Финансист №3 (43) 2026

Әсел Әлібаева
Freedom Finance Global клиенттермен жұмыс жөніндегі аға менеджері
Баррель мырза
Мұнай сапасы оның бағасына қалай әсер етеді және мұнда геосаясаттың қандай рөлі бар?
Бұқаралық ақпарат құралдары мұнай бағасының қымбаттағанын немесе арзандағанын хабарлағанда, әдетте эталондық Brent және WTI маркалары туралы айтады. Алайда шын мәнінде әлемдік мұнай нарығы бұдан әлдеқайда алуан түрлі.
Бүгінде әлемде тығыздығы мен күкірт мөлшері әртүрлі мұнайдың 160-тан астам түрі өндіріледі. Көмірсутек шикізатының қасиеттері оның түзілу ерекшеліктеріне, өндіру және тасымалдау тәсілдеріне, сондай-ақ одан қандай түпкілікті өнім алынатынына байланысты.
Бұл мақалада қара алтынның әртүрлі сорттары бір-бірінен несімен ерекшеленетінін, не себепті кейде оларды араластыратынын және осының барлығының үлкен геосаясатпен қандай байланысы бар екенін қарастырамыз.
Сапа ақшаға айналғанда
Мұнайдың маркаға бөлінуінің бірнеше негізгі параметрі бар. Біріншісі — API градусымен өлшенетін тығыздық. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, мұнай соғұрлым жеңіл; неғұрлым төмен болса, шикізат соғұрлым ауыр әрі тұтқыр. Екінші маңызды параметр — күкірт мөлшері. Күкірт пайызы төмен мұнайды sweet, жоғарысын sour деп атайды. Аудармасы біршама оғаш естіледі, бірақ мәні қарапайым. «Тәтті» мұнайды өңдеу оңайырақ, ал «қышқыл» мұнай тереңірек тазартуды талап етеді.
Жеңіл әрі күкірті аз мұнайдан бензин, дизель отыны немесе авиациялық керосин сияқты сапалы ашық өнім алу оңай. Ауыр мұнайдан мазут, битум және мұнай коксы жасалады. Оларды жанармайға айналдыру үшін терең тазарту мен өңдеуге (кокстеу, гидрокрекинг, гидротазарту және т.б.) арналған қосымша қондырғылар керек, ал бұл қосымша ақшаға түседі. Сондықтан жеңіл мұнай сапалырақ, бірақ қымбатырақ: оны өндіру, тасымалдау және өңдеу қолайлырақ. Бірақ бұл ауыр мұнай нашар дегенді білдірмейді.
Атап айтқанда, АҚШ-тағы Мексика шығанағының жағалауында орналасқан ірі кешенді МӨЗ-дердің бизнес-моделі тарихи тұрғыда дәл ауырлау әрі күкіртті сұрыптарды өңдеуге негізделген. Мұндай зауыттар дайын өнімнен жоғары маржа алу үшін шикізатты арзанырақ сатып алады. Соның салдарынан Штаттар бір мезгілде жеңіл тақтатас мұнайының ең ірі өндірушісі бола тұра, өз кәсіпорындарында өңдеу үшін Канададан, Мексикадан немесе Венесуэладан оның ауыр сұрыптарын сатып алуын жалғастырады.
Америкалық МӨЗ-дерді өз жеңіл мұнайын өңдеуге қайта жабдықтау техникалық тұрғыда мүмкін, бірақ экономикалық тұрғыда орынсыз. АҚШ тәулігіне рекордтық 13,4 млн баррель өндіреді, ал зауыттарға толық қуатпен жұмыс істеу үшін тәулігіне шамамен 16,5 млн баррель қажет
Баррель қайдан шыққан
Мұнайды баррельмен (ағыл. barrel — бөшке) өлшеу ХІХ ғасырдың екінші жартысында, Американың Пенсильвания штатындағы алғашқы мұнай дүрбелеңі кезінде басталды. Ол уақытта жаңа шикізатқа арналған арнайы ыдыс болмағандықтан, өндірушілер сыйымдылығы 42 галлон (шамамен 159 литр) май, сыра, шарап немесе балық сақтайтын ағаш бөшкелерді пайдалана бастады. Толтырылған күйде ол 130 килограмм тартатын. Оны екі мықты жұмысша арбаға тиейтін.
