Инвестициялық шолу №342. Нәзік тепе-теңдік

Тимур Турлов
CEO Freedom Holding Corp.
Инвестпортфельді энергиямен қуаттаймыз
Freedom Broker талдау командасы стратегиялық есеп дайындады. Онда қазіргі кезеңдегі екі негізгі тренд көрсетілген — қысқа мерзімді инфляциялық шок және жасанды интеллект саласын дамытуда инфрақұрылымдық компаниялардың рөлінің артуы. Ақпараттық фон инвесторларды басталған коррекцияны дағдарыстың белгісі ретінде қабылдауға итермелеуде. Алайда бұл олай емес, өйткені 2026 жылға арналған орташа болжамдар S&P 500 индексіндегі бір акцияға шаққандағы табыстың 15%-ға өсуін көздейді. Қазір нарық осы табыстар үшін қанша төлеуге дайын екенін қайта қарап жатыр, ал бұл мультипликаторлардың қысқаруына алып келеді, бірақ экономиканың құлдырауын немесе бизнестің күйреуін білдірмейді. Оның үстіне, бұл қысқарудың шамамен 82%-ы S&P 500 индексінің үштен бірін құрайтын IT-сектордың үлесіне тиесілі.
Ішінара бұл жағдай инвесторлардың мұнай бағасының күрт өсуіне байланысты қысқа мерзімді инфляциялық серпіліске деген алаңдаушылығымен түсіндіріледі, өйткені бұл әлемдік орталық банктердің мөлшерлемелерді қайта көтеруіне алып келуі мүмкін. Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді инфляциялық күтулер арасындағы айырмашылық 90 б.п.-қа дейін ұлғайды, ал ағымдағы жылға арналған мұнай бағасы бойынша консенсус небәрі бір айдың ішінде барреліне $63-тен $83-ке дейін қайта қаралды. Біздің көзқарасымыз анағұрлым оптимистік, дегенмен тамыз айына дейінгі бағдарымыз да Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне шамамен $85 деңгейінде болуын болжап отыр. Осыдан акциялардың қысқа мерзімді инфляцияға деген аномальды жоғары сезімталдығы туындайды. S&P 500 индексінің бір жылдық инфляциялық своппен корреляциясы -0,61-ге дейін төмендеді, бұл деңгей соңғы рет өткен жылы Дональд Трамптың тарифтік соғыстары кезінде байқалған еді. Инвесторлар тек есептілік маусымын ғана емес, сонымен қатар инфляциялық күтулердің динамикасын және ФРЖ басшылығының риторикасын да ескеруі қажет. Егер мұнай бағасына қатысты болжамдар оның ұзақ мерзімге сақталуын көздемейтін болса, қалпына келу қазіргі нарықтағы мазасыздық аясында көрінгеннен әлдеқайда жылдам жүруі мүмкін.
Тағы бір маңызды тақырып - инвестициялардың софтвер компанияларының бағалы қағаздарынан инфрақұрылым өкілдерінің акцияларына ауысуы: коммуналдық сектор, өнеркәсіп және дата-орталықтар индустриясы. Мұның себебі - жасанды интеллект саласында жаңа тапшы ресурс пайда болды, ол - электр энергиясы. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамына сәйкес, дата-орталықтардың электр энергиясын тұтынуы 2024 жылғы 415 тераватт-сағаттан (ТВт) 2030 жылға қарай шамамен 945 ТВт-қа дейін өседі. Бұл өсімнің шамамен 80%-ы АҚШ пен Қытайдың үлесіне тиесілі болады. Онжылдықтың соңына қарай АҚШ-та дата-орталықтардың электр энергиясын тұтынудағы үлесі 17%-ға жетуі мүмкін.
Alphabet (GOOGL) қазірдің өзінде бес энергетикалық компаниямен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойған. Microsoft (MSFT) пен Chevron (CVX) Техас штатында General Electric (GE) турбиналарын пайдаланатын қуаты 2,5 мың мегаватт болатын жобаны талқылап жатыр. Мұндай мысалдар ай өткен сайын көбейіп келеді және тіпті қысқа мерзімді болса да, сезілетін энергетикалық шок аясында олардың маңызы арта түсуде. Инвесторларға генерациямен, электр энергиясын тасымалдаумен және инфрақұрылымға қызмет көрсетумен байланысты компанияларға портфельде көбірек орын бөлу ұсынылады. Қызықты идеялар ретінде GE Vernova (GEV), Iron Mountain (IRM) және NRG (NRG) аталады. Сонымен қатар энергетикалық желілер мен дата-орталықтарда жұмыс істейтін мердігер компаниялардың акцияларына да назар аударған жөн.
Техникалық тұрғыдан алғанда S&P 500 индексі қазір тартымсыз көрінеді, алайда фундаменталды негізде америкалық компаниялар көшбасшылық позициясын сақтап отыр. Біздің бенчмарк бойынша жыл соңына дейінгі ағымдағы орташа салмақталған мақсатты бағдарымыз — 7300 пункт, бұл қазіргі деңгейлерден шамамен 10% кірістілікке сәйкес келеді. Айта кетейік, бұл болжам Таяу Шығыстағы қақтығыстың жалғасу ықтималдығын және Brent мұнайының бағасы барреліне шамамен $120 деңгейінде болуын да қамтиды. Біздің есепке қатысты толығырақ ақпаратты өз инвестициялық кеңесшіңізден ала аласыз.