Финансист №2 (42) 2026

Елдар Шакенов
Freedom Broker компаниясының Қаржылық талдау бөлімінің талдаушысы
Ақша 2.0
Криптовалюталар инвестициялық әлемді қалай өзгертті
Соңғы жылдары криптовалюталар нишалық эксперименттік активтен шамамен $2,5 трлн капитализациясы бар толыққанды қаржы нарығына айналды. Бұл цифрлық құралдардың дамуы ақшаға деген қатынастан бастап, тәуекелді қабылдау тәсіліне дейін инвестициялау логикасының өзінде түбегейлі өзгерістерге алып келді.
Парадигмалардың ауысуы
Биткоиннің пайда болуы дәстүрлі қаржы жүйесіне деген сенім дағдарысына жауап болды. Алғаш рет транзакцияларды банктер мен мемлекеттердің қатысуынсыз, тікелей жүргізуге мүмкіндік беретін модель ұсынылды. Криптовалютаның негізінде жатқан блокчейнге деген сенімді алгоритмдер қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде криптовалюталар инфляциядан және фиаттық (орталық банктер шығаратын) ақшаның құнсыздануынан қорғайтын құрал – «цифрлық алтын» ретінде қабылдана бастады.
Делдалсыз қолжетімділік
Криптовалюталар инвестициялау үдерісін түбегейлі жеңілдетті. Бүгінде нарыққа кіру үшін смартфон мен MetaMask немесе Trust Wallet сияқты цифрлық әмиянның болуы жеткілікті. Binance пен Coinbase-ті қоса алғанда, ірі биржалық платформалар 100-ден астам елде тәулік бойы сауда жасауға қолжетімділік береді, ал мәмілелер санаулы минуттар ішінде орындалады. Triple A халықаралық төлем жүйесінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылы түрлі криптовалюталарды иеленушілер саны 560 млн адамға жеткен.
Тәуекел емес, мүмкіндік
Криптонарық тәуекел ұғымына мүлде өзгеше көзқарас қалыптастырды. Мәселен, өткен жылы биткоин шамамен $126 мың деңгейінде тарихи максимумға жетсе, 2026 жылдың басында оның бағасы $60–70 мың диапазонына дейін төмендеді, яғни дерлік 50%-ға құлдырады. Соған қарамастан, мұндай құбылмалылық криптоактивтерге деген көзқарасты өзгертіп отырған жоқ. Fidelity инвестициялық компаниясының 2025 жылғы зерттеуіне сәйкес, 35 жасқа дейінгі инвесторлардың шамамен 65%-ы жоғары құбылмалы «монеталармен» жұмыс істеуге дайын, ал бұл ерекшелікті олар қауіп емес, мүмкіндік ретінде қабылдайды.
Жаңа құралдар мен экожүйе
Криптоиндустрия инвестициялық құралдардың кең ауқымын қалыптастырды. Атап айтқанда, Uniswap платформасының UNI токені секілді активтер инвесторларға тұтас экожүйелерге қол жеткізу мүмкіндігін береді. Ал стейблкоиндер, ең алдымен капитализациясы шамамен $150 млрд болатын USDT, құбылмалылықты төмендетуге бағытталған. DeFi-платформалар кредит беру мен өтімділікті қамтамасыз ету арқылы жылына 5%-дан 20%-ға дейін табыстылық ұсынады, мұндай жобалардың бірі ретінде Aave-ті атауға болады. DefiLlama сервисінің деректеріне сәйкес, DeFi секторына тартылған қаражаттың жиынтық көлемі $100 млрд-тан асып, нарықтағы белгілі бір тұрақтану белгілерін көрсетіп отыр.
Жастардың таңдауы
Криптоактивтердің шамамен 60%-ы 18–34 жас аралығындағы буынның үлесіне тиесілі. Оларды ең алдымен нарыққа кіру шегінің төмендігі (шамамен $50-дан) және онлайн-сервистердің қолайлылығы тартады. Chainalysis деректеріне сәйкес, пайдаланушылардың 72%-ы инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы алады. Осылайша, қаржы нарықтары цифрлық мәдениеттің бір бөлігіне айналып, онда қаржы, технология және медиа өзара тығыз тоғысып жатыр.
Дәстүрлі нарықтарға ықпалы
Криптовалюталар классикалық қаржы жүйесін толықтырып келеді. 2024 жылы споттық биткоин-ETF-тердің іске қосылуы нарыққа шамамен $50 млрд көлемінде капитал тартуға мүмкіндік беріп (BlackRock деректері), оны институционалдық инвесторлар үшін ашты. Fidelity сияқты компаниялар криптобағыттарды белсенді түрде дамытып жатыр, ал дәстүрлі хедж-қорлар портфельдерінің 2–5%-ын цифрлық активтерге бөле бастады. J.P. Morgan және өзге де ірі қаржы корпорацияларында криптоактивтерді сақтау қызметтері бүгінде қолжетімді.
Жаңа әлем
Криптовалюталардың пайда болуымен инвестициялау жылдамырақ, қолжетімді бола түсті әрі жаһандық сипат алды. Құбылмалылықтың жоғары деңгейі тәуекелге деген жаңа мәдениетті қалыптастырды: нарық қатысушылары белгісіздік жағдайында әрекет етуге дайын.
Сонымен қатар қаржы әлемі еркін бола түсті: активтерге қол жеткізу енді көптеген делдалдармен шектелмейді. Нәтижесінде цифрлық, орталықсыздандырылған және икемді жаңа инвестициялық орта қалыптасып жатыр, онда әрбір инвестор тең мүмкіндіктерге ие.