Финансист №1 (41) 2026

Елена Беляева
Freedom Finance Global инвестициялық тәлімгері
Әйелдер – инвестицияда
Әйелдер ақшаны ерлермен тең дәрежеде, тіпті одан да тиімді басқаруға қалай жетті
Әйелдердің ерлерден айырмашылығы неде? Әйелдер уақыт өте келе тарихи тұрғыдан «ерлерге тән» деп саналатын мамандықтарды меңгеріп, бұл салаларда ерлермен тең дәрежеде, ал кейбір бағыттарда олардан да жоғары нәтиже көрсете ала ма?
Халықаралық әйелдер күніне арналған бұл шығарылымда біз инвестициялар мен қаржының қалай тек ерлердің ісі болудан қалып, осы салада әйелдердің айтарлықтай табысқа жеткенін әңгімелейміз.
«Инвестиция – бұл ерлердің ісі»
Капиталды басқару тарихи тұрғыдан тек ерлердің ісі деп есептелді. Бұл қалай қалыптасты? Неліктен біреулер әйелдерге инвестициялар мен қаржы саласында орын жоқ деп шешті? Бұрын қыз-келіншектердің өз ақшасын биржалық құралдарға салуына кедергі болған бірнеше негізгі алғышарттар бар.
- Дәстүр мен тұрмыс. Әйелдер экономикалық өмірге жіберілмеді – олардың ролі тек отбасылық міндеттермен шектелді. Қыздар қаржылық шешім қабылдамады және өз аттарына меншік сатып алмады – мұның барлығын көпшілік мәдениеттерде ерлер атқарды. Әйелдердің капиталға қолы жетпеді, бұл олардың инвестицияға қатысуын мүмкін емес етті.
Қаржыны басқару тұрмақ, әйелдер қарапайым құқықтардың көбінде шектелді – сайлау құқығы, түсік жасау құқығы, түрлі қызмет түрлерімен айналысу және тіпті ерлермен тең деңгейде білім алу құқығы. - Білім беру. Қаржы, экономика және математика ұзақ уақыт бойы ер адамдардың айналысатын пәні деп есептелді. Ұлдар көбіне сауда, банк ісі және кәсіпкерлікпен байланысты білім алатын, ал әйелдерге ошақтың ұйытқысы ролі берілетін. Қыздардың мұндай білім алуға қаражаты мен мүмкіндігі болғанның өзінде, дәстүрлер көбіне өз дегенін істеп, қоғамдық нормалар олардың қаржы нарықтарына белсенді қатысуына кедергі келтіретін. Тек жиырмасыншы ғасырда ғана жағдай өзгере бастады: Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін әйелдер қаржы және экономикада жақсы білім алуға жаппай рұқсат алды.
Гарвард өзінің әйелдерге арналған MBA бағдарламасын тек 1963 жылы ашты. Ер адамдарға ол 1908 жылдан бастап қол жетімді болды
- Ерлердің үстемдігі. Әйелдер экономикалық білім ала бастағанда, ал дәст.рлер олардың бар уақытын отбасына арнауға мәжбүрлемей қойғанда, қаржы секторында жұмыс істейтін ерлер бұл мамандыққа өзгелерді кіргізуге онша құлықты емес екендігі анықталды.
Банктер, биржалар және инвестициялық клубтар – әйелдерге мүмлдем қолжетімсіз жабық құрылымдар болды. Бұл қауымдастықтың ішінде «өзін-өзі жаңғырту» әсері жұмыс істеді: инвестициялық білім, байланыстар және капитал ерлер арасында ғана беріліп отырды, ал биржалардың ресми нормалары мұны одан әрі күшейтті.
Жарқын мысал – Нью-Йорк қор биржасы. 1967 жылға дейін әйелдер оның мүшесі бола алмады, демек олар тікелей сауда жасауға, брокер немесе дилер болуға құқығы жоқ еді. Көз алдыңызға елестетіңізші – XX ғасыр әйелдер бұрыннан жеке қаржылық капиталға ие, бірақ инвестициялау үшін оларға ер адам делдал болуы қажет, яғни – күйеуінің, туыстарының немесе сенімді брокерлердің көмегі қажет.
Тек 1973 жылы ғана Лондон қор биржасы әйелдерді тікелей сауда-саттыққа жіберген
Заңды кедергілер
1974 жылға дейін АҚШ-тағы әйелдер мен ерлердің қаржыға иелік ету және оны басқару құқығы тең болмады. Банктер әйелдің кез келген қаржылық міндеттемесі – жинақ шотын ашу, ипотека алу немесе кредиттік карта шығару – міндетті түрде ер адамның қолымен расталуын талап ететін.
