Инвестициялық шолу №347. Жаңалық ағынында

Тимур Турлов
CEO Freedom Holding Corp.
Орбитадағы триллион: SpaceX IPO-сының ерекшелігі неде
Өткен жұмада, 12 маусым күні Nasdaq-та SpaceX (SPCX) акцияларының саудасы басталды. Компания бір акция үшін $135 бағамен $75 млрд тартты және $1,77 трлн деңгейінде бағаланды. Бұған дейінгі рекорд Saudi Aramco-ға тиесілі болған, бірақ оның орналастыру көлемі небәрі $29,4 млрд болды, яғни екі еседен астам аз.
SpaceX IPO-на қатысуға сұраныс шамамен төрт есе артып, $250 млрд-қа жуықтады. Жеке инвесторлар $100 млрд-тан астам сомаға өтінім берген, және олар үшін орналастырудың рекордтық 20%-ы резервтелген. Осы ретте SpaceX капиталының небәрі 3–4%-ы ғана еркін айналымға шығарылады.
Үлкен қызығушылық аясында компанияның биржадан тыс нарығында да ауқымды белсенділік қалыптасып, сауда ашылған сәтте оның капитализациясы $1,9–2,4 трлн аралығында бағаланды. Polymarket болжамдары SPCX акцияларының сауданың алғашқы күнінде 70%-ға өсуі мүмкін екенін және эмитент құны $2 трлн деңгейіне жететінін көрсетті. Индекс провайдерлері бұл мәмілеге бейімделу үшін өз ережелерін қайта қарады. Атап айтқанда, Nasdaq биржасы еркін айналымдағы акциялардың ең төменгі 10% үлесіне қатысты талаптан бас тартты. CRSP және S&P TMI индекстерінің құрамына қағаз 18 маусымнан бастап енгізілді, ал Russell және MSCI индекстеріне 26 маусымда, NASDAQ 100 құрамына 6 шілдеде қосылады. Бұл индекс қорлары тарапынан шамамен $30 млрд көлемінде сатып алуларды қамтамасыз етеді, ал қолжетімді ұсыныс көлемі $75 млрд деңгейінде. Сонымен қатар SPCX акцияларын S&P 500 индексіне енгізу кейінге қалдырылды, өйткені ол үшін компания табысты болып, кемінде 12 айлық жария сауда тарихына ие болуы тиіс. Ал SpaceX ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында шамамен $4,3 млрд көлемінде шығын тіркеді.
Еуропада Маск компаниясының орналастыру күні-ақ оның акцияларына байланысты биржалық өнімдер пайда болды, ал опциондар мен «иықпен» жұмыс істейтін қорлар 16 маусымнан бастап қолжетімді болды. Осылайша, алыпсатарлыққа арналған инфрақұрылым мен өтімділік пулы алдын ала дайындалды.
SpaceX IPO-сы сенімді өтті және тарихтағы ең ірі орналастыру мәртебесіне ие болды. SPCX акцияларымен алғашқы сауда $150 деңгейінде ашылып, күн ішінде баға $176,52-ге дейін көтерілді, ал жабылу сәтінде $161,11 болды, бұл орналастыру бағасынан шамамен 20%-ға өскенін білдіреді. Нәтижесінде компанияның капитализациясы $2,1 трлн-ға жетіп, SpaceX-ті АҚШ-тағы құны бойынша алтыншы ірі компанияға айналдырды, ал Илон Маск тарихта алғаш рет байлығы $1 трлн-нан асқан адам болды.
Алдағы жарты жыл – бір жыл ішінде бұл «мерекелік» ахуалдың негізгі тәуекелі SpaceX бизнесінің өзімен емес, техникалық факторлармен байланысты. АҚШ-та технологиялық компаниялардың IPO-лары орта есеппен алғашқы сауда күнінде 36%-ға өсумен аяқталғанымен, бір жыл ішінде акциялар әдетте IPO бағасынан шамамен 20%-ға түзетіледі.
Жағдай 2026 жылдың төртінші тоқсаны бойынша есептен бастап ерте акционерлер үшін сатуға қойылған шектеулердің кезең-кезеңімен алынуына байланысты күрделене түседі. Қазіргі таңда инвестициялық идея негізінен корпорацияның жалғыз табысты сегменті - 10,3 млн абоненті, $11,4 млрд кірісі және шамамен $7 млрд операциялық пайдасы бар Starlink-ке сүйеніп тұр. Илон Маск инвесторларға ауқымды жоспарлар ұсынуда, атап айтқанда 2030 жылдың соңына қарай компанияның түсімін $1 трлн-ға жеткізу уәдесін беріп отыр.
Алайда бұл үшін алдағы бес жыл ішінде көрсеткішті 50 еседен астам арттыру қажет. Дегенмен Маск бұл уәдесін орындай алатынын көрсететін белгілер де бар. Мысалы, Anthropic 2029 жылға дейін есептеулер үшін SpaceX-ке ай сайын $1,25 млрд төлейді, ал Alphabet (GOOGL) 32 айлық келісімшарт бойынша ай сайын $920 млн төлеуге дайын. Бұл корпорацияға жылдық келісімшарттық түсімді $26 млрд-тан жоғары деңгейде қамтамасыз етеді, бұл 2025 жылғы жиынтық нәтижеден де көп. Біз ЖИ бөлімшесі шамамен 2029 жылға қарай пайдаға шығады, ал 2030 жылы оның көрсеткіші $220 млрд шамасында болады деп болжаймыз. SpaceX-тің кез келген бәсекелестен басты айырмашылығы — өндірістік тізбектің толық вертикалдандырылуы. Компания жүктің бір килограмын орбитаға шығару құнын 99%-ға төмендетуді жоспарлап отыр, бұл келесі онжылдықта ғарышта жаңа салалардың экономикалық тұрғыда тиімді болуына жол ашады. SPCX акцияларын сатып алған инвестор іс жүзінде тек аэроғарыш саласына емес, келесі онжылдықтың инфрақұрылымына инвестиция салады. Бұл мақсаттарға жету уақыт пен шыдамдылықты талап етеді, сондықтан инвестициялау көкжиегі 10 жылдан асуы тиіс.