Финансист №1 (41) 2026

Юрий Ичкитидзе
Freedom Finance Global макроэкономисті
Басқа көзқарас
Қаржы әлемінің майталманына айналған талдаушы қыздар
Қаржы нарығының қатысушылары көбіне ең танымал әрі кейде сәттік идеяларға сүйене отырып инвестициялық шешімдер қабылдайды. Әйелдердің талдамалық қабілеттері мен олардың нарыққа деген көзқарасы ұзақ уақыт бойы ерлермен салыстырғанда азырақ сұранысқа ие болды. Алайда дәл әйелдерге тән тәсіл нарықтағы көпшіліктің елемей кететін фундаменталды тәуекелдер мен өсу шектеулерін дәлірек анықтауға мүмкіндік беретіні тәжірибеде дәлелденді — дағдарыстар мен технологиялық өзгерістер мұны айқын көрсетті.
Ерекше пікір
Ондаған жылдар бойы қаржы саласында әйелдердің қатысуы күмәнмен және біржақты қабылданатын сала болып келді. Мұны Management Science журналында жарияланған зерттеу де растайды. Онда 1992–2009 жылдар аралығында әйелдер басқаратын қорларға капитал ағыны ерлер басқаратын ұқсас қорлармен салыстырғанда шамамен 11–12% аз болғаны көрсетілген. Соның салдарынан әйелдер қорларының кірістілігі шамамен үштен біріне төмен болды.
Алайда, дәл әйел-талдаушылар көпшілік ер әріптестері байқамайтын тәуекелдерді жиі анықтайтын. Бұған айқын мысал - Oppenheimer компаниясының бұрынғы талдаушысы Мередит Уитнидің оқиғасы. Ол 2007 жылдың қазан айында АҚШ банктеріндегі жүйелік дағдарыс туралы көпшілікке ескерту жасаған болатын. Нарықтық консенсус басым түрде оптимистік болып тұрған кезеңде, ол Citigroup (C) компаниясының сол кездегі дивидендтері оның нақты пайдасынан асып кеткенін атап өтті. Банк жағдайының күрт нашарлайтынын, оның акциялары 2009 жылдың басына қарай 97%-ға құлдырайтынын дәл болжауы Уитниге «Уолл-стриттің сәуегейі» деген бедел әкелді.
Journal of Corporate Finance* қаржылық талдаушы әйелдердің болжамдары ерлерге қарағанда жиі дәлірек болатынын, алайда әлеуметтік таптаурындар салдарынан нарық олардың пікіріне баяу да әлсіз реакция беретінін көрсететін зерттеу жариялады
*Корпоративтік қаржы туралы белгілі халықаралық шығарылым
Зерттеулер әйелдердің қаржы нарықтарындағы инвестициялық стратегиялары мен талдау әдістері ерлердікінен өзгеше екенін көрсетеді. Кәсіпке кірудегі жоғары тосқауылдардың салдарынан әйел-талдаушылар неғұрлым қатаң таңдаудан өтеді, соның нәтижесінде салада тек болжам жасау дағдалары орта деңгейден жоғары мамандар ғана қалады.
Accounting Research журналында жарияланған зерттеу деректеріне сәйкес, әйелдердің акция бағамдарының бағытына қатысты орташа болжам дәлдігі ерлер көрсеткішінен 7,85%-ға жоғары. Сонымен қатар, әйелдердің болжамдары консенсусқа қарағанда батылырақ болғанымен, статистикалық тұрғыда дәлірек, ал олардың түзетулеріне нарықтың реакциясы медиа назарының төмендігіне қарамастан уақыт өте келе күштірек әрі тұрақтырақ. Осы себепті егжей тегжейге үңілгенді жақсы көретін инвесторлар үшін әйелдердің ерекше пікірі әрдайым қызықты.
Уолл-стриттің сәуегейі
Нарықтағы болашаққа қатысты ең жарқын әрі танымал әйел пікірлердің бірі жақында Уолл-стриттің бұрынғы талдаушысы және аңызға айналған венчурлық инвестор Мэри Микердің есебінде ұсынылды. Ұзақ мерзімді технологиялық трендтерге қатысты дәл болжамдары үшін оны «интернет-патшайымы» деп атайды.