Әйел қаншалықты табысты болса да, мемлекет оны әлі де тек әйелі немесе ер адамның қосымшасы ретінде қарастырды.
Мұның бәрі Батыстың көптеген заңдарының негізінде ұзақ уақыт тұрған «ковертюра» доктринасына байланысты еді. Бұл докторина әйелдің барлық құқықтары күйеуінің құқықтарының көлеңкесінде мүлдем жоғалып кетеді дегенді білдіретін. XIX ғасырдың соңында некедегі әйелдердің мүлік құқығы туралы заң арқылы осы нормаларды жоюға тырысқанымен, докторинаның бөліктері заңдардың басқа салаларында да, қоғамның тұрмыс салтына да еніп кеткен еді.
Нәтижесінде, әйелдер ерлермен ақша-несие құқығында тек 1974 жылы, «Тең кредиттік мүмкіндіктер туралы акті» қабылданғаннна кейін ғана толық теңестірілді.
Егер болмайтын болса да, бірақ қатты қалап тұрса…
Жоғарыда айтылған кедергілер қыздарды тоқтата алмады. Олар инвестиция жасауды қалады және ол қолдарынан келетін, сондықтан әрдайым айналып өтетін жолдар тапты.
Америкада 1870 жылы Виктория Вудхалл және Теннесси Клафлин негізін құрған «Вудхалл, Клафлин и Ко.» компаниясы пайда болды. Олар тарихтағы алғашқы әйел-маклер болып саналады. 1886 жылы Ұлыбритания астанасында Эми Элизабет Белл әйелдерге арналған брокерлік кеңсе ашты. Ол клиенттерге акцияларды таңдауға көмектесіп, кейін Лондон биржасында қажетті бағалы қағаздарды сатып алу үшін ер-брокерлерден өтініш жасаған.
Ақырында әйелдер қор нарығына рұқсат алды. Бірақ стереотиптер мәселесі сақталды – брокер қыздарды ешкім шын мәнінде байыппен қабылдағысы келмеді.
Джеральдин Вайс – АҚШ-тағы жеке инвестиция тарихындағы ең көрнекті тұлғалардың бірі және дивидендтік тәсілдің пионерлерінің бірі. Калифорния университетінде экономика мен қаржылық талдау бойынша жоғары деңгейлі білім алғанына қарамастан, Вайс сенімсіздікке тап болды. Гендерлік стереотиптерді айналып өту үшін ол өзінің инвестициялық ұсыныстарын G. Weiss деген атпен жариялап, бұл есімнің артында әйел тұрғанын жасырды.
1966 жылы ол Investment Quality Trends инвестициялық бюллетенін шығара бастады. Бұл басылым ондаған жылдар бойы болашағы бар және табысты инвестициялық идеяларды ұсынып, мыңдаған жеке инвесторлардың сеніміне ие болды. Джеральдин Вайс әйелдердің де ерлермен бірдей деңгейде іргелі инвестициялық тәсілдерді қалыптастырып, дамыта алатынын дәлелдеп, стереотипті бұзды. Алайда өзінің жеке тұлғасын ол көпшілікке тек 1977 жылы ғана жария етті.
Лубна Олайян – Шығыста, әсіресе Сауд Арабиясында, әйелдердің бизнестегі рөлінің эмансипациясы мен трансформациясының символы. Лубна сауддық кәсіпкер Сулейман Олайянның отбасында дүниеге келген және 1980 жылдары әкесінің инвестициялық қорына қосылып, отбасылық іске араласа бастады. Ол бизнесті басқаруға келген кезде, оның компаниясы Olayan Group Сауд Арабиясының қор нарығындағы ең ірі институционалдық инвесторлардың біріне айналды.
Отбасылық бизнесте үлкен жетістікке жеткеннен кейін, Лубна Saudi Arab British Bank банкінің тарихтағы алғашқы әйел-президенті болды. Оның мұның бәріне Шығыс дәстүрлерінің өз жүрегінде қол жеткізе алуы – әйелдердің жетекшілік ету қабілетінің шынайы дәлелі.
Қыздар, инвестиция жасаңыздар!