1866 жылы Американың мұнай өндірушілер қауымдастығы осы көлемді базалық стандарт ретінде бекітті. Уақыт өте келе әлемдегі басты мұнай экспорттаушысына АҚШ айналғандықтан, оларға түсінікті баррельді басқа елдер де әмбебап өлшем бірлігі ретінде бекітті.
АҚШ-тың ең ірі Прадхо-Бэй кен орнында мұнаймен бірге ілеспе газдың орасан көлемі өндіріледі, бірақ оның басым бөлігі тұтынушыға жіберілмейді, керісінше жер астынан жаңа мұнайды сығып шығару үшін қайта айдалады
Қоспадан жасалған эталон
Бір құбыр арқылы әрдайым бір ғана кен орнынан алынған мұнай тасымалдана бермейді. Мұнайды араластыру – саладағы кең таралған тәжірибе. Өндірушілер мен трейдерлер тұрақты сипаттамалары бар белгілі бір коммерциялық сорт алу үшін әртүрлі мұнай ағындарын біріктіреді. Сатып алушы танкермен келген шикізаттың қажетті тығыздық пен күкірт мөлшеріне ие екеніне, яғни өңдеу нәтижесі болжанбайтын кездейсоқ қоспа емес екеніне сенімді болғысы келеді.
Әлемдегі ең танымал мұнай маркасы – Brent. Ол Солтүстік теңіздегі қайраңдық кен орындарында өндіріледі. Бұл атау 1971 жылы Shell компаниясы ашқан Brent кен орнының құрметіне берілген. Өз сипаттамалары бойынша Brent «жеңіл» әрі «тәтті» мұнайға жатады. Мұндай шикізаттан жоғары сапалы бензин мен дизель отыны өндіріледі.
Уақыт өте келе Brent геосаяси, логистикалық және экономикалық факторлардың үйлесуі арқасында әлемдік эталондық мұнай сортына айналды. Оның кен орындары саяси тұрғыдан тұрақты әрі қауіпсіз аймақта орналасқан, ал өндірілген мұнайды Еуропадағы негізгі мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу оңай болды. 1980-жылдары Лондон халықаралық мұнай биржасы (қазіргі ICE) Brent мұнайына арналған фьючерстік сауданы іске қосып, тәуекелдерді хеджирлеуге қолайлы құрал ұсынды. Осылайша бұл сорт басқа мұнай қоспаларының құнын бағалауға арналған өзіндік жаһандық «валютаға» айналды.
Солтүстік теңіз мұнайының негізгі бәсекелесі ретінде WTI сорты саналады. Ол АҚШ-тың Техас штатында өндіріліп, құбырлар арқылы Кушингтегі американдық логистикалық хабқа жеткізіледі. 2015 жылға дейін бұл мұнай негізінен АҚШ-тың ішкі нарығында тұтынылса, экспортқа қойылған шектеулер алынғаннан кейін әлемдік нарықта да кеңінен сатыла бастады.
Бүгінде Brent нақты бір ғана мұнай сорты емес, бірнеше солтүстіктеңіздік сорттардың қоспасы болып табылады. Оның құрамына Brent, Forties, Oseberg, Ekofisk және Troll сорттары кіреді. Ал 2023 жылдан бастап эталондық бағаны есептеу кезінде Еуропаға жеткізілетін америкалық WTI Midland сорты да ескеріле бастады. Мұның себебі қарапайым: бастапқы Brent кен орнында өндірілетін мұнай көлемі оны әлемдік бағдар ретінде жеке пайдалануға жеткіліксіз деңгейге түсті.
Кей жағдайларда жаңа коммерциялық қоспаларды қалыптастыру үдерісіне геосаяси факторлар да ықпал етеді. Мысалы, Венесуэла ауыр және аса ауыр мұнайдың мол қорына ие. Оның негізгі бөлігі Ориноко белдеуінде шоғырланған. АҚШ Геологиялық қызметінің бағалауынша, бұл өңірден техникалық тұрғыдан шамамен 513 млрд баррель мұнай өндіруге болады, дегенмен оның бәрі дәлелденген қор санатына жатпайды. Мұндай ауыр мұнайды құбыр арқылы тасымалдау үшін оны нафта немесе конденсат сияқты жеңіл көмірсутектермен сұйылту қажет.
