Финансист №1 (41) 2026

Турал Алиев
Freedom Broker кіші талдаушысы
Бағаланбаған фактор
Неліктен әйел фаундерлері бар стартаптар капиталды тиімдірек пайдаланады
Әйелдер құрған компаниялар мен ерлер құрған компаниялардың нәтижелері арасында айтарлықтай айырмашылық бар, әрі бұл айырмашылық енді жекелеген табыс тарихымен емес, ірі деректер массивтерін талдаумен жиі расталып отыр. Венчурлік нарық үшін бұл – аса маңызды өзгеріс: егер гендерлік әсер уақыт өте қайта-қайта көрініп, тұрақты болса, онда бұл кездейсоқтық емес, инвесторлардың қызығушылығын анықтайтын нақты фактор саналады.
Факт бойынша
Boston Consulting Group жүргізген бірнеше жүз ерте кезеңдегі стартаптарды талдау мынаны көрсетті: әйел‑фаундерлері бар компаниялар тартылған әрбір доллар капиталға көбірек табыс әкеледі. Ұқсас жағдайларда мұндай командалар аз көлемде қаржыландыру алып, соған қарамастан салынған қаражаттың жоғары қайтарымын қамтамасыз еткен.
Осыған ұқсас қорытындыны First Round Capital да растады: әйелдер‑негізін қалаған стартаптар жоғары жиынтық табыстылық көрсетіп, нәтижелерінің құбылмалылығы төмен болған.
Kauffman Foundation деректері бойынша, әйелдер құрған бизнес жобалары тезірек өзін‑өзі ақтайды және жедел қосымша қаржыландыруды сирек қажет етеді. Ал венчурлік нарық шығындарды бұрынғыдай ұзақ көтеруге дайын емес қазіргі жағдайда, бұл фактор инвесторлар үшін айтарлықтай артықшылық болып саналады.
Ақырын жүріп – тұрақты боласың
Жоғарыда сипатталған әсердің себептері басқару стиліндегі абстрактілі айырмашылықтарда емес, бизнес дамуының бастапқы кезеңдерінде қабылданатын нақты шешімдерде жатыр. Әйелдер, әдетте, өнімді және бизнес-модельдің экономикасын ұзақтау тестілеп, барлығын мұқият тексеріп алғаннан кейін ғана масштабтауға көшеді. Олар капиталды шектеулі, бақылауды қажет ететін ресурс ретінде қабылдайды, стратегиялық қателіктерді жабудың тәсілі ретінде емес.
Мысалы, Rent the Runway – жазылым бойынша дизайнерлік киімдерді жалға беру сервисі, ол цифрлық платформаны физикалық қорлар мен логистиканы басқарумен үйлестіреді – бастапқыда тіпті венчурлік инвесторлар да тәуекелді деп санайтын сегментте жұмыс істеді. Агрессивті өсімнің орнына Rent the Runway өзінің ішкі экономикасын дәл баптауға басымдық берді. Масштабтау негізгі параметрлер расталған сайын жүрді – заттарды қайта пайдалану жиілігі, тозуы, логистикалық шығындар және нақты сұраныс. Мұндай тәсіл өсімді баяулатса да, тым ерте масштабталған стартаптарға тән жасырын шығындардың жиналуынан сақтап қалды.
Bumble (BMBL) де ұқсас тарих – алғашқы қадам жасау құқығы әйелдерге тиесілі онлайн‑танысу сервисі. Венчурлік логика тұрғысынан бұл модель тәуекелді болып көрінді, өйткені компания бірінші болып жазғысы келетін ерлер аудиториясынан іс жүзінде бас тартты. Алайда дәл осы Bumble таңдаған тәсіл пайдаланушылардың мінез‑құлқын неғұрлым ашық, ал монетизацияны болжамды етті. Өсім онша қарқынды болмағанымен, сапалы болды. Нәтижесінде Bumble жария нарыққа экспансияның жылдамдығы емес, бизнес‑модельдің сенімділігі басты активке айналған сирек технологиялық бизнес ретінде шықты.
Венчурлық консерватизм
Әйелдердің капиталды тиімдірек пайдаланатынына қарамастан, бизнесвумендердің венчурлік қаржыландыруға қолжетімділігі шектеулі. PitchBook деректері бойынша, «әйелдер» стартаптары нарықтағы үлесіне қарай күтілетін көлемнен едәуір аз қаржы алады.
