Финансист №2 (42) 2026

Валерий Золотухин
Венчурлық кәсіпкер, Impact Capital қорының негізін қалаушы
Сұхбат: Валерий Золотухин (Impact Capital венчурлік капитал қоры)
«Әрбір инвестиция портфеліндегі ең ірі активке айналу әлеуетіне ие болуы керек»
Валерий, сіз қалай инвестор болдыңыз?
Мен инвестиция саласына кәсіпкерліктен келдім: оған дейін үш бизнес құрдым. Біріншісі гаджеттер саласына қатысты болды, бірақ көп ұзамай төмен маржамен жоғары айналым маған қызық емес екенін түсіндім. Кейін VIVO -мен айналыстым – үй жағдайында қышқыл сүт өнімдерін дайындауға арналған ашытқыларды сатумен айналысқан ресейлік-украиналық компания. Бұл жоба 2014–2015 жылдардағы дағдарысқа дейін сәтті дамыды. Алайда рубльдің девальвациясы мен жоғары кедендік баж салықтары жобаны шығынға ұшыратты. Дәл осы жағдай бетбұрыс сәтке айналды – мен алғаш рет инвестиция тарттым және жаңа салаға тереңірек үңіле бастадым.
Сол кезде біз жаңа жұмыс үлгісін таптық – Ресейден Африкаға, Қытайға және Таяу Шығысқа люкс автокөліктерін экспорттау. Бұл дағдарысты өткеруге әрі негізгі ашытқы бизнесін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Дәл сол кезеңде мен инвестициялық “иықтың” (leverage) қуатын көрдім: инвесторларға жылына 30–40% табыстылық қамтамасыз ете алдым, соның нәтижесінде менімен бірге инвестиция салуға дайын адамдар ортасы қалыптасты.
Федор Овчинниковтың (Dodo Pizza негізін қалаушы – ред.) үлгісімен жүргізе бастаған блог мен үшін маңызды роль атқарды. Нәтижесінде мен VIVO ны сатып, алғашқы бір миллион доллар табыс таптым. Кейін Dodo Pizza ға инвестиция салдым: алдымен өз қаражатымды, одан кейін ұжымдық мәміле ұйымдастырдым. Компания бірнеше есе өсім көрсетті.
Impact Capital идеясы Уоррен Баффеттің еңбектерін зерделегеннен кейін қалыптасты. Мен қор емес, компания сияқты инвестиция салатын және капитализацияны арттыра алатын құрылым жасағым келді. Соның нәтижесінде осы платформа арқылы шамамен $70 млн тартылып, 40 тан астам мәміле жүзеге асырылды.
Сіз перспективалы жобаларды қалай таңдайсыз?
Бастысы – пайдаланушылар ұсынып, өзі «сөйлейтін» өнім. Одан кейін тәжірибесі бар мықты команда, ауқымды нарық, жоғары маржа және қайталанатын табыс. Стартаптың әлі кірісі болмаса да, оның юнит-экономикасы* нарықтағы орташа деңгейден жақсы болуы маңызды. Мысалы, Twinby дейтинг-сервисі: біз инвестор ретінде кірген кезде оның табысы болмаған, алайда жарнаманың көмегімен жүктеу құнын 10 центке дейін төмендеттік. Қазір сервис ТМД аумағындағы онлайн-дейтингте көшбасшы саналады, оны 15 миллион адам жүктеп үлгерді.
Құрылтайшының амбициясы ерекше мәнге ие: егер ол жайлы, «жеткілікті» деңгейде тоқтауға дайын болса, онда жаһандық бизнес құру мүмкін емес. Әрбір инвестиция портфельдегі ең ірі активке айналу әлеуетіне ие болуы керек. Бұл – ұзақ мерзімге арналған ойын: қанша компанияның «жанып кеткені» маңызды емес, ең бастысы – бір ғана аса табысты инвестицияның саған қанша табыс әкелгені.
*Бұл бір бизнес-бірлікке шаққандағы пайда немесе шығын есебі.
Қандай инвестициялық стратегияны ұстанасыз?
Уақыт өте келе мен түрлі құралдарды сынап көріп, мынадай комбинацияға келдім: портфельдің өтімді бөлігі ретінде – жария нарықтағы акциялар, ал өсім үшін – венчурлік инвестициялар. Венчурда мен негізінен seed кезеңінде (өнім дайын болып, компания өзін-өзі ақтау шегіне ұмтылған сәт – ред.) және A кезеңінде (компания өз бизнес-моделін дәлелдеген, бірақ әлі ауқымын кеңейтпеген — ред.) инвестиция саламын, тек идея деңгейіндегі жобалардан саналы түрде бас тартамын.
Бөлек санат ретінде басқаруға қатысып, жағдайды өзгертуге болатын проблемалы компаниялармен жасалатын мәмілелерді атап өтемін. Әлемдегі ең үздік инвесторлар да жария және жеке активтерді қатар ұстайды. Бұл – жаһандық стандарт.
Жас венчурлық инвесторлар аға буын өкілдерінен несімен ерекшеленеді?
Венчур саласы жасарып келеді. Аға буын өкілдері құпиялылық пен бақылаудың жоғары деңгейіне үйренген, ал венчурлік инвестициялар, керісінше, командаға деген сенімді талап етеді. Жас инвесторлар тәуекелге анағұрлым төзімді және инвестицияны тек табыс үшін ғана емес, тәжірибе жинау, кәсіби ортасын кеңейту және үйрену мақсатында да жасайды. Өзгенің бизнесіне салынған венчурлік инвестициялар нарықты көру қабілетін, тәжірибелік пайымын арттырады және кәсіпкерлер үшін бұл – MBA бағдарламасының тәжірибелік баламасы іспетті.
Инвесторлар қандай жиі кездесетін қателіктер жібереді?
Ең үлкен қателік – активті тым қымбатқа сатып алу. Егер кіру бағасы бірнеше есе асыра бағаланса, бастапқыда дұрыс көрінген инвестиция ақыр соңында сәтсіз шешімге айналады. Өзің жақсы түсінбейтін, «қызып кеткен» тақырыптардағы хайпқа негізделген инвестициялар да қауіпті. Нарықта ақша шыдамсыздардан сабырлыларға өтеді. Сондықтан, сапалы компанияларға инвестиция салып, олардың бизнесін терең түсіну және ұзақ мерзімді ойлау маңызды. Концентрация да маңызды: мықты идеялар инвестициялық портфельдің едәуір бөлігін алуы тиіс. Сонымен қатар өскен активтерді автоматты түрде сата салуға немесе құлдырап жатқанын ұстап тұруға болмайды – шешім қабылдағанда бизнестің іргелі көрсеткіштеріне сүйену қажет.