккен инвесторлардың банкроттық рәсімі арқылы активтерін қайтару мүмкіндігі жоғарырақ болады. Егер клиенттердің қаражаты бөлек сақталмаса, 2022 жылы FTX биржасының күйреуі кезіндегідей, салынған қаражатты қайтару әлдеқайда қиын, ал кейде тіпті мүмкін болмайды. Цифрлық активтер үшін банктік салымдарды сақтандыру жүйесіне ұқсас кепілдік беру жүйесі қарастырылмаған. Сондықтан лицензиясы бар және беделі тексерілген платформаны таңдау – инвесторды қорғаудың негізгі жолы.
Дереккөздер мен пайдалы материалдар
• ҚР-ның 2023 жылғы 6 ақпандағы № 193-VII «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заңы
• ҚР Ұлттық Банкі – 2026 жылғы 1 мамырдан бастап цифрлық активтер айналымын жүйелі реттеудің енгізілуі туралы ақпараттық хабарлама
• ҚР-ның 2025 жылғы 17 қарашадағы № 231-VIII «Жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы
• ҚР-ның 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 259-VIII «Қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы
• ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті – цифрлық активтер мен оларды сатудан түскен табысты декларациялау жөніндегі түсіндірмелер
• ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті – жеке тұлғалар өз бетінше салық салуға жататын табыстарына 2026 жылдан бастап қолданылатын жеке табыс салығының мөлшерлемелері туралы түсіндірмелер