Біз ұзақ жолдан өттік – қаржы біз үшін бір кездері жабық болса, бүгінде инвестиция әлемінде біздің идеяларымыз бен дағдыларымыз мойындалуда. Инвестициялауды бастауға және оны табысты етуге көмектесетін бірнеше ұсыныстар:
- Төзіміңізді шыңдап, ұзақмерзімді ойлаңыз. Уоррен Баффеттің сөзі бар: «Қор нарығы – ақшаны шыдамсыздардан алып, шыдамдыларға беретін құрал». Сондықтан асықпаңыз – ұзақмерзімді стратегия әлемдегі адамдардың басым бөлігі үшін ең қолайлы жол.
Міне, шыдамдылықтың маған жеке қалай пайда әкелгенінің бір мысалы. Мен алтын ETF-іне позиция жинауды 2023 жылдың тамызында бастадым. 2024 жылдың наурызына дейін ол өспеді, бірақ мен инвестицияны ұлғайтуды жалғастыра бердім. Нәтижесінде бұл позиция 2026 жылдың қаңтарында 54,78% табыспен жабылды. Мен оны екі жарым жыл ұстап, қысқа мерзімді түзетулер кезінде сатпай шыдадым. Қорытынды – өте жақсы табыс. - Диверсификациялаңыз. Қаражатты түрлі активтерге бөлу қажет. Сонда бір құрал «құлдырап» кетсе, өзгелері сіздің капиталыңызды сақтап қалады.
Диверсификация – бұл жай ғана көп акция ұстау емес, әртүрлі актив түрлеріне инвестициялау. Мысалы, соңғы жылдары физикалық алтынмен қамтамасыз етілген биржалық қорлар (ETF) өздерін өте жақсы көрсетті. Олар нарықтағы түзету кезеңдерінде портфельдің «отыруын» теңестіріп, жалпы тәуекелді азайтты. - Тәуекелді түсініңіз және одан қорықпаңыз. Егер барлық жинағыңыз тек депозитте сақталса, сіз бәрібір тәуекелге барасыз — инфляция ақшаның құнын төмендетеді. Ал инвестициялық портфельді дұрыс құра отырып, тәуекелді басқаруға болады. Мысалы, қаражаттың бір бөлігін облигацияларға орналастыру жалпы тәуекел деңгейін едәуір азайтады. Бірақ маңызды нәрсені ұмытпау қажет: тәуекел қаншалықты төмен болса, күтілетін табыс та соншалықты төмен болады. Инвестордың шеберлігі — өзіне ең қолайлы тәуекел деңгейі бар стратегияны таңдай білуде. Сондықтан инвестордың шынайы шеберлігі — өзіне психологиялық жағынан да, қаржылық тұрғыдан да қолайлы тәуекел деңгейіне сәйкес келетін стратегияны таңдау.
- Сапаға басымдық беріңіз. Сізде әрдайым таңдау бар: Aliexpress-тен киімге толы шкаф па, әлде Gucci, Versace және Dolce & Gabbana сияқты брендтердің бес-алты сапалы образы ма? Мен екінші нұсқаны таңдаймын — әрі киімде де, инвестицияда да.
Мен шығынға батып жүрген компаниялардың да, жақында IPO-ға шыққан жоғары құбылмалы эмитенттердің де акцияларын сатып алмаймын. Инвестиция жасайтын бизнесім – тек сенімді, табысы мен түсімі жылдан-жылға өсіп келе жатқан компаниялар. Инвестиция – лотерея емес. Нәтиже сіздің ықтималдықтарды бағалау қабілетіңізге тікелей байланысты. 100% нәтижеге кепілдік жоқ, бірақ дәл осы жерде біз бұған дейін айтқан диверсификация көмекке келеді. - Сіздің тәжірибеңіз – ең үлкен күшіңіз. Ағаш егудің ең жақсы уақыты – 20 жыл бұрын еді, ал келесі ең жақсы уақыт – бүгін. Дәл сол сияқты, тіпті шағын болса да, шынайы брокерлік шотыңыздың болуы және оны саналы түрде басқару сізді кез келген курстан жақсырақ үйретеді. Мен өз күшіме сенбеудің кесірінен инвестициялауды ертерек бастамағаныма өкінемін.
Капиталды басқаруды да, велосипед тебуді де тек кітаптан үйрену мүмкін емес — мұнда тәжірибе шешуші рөл атқарады. Ең маңыздысы — өз қаржылық әл-ауқатыңызға қарай алғашқы қадамды бастау.