Бұл жағдай жобалардың сапасына қарағанда, венчурлік индустрияның өз құрылымымен көбірек байланысты. Инвестициялық шешімдер тар кәсіби қауымдастықтардың ішінде қалыптасады, онда тәжірибе мен табысты кейстердің қайталануы негізгі бағдар болып саналады. Бұрын қорға үлкен пайда әкелгендерге ұқсайтын фаундерлер априори тәуекелі төмен деп қабылданады. Осылайша тұйық шеңбер пайда болады: капитал қайта‑қайта таныс модельдерге бағытталады, ал жаңа типтегі фаундерлер бизнес көрсеткіштеріне қарамастан назардан тыс қалады.
Инвесторлармен алғашқы кездесулер кезеңінде‑ақ айырмашылықтар байқала бастайды. Іскерлік коммуникация бойынша зерттеулер әйелдерге көбіне тәуекелдер мен теріс сценарийлерден қорғану шаралары туралы сұрақтар қойылатынын көрсетеді. Ал ерлерге нарық көлемін, өсу қарқынын және агрессивті кеңею жоспарларын талқылау ұсынылады. Нәтижесінде жоба туралы әсер (оң немесе онша емес) оның көрсеткіштері талданбай тұрып‑ақ қалыптасады және келіссөздердің нәтижесіне қаржылық модельден де күшті ықпал етуі мүмкін.
Founders Forum Diversity Report мәлімдейді: әйел‑фаундерлер кездесетін мәселелер бизнес масштабталған сайын күшейе түседі. Бұл «жинақталатын теңсіздік» әсерін туындатады.
Дегенмен, нарықтық орта өзгеріп келеді, және бұл кедергілер біртіндеп жойыла бастады. Капитал құнының өсуі, өтімділіктің төмендеуі және инвесторлар тарапынан қысым венчурлік қорлардың басқарушыларын бизнестің нақты экономикасын мұқият зерттеуге мәжбүрлейді. Пайдасыз өсімге инвесторлардың төзімділігі күрт азайды. Мұндай жағдайда шектеулі ресурстармен тиімді жұмыс істеу қабілеті аса қуатты бәсекелік артықшылыққа айналады. Нәтижесінде венчурлік инвесторлардың басымдықтары тәртіп деңгейі жоғары және тұрақтылық көрсететін командаларға қарай ығыса бастады.
Әйелдерге назар аудару – жаңа инвестициялық стратегия
Бизнес тиімділігі мен капиталға қолжетімділік арасындағы айырмашылық сақталып отырған жағдайда, әйел‑фаундерлерге бағытталған венчурлік стратегиялардың жеке сегменті қалыптасты. Female Founders Fund, BBG Ventures және Serena Ventures сияқты қорлар дамуның ерте кезеңдеріндегі бағаланбаған компанияларды іздейді. Бұл инвесторлар үшін басым бағыт — мәмілелер бойынша бәсекелестік саладағы орташа деңгейден төмен, бағалары біршама қалыпты, ал экономикалық параметрлері мен болашағы ағымдағы нарықтық бағалаулардан жиі жоғары болатын сегменттер. Осылайша тәуекел мен әлеуетті табыстылық арасындағы арақатынасы неғұрлым теңгерімді портфельдер қалыптасады.
Ең ірі дәстүрлі венчурлік ойыншылардан айырмашылығы, мұндай қорлар әдетте аз көлемде инвестиция салады, бірақ оны басқаруға практикалық қатысу арқылы өтейді. Олар қаржылық модельге, шығындар құрылымына және масштабталу қарқынына назар аударады. Басымдық кез келген бағамен жылдам өсімге емес, жаңа капиталға тұрақты тәуелділіксіз бірнеше нарықтық циклден өте алатын тұрақты бизнес құруға беріледі.
Мұндай инвестициялық фокус портфельдердің салалық құрылымында да заңды түрде көрініс табады. Бизнесвумендер түпкі тұтынушының қажеттіліктерін терең түсіну маңызды болатын салаларда ең жоғары нәтижеге жетеді. Дәл эмпатия өнімнің ұзақ мерзімді экономикасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл денсаулық сақтау мен биотехнологияларда, қаржылық сервистер мен білім беру саласында, бизнеске арналған бағдарламалық шешімдер мен климат мәселелерінде, сондай‑ақ тұтынушылық сегментте өзекті.
Бұл бағыттарды бұрын нарық жиі елемей келген тұрақты сұраныс біріктіреді. Көп жағдайда венчурлік инвесторлар бұл секторларды тым күрделі және жылдам өсуге қабілетсіз, демек капиталды қайтаруға да мүмкіндігі төмен деп есептеді. Бүгінгі таңда экономикадағы «әйелдер» спектріндегі салаларды кәсіби нарық қатысушылары венчурлік инвестицияларды әртараптандырудың, сондай‑ақ сенімді әрі «ұзақмерзімді» табыс көзін ашудың тәсілі ретінде жиі қарастыра бастады.

Дереккөз: Founder Forum Group