Freedom Broker сарапшылары: ДӨО және бірігу Black Hills акцияларын қолдайды
Биржалық жаңалықтар
2 қазан 2026, 09:32
Freedom Broker талдаушылары америкалық энергетикалық Black Hills Corporation (BKH) компаниясын «Ұстау» ұсынымымен және мақсатты бағасы $69 деңгейінде қамтуды бастады. Ағымдағы котировкасы $70,08 болғанда бұл 1,54% төмендеуді меңзейді. Компания электр энергиясына сұраныстың өсуінен ұтады және NorthWestern Energy Group (NWE) компаниясымен бірігуге дайындалып жатыр, алайда капиталдың жоғары құны оның акцияларының әлеуетін шектейді.

Энергия жеткізушісі
Black Hills АҚШ-тың сегіз штатында шамамен 1,37 млн клиентті электр энергиясымен және табиғи газбен қамтамасыз етеді. Бизнестің негізін реттелетін коммуналдық қызметтер құрайды: компания инфрақұрылымға инвестиция салады, ал шығындарды өтеу мен рұқсат етілген кірістілік деңгейін салалық реттеушілер айқындайды. Электр энергиясы бағыты генерацияны, беруді және таратуды, газ бағыты — тарату желілерін, газды тасымалдау мен сақтауды қамтиды.
Бірігу ауқымды ұлғайтады, бірақ реттеушінің мақұлдауын талап етеді
Өсімнің басты катализаторы ретінде талдаушылар NorthWestern Energy компаниясымен бірігуді атайды. Компаниялар бірігеді де, кәсіпорынның шамаланған құны шамамен $15,4 млрд болатын Bright Horizon Energy Corporation атты жаңа реттелетін электр және газ компаниясын құрады. Бірігу акциялар алмасу форматында өтеді: Black Hills акционерлері біріктірілген компанияның 56%-ын, NorthWestern — 44%-ын алады, ал NorthWestern-дің бір акциясына 0,98 Black Hills акциясы қарастырылған.
Мәміледен кейін жаңа компания сегіз штатта шамамен 2,2 млн клиентке қызмет көрсетеді, ал 2025–2029 жылдарға арналған инвестициялық жоспарлардың жалпы көлемі $7 млрд-тан асады. Бизнестің ауқымы мен әртараптануы тиімділікті арттыруға, энергетикалық инфрақұрылымға инвестицияны кеңейтуге және бір акцияға шаққандағы пайданың ұзақмерзімді өсімін жылына 5–7% деңгейінде қолдауға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Дата-орталықтар бағалауда әлі толық ескерілмеген сұраныс қалыптастырады
Өсімнің тағы бір көзі — Вайомингтегі электр энергиясының ірі тұтынушылары. Black Hills-тің әлеуетті сұраныс портфелі 2025 жылдың басындағы шамамен 1 ГВт-тан 3 ГВт-тан жоғары деңгейге дейін ұлғайды. Microsoft (MSFT) инфрақұрылымын кеңейтуге және Meta Platforms (META) жобасына байланысты шамамен 600 МВт компанияның 2030 жылға дейінгі жоспарына енгізілген.
Пайда түсімнен жылдамырақ өсуде
2026 жылдың екінші тоқсанында Black Hills түсімі шамамен $453 млн болды. Операциялық пайда жылына шаққанда 17,6%-ға өсіп, шамамен $97 млн-ға жетті. Қарапайым акционерлерге тиесілі таза пайда 38,9%-ға өсіп, $38,2 млн болды, ал түзетілген бір акцияға шаққандағы пайда — 42,1%-ға өсіп, $0,54-ке жетті.
Нәтижелердің жақсаруын жаңа тарифтер мен шығындарды өтеу тетіктері қамтамасыз етті. Олар қаржыландыру мен амортизация шығындарының өсуін өтеді. Бұдан бөлек, өткен жылмен салыстырғанда генерациялайтын қуаттардың жоспардан тыс тоқтауына байланысты шығындардың төмендеуі де көмектесті.
Алғашқы жартыжылдықта түсім 0,9%-ға төмендеді, алайда операциялық пайда 4%-ға өсіп, $299 млн-ға жетті. Түзетілген таза пайда 9,2%-ға өсіп, $176,6 млн болды, ал түзетілген бір акцияға шаққандағы пайда — 4%-ға өсіп, $2,33-ке жетті. Өсу қарқынындағы айырмашылықты талдаушылар акциялар санының артуымен байланыстырады. Компания 2026 жылға арналған түзетілген бір акцияға шаққандағы пайда болжамын $4,25–4,45 диапазонында растады. Бұл көрсеткіш бірігу шығындарын және NorthWestern Energy нәтижелерін есепке алмайды.
Дивидендтер тартымдылықты қолдайды, инвестициялар тәуекел туғызады
Black Hills 56 жыл қатарынан дивидендтерді арттырып келеді. Бір акцияға жылдық төлем $2,812, $70,08 бағада кірістілік шамамен 4% құрайды. Freedom Broker 2026–2030 жылдары дивидендтердің орташа жылдық өсімін 5% деңгейінде болжайды.
Black Hills-тің 2030 жылға дейінгі дербес инвестициялық жоспары $4,7 млрд құрайды. Коммуналдық инфрақұрылымға салынатын инвестициялардың 84%-ы бойынша шығындарды өтеу немесе түсім алу тетігі айқындалған. Бұл болашақ кірістердің болжамдылығын қолдайды, бірақ сыртқы қаржыландыру қажеттілігін жоймайды: талдаушылар моделіне сәйкес, 2027–2030 жылдары $820 млн акционерлік капитал тарту қажет болады. Қосымша акциялар шығару бір акцияға шаққандағы пайданың өсуін тежей алады.
Талдаушылардың атап өтуінше, Black Hills-тің инвестициялық тартымдылығы қазір көбірек дивидендтермен және реттелетін бизнестің тұрақтылығымен байланысты. Бағалауды жоғары қайта қарау үшін бірігудің аяқталу шарттары, жаңа тарифтік шешімдер және электр энергиясының ірі тұтынушыларымен келісімдер маңызды.
Қыркүйектегі жаңа қамтулар
Бұған дейін Freedom Broker автомобиль қауіпсіздік жүйелерін өндіруші Autoliv (ALV) компаниясын «Сатып алу» ұсынымымен және мақсатты бағасы $139 деңгейінде қамтуды бастады — бұл есепте пайдаланылған бағадан шамамен 22% жоғары. Талдаушылар 2027 жылы қайта құрылымдау шығындарының төмендеуі және қытайлық автокөлік өндірушілерімен, сондай-ақ Үндістанда бизнестің дамуы есебінен нәтижелер жақсарады деп күтеді.
Сондай-ақ Freedom Broker сарапшылары жоғары жылдамдықты деректерді беру үшін электрооптикалық полимерлерді әзірлеуші Lightwave Logic (LWLG) компаниясын «Сатып алу» ұсынымымен және мақсатты бағасы $10 деңгейінде қамтуды бастады. Бұл шолуды әзірлеу сәтіндегі котировкаға қатысты шамамен 107% өсім әлеуетін білдіреді. Негізгі күтулер технологияны сынақтан сериялық тапсырыстарға көшіруге және 2027 жылдың екінші жартысында өндірісті ұлғайтуды бастауға байланысты.
Жеке инвестициялық ұсыным болып табылмайды.