Каракас үшін осындай шикізаттың маңызды жеткізушілерінің бірі – Тегеран. Екі ел арасында бартерлік своп келісімдері жұмыс істейді: Венесуэлаға Иранның аса жеңіл мұнайы мен газ конденсаты жеткізіледі, ал кері бағытта ауыр көмірсутектер экспортталады. Бұл ынтымақтастық екі тарапқа да экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді.
Мұнай сорттарының басым бөлігінің өзіндік тәуелсіз биржалық бағасы болмайды. Әдетте олардың құны Brent, WTI немесе Dubai сияқты эталондық сорттардың бағасына қатысты үстеме немесе жеңілдік арқылы есептеледі. Бұл айырмашылықтың мөлшері ең алдымен шикізат сапасына және оны тұтынушыға жеткізу шығындарына байланысты болады. Белгілі бір сорт тапшылыққа ұшыраса немесе жеткізу бағыттарында іркілістер туындаса, сапасы төмендеу мұнайдың өзі де күрт қымбаттап кетуі мүмкін.
Геосаясатқа орын
Еуразияда мұнай сұрыптары тақырыбы да әлдеқашан тек техникалық болудан қалды. Ресейлік Urals — Еділ бойы мен Оралдың ауырлау күкіртті мұнайы мен жеңілірек батыссібірлік мұнайдың қоспасы. Urals ондаған жыл бойы Ресейдің басты экспорттық бағдары болды. Ол Brent-тен ауырлау әрі күкіртті, сондықтан әдетте эталондық сұрыптарға қарағанда дисконтпен саудаланады, бірақ Еуропа мен Азиядағы көптеген МӨЗ үшін қолайлы шикізат болып қала береді.
Қазақстанда негізгі экспорттық сұрып — CPC Blend. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жіберілетін негізгі экспорттық ағын Қара теңізге барады. Бағыт Ресей аумағы, Новороссийск порт инфрақұрылымы арқылы өтеді, бірақ мұнайдың өзі негізінен қазақстандық шығу тегіне ие.
Сатып алушы үшін тек шикізат сапасы ғана емес, оның шығу тегі де маңызды. Теориялық тұрғыда қазақстандық және ресейлік ағындарды араластыру жекелеген партиялардың физикалық параметрлерін жақсартуы мүмкін. Жеңілірек мұнай қоспаны өңдеу үшін тартымдырақ ете алады. Бірақ 2022 жылдан кейін бір не басқа марканың сұранысқа ие болуын болжау үшін тек химия жеткіліксіз. Алдыңғы қатарға құжаттар, бағыттар, «тіркеу» және сақтандыру мәселелері шықты.
Дәл сондықтан мұнай сұрыптарының нарығы геосаясаттың бір бөлігіне айналды. Brent, WTI, Urals, CPC Blend немесе венесуэлалық Merey — жай ғана өнімнің әртүрлі атауы емес. Әрбір сұрыптың артында өз өндірісі, өз логистикасы, өз мұнай өңдеу зауыттары және өз саяси шектеулері тұр. Кейде бағаны тек мұнай сапасы, кейде шығу елі айқындайды, бірақ көбіне осы екі фактордың да маңызы бар.
Төлқұжат бойынша
Мұнай маркасы — баррельдің өзіндік құжаты. Онда шикізатты сатушының сатып алушыға ұсынатын негізгі ақпараты шифрланған: жеңілдік дәрежесі, күкірт концентрациясы, өндіру құны, түрлі МӨЗ үшін өңдеуге қолжетімділік, сондай-ақ эталондық сұрыптарға дисконт мөлшері. Әлемдегі және биржалардағы ахуал салыстырмалы түрде тыныш болғанда бұл айырмашылықтар техникалық егжей-тегжей болып көрінеді. Ал алдыңғы қатарға геосаяси факторлар шыға салысымен, дәл сұрыптың атауы сұранысты және ұсыныстың нарықтық бағасын айқындай бастайды.