Бұл есеп Микер ханымның соңғы алты жылдағы алғашқы ауқымдық жұмысы әрі оның ең терең және нысаналы зерттеуі болды. Онда жасанды интеллекттің пайда болуымен туындаған технологиялық эволюция ғана емес, сонымен қатар осыған байланысты инфрақұрылымдағы өзгерістер, олардың экономикаға әсері және жахандық бәсекелестіктегі озық технологиялардың ролі артып келе жатқаны жүйелі түрде қарастырылады.
Микер ханым жинаған деректер интернет-шешімдердің бұрын-соңды болмаған қарқынмен таралып жатқанын көрсетеді. WhatsApp 100 млн аудиторияны шамамен үш жарым жылда жинаса, TikTok-қа – тоғыз ай қажет болды, ал ChatGPT осы көрсеткішке небәрі екі айда жетті. Талдаушы интернет-ресурстарды пайдалану ауқымында да осындай динамиканы анықтады: Google-ге жыл сайынғы іздеу сұраныстарының көлемін 365 млрд-қа жеткізу үшін 11 жыл керек болса, ChatGPT салыстырмалы деңгейге екі жылға жетпейтін уақыт ішінде шықты.
Микер ханым компаниялардың инвестициялық стратегияларынан да осындай ұқсас трендтерді анықтады. 2024 жылдың соңына қарай АҚШ-тың алты ірі бигтех компаниясы АИ-ға салынған инвестицияларын жылдық есепте 63%-ға ұлғайтып, шамамен $212 млрд-қа жеткізді, ал 2025 жылдың басында микросхема өндірушілерінің негізгі экожүйелеріндегі әзірлеушілер саны 6 млн-ға жақындады. Мұнда тек көлем ғана емес, инновациялардың таралу сипаты да маңызды: АИ біртіндеп емес, бүкіл әлем бойынша бір мезгілде енгізіліп жатыр.
Араға үш жыл ғана салғанда, АҚШ тан тыс ірі тілдік модельдер (LLM) пайдаланушыларының үлесі 90%-ға жетті, ал интернеттің дәл осындай ауқымға шығуына шамамен ширек ғасыр қажет болған еді. Бұл факторлардың жиынтығы АИ дың пайда болуын кезекті технологиялық цикл емес, жаһандық экономиканың іргелі әрі жүйелі трансформациясы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Микер ханымның болжамынша, алдағы 5–10 жылда АИ тек компаниялар үшін құрал болудан қалып, тұтас мемлекеттер үшін инфрақұрылымның негізгі бөлігіне айналады. Оның пікірінше, 2030 жылға қарай АИ жүйелер код жаза алады, логикалық шешімдер қабылдайды, көптеген тілде коммуникация жүргізеді және клиенттерге қызмет көрсету, сату және операциялық үдерістердегі міндеттерді орындай алады.
Мэри Микердің пікірінше келесі онжылдықтың ортасына қарай ғылыми қызметте жұмыстың бір бөлігін алгоритмдерге өткізіп береді
Көпіршік: ерте диагностика
Лиз Энн Сондерс – Charles Schwab акциялар нарығы бойынша бас стратег. Ол технологиялық факторлардың баға белгілеуге әсерін бағалайды және макрофонды талдайды.
Американдық акциялар нарығы бойынша соңғы болжамда Сондерс ханым ағымдағы экономикалық цикл жай ғана белгісіздіктен гөрі ішкі тұрақсыздықпен сипатталатынын атап көрсетеді. Бұл инвестициялық тәуекелдер мен мүмкіндіктерді анықтау үшін маңызды аяға айналуда. Талдаушының бақылауы бойынша тұрақсыздық әр түрлі экономикалық сигналдарда көрінеді: 3% -ға жақын инфляцияда және импорттық тарифтердің қысымында. Лиз Сондерс өз болжамында технологиялық компаниялардың шағын тобының акциялар нарығына мөлшерлес емес ықпалын көрсетеді. Оның есебі бойынша, «Керемет жетілік» – Apple (AAPL), Microsoft (MSFT), Amazon (AMZN), Alphabet (GOOGL), Meta (META), NVIDIA (NVDA) және Tesla (TSLA) – S&P 500 капиталдандырудың шамамен 40% -ын және оның пайдасының 25% -ын қалыптастырады, бұл нарықтың тұрақтылығына күмән туғызады. Соңғы уақытта құбылмалылық орташа статистикалық деңгейден 20% -ға жоғары, ал өсу көшбасшылары жиі ауысуда. Инвесторлар салымдарды әртараптандырып, технологиялық сектормен шектелмеуі керек.
