Финансист №1 (41) 2026

Дмитрий Поздняков
Freedom Finance Global талдаушысы
Автопромның темір ханшайымы
Детройттың қарапайым қызы General Motors тізгінін қалай қолына алды және концернді дағдарыстан қалай алып шықты
2013 жылдың соңында Американың ең ірі автокөлік өндірушісі General Motors (GM) компания бас директоры қызметіне Мэри Барраны тағайындағанын жариялады. Соңғы уақыттан бері концерн акциялары 100%-ден аса қымбаттап, көптеген ірі бәсекелестердің баға белгілеулерін басып озды. GM-ні өсу құпиясы неде? Автогиганттың СЕО лауазымын иеленген алғашқы әйел қабылдаған шешімдер туралы әңгімелейміз.
Отбсылық құндылықтар
Мэри Барра АҚШ‑тың автомобиль индустриясының қақ ортасы саналатын Детройттың шеткері ауданында өсті. Әкесі 39 жыл бойы GM компаниясында білікті металл қалыптаушы болып жұмыс істеген. Мэри өзінің мансабын осы кәсіпорында 1980 жылы бастап, жұмысын компания ішінара төлеген оқуымен ұштастырды. Университетті бітіргеннен кейін Барра аға инженер қызметіне кірісті, көп ұзамай оған Стэнфорд бизнес мектебіне түсу үшін стипендия тағайындалды. 1990 жылы ол MBA бағдарламасын аяқтап, содан бері GM‑нің көптеген бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарып үлгерді.
2013 жылы Мэри Барраның міндеттері айтарлықтай кеңейді. Ол өнімдерді ғаламдық дамыту, сатып алулар және жеткізу тізбегі бойынша атқарушы вице‑президент қызметін иеленді. Дәл осы кезеңде Мэри Барраның жұмысы жұртшылықтың назарын аудара бастады. 2013 жылдың қорытындысы бойынша Forbes журналы Барраны бизнес саласындағы ең ықпалды 50 әйелдің қатарына қосты (50 Most Powerful Women in Business).
Сапа бағасы
Бас директор қызметіне келгеннен кейін көп ұзамай, 2014 жылдың ақпанында, Мэри GM автомобильдеріндегі тұтандыру құлпының (ignition switch) қауіпті ақауы салдарынан қауіпсіздік жастықшалары ашылмай, жол апаттарында қаза тапқан адамдардың туыстарының көзіне тура қарауға мәжбүр болды. Сол бір жылдың ішінде корпорация бүкіл әлем бойынша түрлі ақауларға байланысты шамамен 30 млн автокөлікті қайтарып алды. Барра басшылыққа келген соң GM‑дегі қауіпсіздік мәселелерін жиі жасыру тәжірибесі іс жүзінде өткеннің еншісінде қалды. Мэри Speak up for Safety («Қауіпсіздік үшін сөз сөйле») бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама қызметкерлерді автомобильде қандай да бір қауіпсіздік кемшілігі бар деген күдік туындаса да, оны дереу хабарлауға ынталандырады.
Нарыққа құлақ ассақ
2010‑жылдардың ортасында АҚШ нарығында жол талғамайтын көліктерге сұраныс күрт артты. Тұтынушылар талғамындағы бұл өзгерісті GM назардан тыс қалдырмады. 2018 жылы компания алты модель седанды өндіруді тоқтататынын және бес зауыттың жұмысын уақытша тоқтататынын мәлімдеді – бұл жол талғамайтын көліктер мен электромобильдер өндірісін кеңейту үшін жасалды.
Уақтылы қайта бағдарлану компанияға Солтүстік Америкада мықты позицияны сақтап қалуға көмектесті. 2017 жылы ханым Барра бірнеше жыл бойы GM‑ге миллиондаған шығын алып келген Opel және Vauxhall брендтерін, зауыттарын және инженерлік орталықтарын сату жөнінде стратегиялық шешім қабылдады. Бұл 2015 жылға дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда операциялық маржиналдықты арттыруға мүмкіндік берді.
Болашаққа бет алу
Мэри Барраның есімі General Motors компаниясының жаңа сегменттерді дамытуымен де тығыз байланысты. 2020 жылы СОЕ электромобильдерге арналған Ultium модульдік платформасын таныстырды. Бұл платформа ондаған түрлі көлікті жылдам шығарудың негізіне айналды. Ultium технологиялары өз тиімділігін көрсетті: электромобиль платформаларына дер кездегі инвестициялар GM-ге 2023 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ-тағы электромобиль жеткізілімдері көлемі бойынша Tesla-дан кейінігі екінші орынға шығуға мүмкіндік берді, нрықтағы үлесі - 6,4%. GM бұл позицияны әлі күнге дейін сақтап келеді: 2025 жылдың алғашқы үш тоқсанының қорытындысы бойынша компания өз үлесін 13,9% дейін ұлғайтты.
Автоқоқысқа жол жоқ!
Forbes Мэри Барра туралы «Бұдан кейін ешқандай нашар көлік болмайды» (No More Crappy Cars) деп жазған. Бұл сөздер Мэридің General Motors компаниясын басқарған 12 жылдық кезеңімен тамаша үйлесетін сияқты. Осы уақыт ішінде Барра компанияның нөлінші жылдардың соңындағы банкроттықтан кейін қалған күмәнді беделін түзеп қана қоймай, АҚШ автонарығындағы бірнеше ауқымды трендтерді алдын ала болжап, жаңа технологиялық модельдердің шығарылуын жолға қойған нағыз визионер ретінде танылды.