Инвестициялық шолу №353. Жаңа бағдарларды іздеу
Freedom Holding Corp. жаңалықтары
S&P Global агенттігі Freedom Holding Corp бойынша болжамды жақсартты
Халықаралық рейтингтік агенттік S&P Global Ratings Freedom Holding Corp. (FRHC), «Фридом Финанс» АҚ, Freedom Finance Global, Freedom Finance Europe және «Фридом Банк Қазақстан» АҚ ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтері бойынша болжамды «тұрақтыдан» «оңға» қайта қарады. FRHC еншілес компанияларының рейтингтері «BB-/B» деңгейінде расталды, ал «Фридом Финанс» АҚ мен «Фридом Банк Қазақстан» АҚ-ның ұлттық шкала бойынша рейтингтері «kzA-» деңгейінен «kzA» деңгейіне дейін көтерілді.
Болжамның жақсаруы Қазақстанның экономикалық перспективаларына берілген бағалаудың жақсарғанын, қаржы секторына, комплаенс функциясына қатысты тәуекелдердің төмендегенін, сондай-ақ топтың тәуекелдерді басқарудың шоғырландырылған жүйесін дамытудағы ілгерілеуін көрсетеді.
S&P агенттігінің бұл шешімі Қазақстан Республикасының егеменді рейтингінің «BBB/A-2» деңгейіне дейін көтерілуінен кейін қабылданды.
«Freedom» тобына кіретін барлық компаниялар бойынша болжамның қайта қаралуы қазіргі жоғары инфляциялық қысымның біртіндеп әлсірейтініне қатысты біздің күтулерімізді көрсетеді. Бұл, өз кезегінде, халықтың нақты қолда бар табысының өсуіне әкелуі мүмкін. Соның нәтижесінде олардың қаржы нарығындағы белсенділігі артып, брокерлік қызметке кеңірек тартылуына ықпал етуі ықтимал. Бұдан бөлек, пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі қазіргі уақытта жылдық 10%-дан жоғары кірістілік ұсынатын банктік депозиттерге басымдық беріп отырған халық үшін бағалы қағаздар нарығын анағұрлым тартымды ете алады. Мөлшерлемелердің төмендеуіне қарай Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығы компанияларының қызметі үшін жағдайлар да қолайлы бола түсуі мүмкін», – деп атап өтті S&P Global Ratings.
Агенттік өз бағалауында баланстың қалыпты өсімін, күшті қаржылық нәтижелерді және табыс көздерінің әртараптандырылуын ерекше атап өтті. S&P Global сарапшыларының пікірінше, бұл факторлар бизнестің кеңеюі барысында топтың капиталдандыру деңгейінің жоғары болып сақталуына қолдау көрсетеді.
Freedom Инвестициялары студенттерге арналған арнайы тарифті іске қосады
1 қыркүйектен бастап Freedom Инвестициялары жаңадан инвестициялауды бастаған инвесторларға арналған арнайы шарттармен «Студенттік» тарифін ұсынады.
Тари шарттары туралы толығырақ
Тарифке кез келген елдің университеттерінде оқитын, 18 жасқа толған студенттер азаматтығына қарамастан қосыла алады.
Тарифті қосу үшін университетте оқитынын растайтын жарамды құжат ұсынып, Freedom Finance Global PLC-де брокерлік шоты болуы қажет. Егер шот әлі ашылмаған болса, оны Freedom Broker қосымшасы арқылы онлайн ашуға болады.
Тариф қосылған күннен бастап бір жыл бойы қолданылады. Инвестициялық портфельдің ең төменгі мөлшеріне қатысты шектеулер жоқ, сондықтан инвестицияны кез келген сомадан бастауға болады.
KASE және AIX қазақстандық биржаларында тариф бойынша комиссия мәміле сомасының 0,07%-ын құрайды. Бұл шарттар IPO-ға қатысуға да қолданылады.
NYSE, NASDAQ, LSE, Xetra және HKEX халықаралық алаңдарында комиссия мәміле сомасының 0,1%-ын құрайды. Бұдан бөлек, әр бағалы қағаз үшін $0,012 және толық немесе ішінара орындалған әрбір өтінім үшін $1,2 алынады.
ITS сауда алаңында комиссия мәміле сомасының 0,1%-ын құрайды, бірақ $0,01-ден кем емес. Оған қоса, әр бағалы қағаз үшін $0,012 алынады.
Опциондармен жасалатын операциялар үшін әр мәміле бойынша $10 және әр келісімшарт үшін $3 мөлшерінде комиссия қарастырылған.
Арнайы сауда шарттарымен қатар студенттер Freedom Academy-дің тегін білім беру бағдарламаларына қол жеткізе алады.