Жасанды интеллектіні зерттейтін «AI: Stairway to Heaven or Heartbreaker?» ғылыми мақаласында Лиз Сондерс Кевин Гордонмен бірге Мэри Микердің тезистерін растайды. Авторлар позитивті сценарийді іске асыру кезінде AI-шешімдер 1990-шы жылдардағы интернет сияқты технологиялық инновациялардың жаңа драйверіне айналатынына келіседі.
Сонымен қатар, Сондерс пен Гордон АИ-дың инвестициялық тарих ретіндегі екіжақты табиғатына назар аударады. Олар одан әлеуетті ғана емес, инвесторлардың дүрлігуіне және акциялардың жоғары бағалануына байланысты елеулі тәуекелдерді де көріп отыр. АИ әзірлейтін көптеген компаниялар тарихи деңгейден екі есе жоғары мультипликаторлармен сауда жасайды. Бұл көпіршіктің пайда болуына қауіп төндіреді, себебі доткомдар дағдарысы қарсаңында нарықты күту нақты пайданы басып озады. Сондерс өз мақаласында МИТ есебіндегі деректерді келтіреді, олар АИ-дың кең таралуы табыстың өсуіне кепілдік бермейтінін көрсетеді. Ұйымдардың 95% -на дейін ChatGPT және Copilot сияқты құралдарды белсенді пайдалануға қарамастан, генеративті AI (GenAI) енгізуден нөлдік пайда (ROI) алады. Лиз Сондерстің болжамы инвесторлар үшін хайпқа қарсы сүзгі болды. «Керемет жетілік» перспективасына назар аударған көптеген сарапшылардан айырмашылығы, Сондерс портфельдерді әртараптандыруға шақырады.
Медальдың екі жағы
Талдаушы-әйелдер Мэри Микер мен Лиз Сондерстің әдістері көбінесе сәйкес келеді: олар «толқынды ұстауға» ұмтылудың орнына дабылдардың сапасына, бизнес-модельдердің тұрақтылығына және тәуекелдерді бағалауға назар аударады. Бұл өте маңызды, себебі бүгінгі таңда технологиялық прогресс оның қаржылық монетизациясынан озып тұр.
Мэри Микер мен Лиз Сондерс Barron’s** нұсқасы бойынша АҚШ қаржы саласындағы ең ықпалды әйелдердің жүздігіне кіреді
**Инвесторларға арналған кәсіби журнал
Алайда бұл екі талдаушының пікірлері арасында елеулі айырмашылықтар да бар. Егер Микер ханым масштаб жағынан интернеттің пайда болуына тең жүйелі өзгеріс туралы айтса, Сондерс ханым бағалаудың артық кету қаупі, капиталдың шоғырлануы және дотком дәуірінің*** сценарийлерінің қайталануы жөнінде ескертеді. Біріншісі инфрақұрылым мен экономикалық деңгейде не өзгеріп жатқанын сипаттаса, екіншісі нарық осы өзгерістердің жылдамдығы мен тереңдігін бағалауда қалай қателесуі мүмкін екенін көрсетеді. Сарапшылардың ұстанымдары негізгі тұста тоғысады: технологиялық революция инвестициялық тәртіпті жоққа шығармайды.
***Дотком дәуірі — 1990-жылдардың ортасынан 2000 жылға дейінгі кезең, сол кезде инвесторлар интернет экономиканы түбегейлі өзгертеді деген сеніммен интернет компанияларға жаппай қаржы құя бастады. Нәтижесінде алыпсатарлық көпіршік қалыптасып, ол жарылып кетті
АИ-хайп пен тарифтік дауылдар дәуірінде әйелдердің пікірі «жиегіндегі жазбалар» ретінде ғана емес, инвесторлар үшін стратегиялық компас ролінде бірінші орынға шығып отыр . Бұл бағдар басты трендке назарды шоғырландыруға, иллюзиялардан аулақ болуға және тәуекелді бақылауда ұстауға көмектеседі. Өйткені нарықтар тең технологиялық прогресс есебінен ғана емес, маңызды нәрсені маңызы жоқ нәрседен ажырата білетіндердің арқасында дамиды.