Финансист №3 (43) 2026

Әмір Уәжитов
Freedom Finance Global клиенттермен жұмыс жөніндегі аға менеджері
Мөлшерлеменің өзі жеткіліксіз
Бағаның жаһандық өсуін болдырмау үшін тек ОБ әрекеті неге жеткіліксіз
Инфляция, қарапайым тілмен айтқанда, — тауар мен қызмет бағасының өсуі. Ол не экономикадағы ақша мөлшерінің артуынан, не ақша көлемі өзгермеген жағдайда сол тауар мен қызмет ұсынысының қысқаруынан болады.
Инфляцияның өзі экономика үшін табиғи құбылыс. Бағаның жылдам өсуі азаматтардың табысы мен жинағын құнсыздандырып, ақшаның сатып алу қабілетін бұзады. Бизнес ұзақ мерзімді жоспарлауға бағдарынан айырылады, өйткені болашақ шығынды болжау мүмкін емес. Бұл өндірісті дамытудың орнына инвестицияның қысқаруына және капиталдың нақты активтерге қашуына әкеледі.
Төмен инфляция (немесе тіпті бағаның төмендеуі — дефляция) тұтынушылар неғұрлым тиімді ұсыныс күтіп, ірі сатып алуларды кейінге қалдыра бастайтынымен қауіпті. Нәтижесінде сұраныс төмендейді, өндіріс қысқарады, компаниялар қызметкерлерін жұмыстан шығарады.
Экономика үшін идеал деп тұтынуды ынталандыратын, бірақ нарықтың болжамдылығын сақтайтын, бірнеше пайыз шегіндегі тұрақты баға өсімі саналады. Түрлі елдің орталық банкі осы мәнді өзінің ақша-кредит саясатына бағдар етеді. АҚШ пен Еуропада ол 2%-ды, Ресейде — 4%-ды, Қазақстанда — 5%-ды құрайды.
Бәріне бас болар
ОБ инфляцияны реттейтін негізгі тетік — базалық пайыздық мөлшерлеме. Ол коммерциялық банктердің реттеушіден ақшаны қандай пайызбен қарызға ала алатынын көрсетеді — кейін оны клиенттерге (азаматтар мен бизнеске) несие түрінде, бірақ өзіне тиімдірек шарттармен таратады. Мөлшерлемеден бөлек, реттеушілер қаржы жүйесіне банктер үшін міндетті резерв нормасын өзгерту арқылы да ықпал ете алады, ал ОБ-та мемлекеттік облигацияларды сату арқылы артық ақшаны алып қою немесе оларды сатып алу кезінде нарықты өтімділікке қандыру құқығы бар. Кейде орталық банктер бизнестің күтулеріне жария мәлімдеме арқылы әсер етуге тырысады немесе валютамен операцияға қатаң шектеу енгізеді.
Соңғы кезде инфляцияға айтарлықтай біржақты қарайтын болды: баға өссе, демек экономикада ақша тым көп, ОБ базалық мөлшерлемені көтеретін кез келді дейді. Кейде бұл шара шынымен жұмыс істейді. Қымбат несие сұранысты суытады, бизнес пен тұтынушылар аз қарыз алады, компаниялар бағаны бірқалыпты көтереді, инфляция біртіндеп баяулайды.
Бірақ соңғы жылдар баға өсімі әрқашан экономикадағы арзан қарыз ақшаның артықтығынан басталмайтынын көрсетті. Кейде алдымен несие емес, тауар өндірісі немесе оны тасымалдау қымбаттайды. Мұнайдың, газдың, астықтың, тыңайтқыштың құны көтеріледі, жүкті сақтандыру мен теңіз тасымалы тарифтері артады, электр энергиясы мен импорт бағасы өседі. Бұл жағдайда ОБ мөлшерлемесі маңызды құрал болып қала береді, бірақ инфляцияның жеделдеуіне жалғыз жауап бола алмайды. Қаржы реттеушісі қарыз ақшаны қымбаттата алады, бірақ жабылған бұғазды аша алмайды, жаңа МӨЗ-ді жылдам сала алмайды, өнімді арттыра алмайды немесе үзілген отын жеткізілімін алмастыра алмайды.
2026 жылы жаһандық инфляция былтырғы 3,3%-дан 4%-ға дейін жеделдейді, ал Brent маркалы мұнай 36%-ға қымбаттап, баррель үшін шамамен $94 тұрады*
*Дүниежүзілік банктің бағалауынша
Иран мен АҚШ қақтығысы әлемдік және америкалық экономиканың түрлі секторына әсер етті. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, ағымдағы жылы энергия тасымалдаушылардың бағасы 24%-ға көтеріледі, ал шикізат тауарларының жалпы индексі 16%-ға өседі. Қымбат мұнай бірден дерлік дизель, бензин, авиакеросин, теңіз логистикасы, тыңайтқыш, мұнай-химия өнімі құнының артуына әкеледі. Алдымен шығынның өсуін тасымалдаушылар, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп кәсіпорындары тіркейді, содан кейін ол көтерме және бөлшек бағада көрініс табады.
Инфляциямен күресте мөлшерлемені қозғау, өз кезегінде, кері әсерге ие. Егер адамдар тым белсенді несие алып, тауар сатып алса, жоғары мөлшерлеме олардың белсенділігін тез суыта алады. Бірақ отын, тыңайтқыш, порт қуаты, жұмыс күші немесе қауіпсіз көлік бағыттары жетіспесе, жоғары мөлшерлеме тиімсіз. Авиакомпанияларға керосин керек, фермерлерге дизель отынысыз болмайды, ал сауда желілері бензинсіз тауарды дүкенге жеткізе алмайды.
Тек ақша ғана емес
Баға өсімі ақшаның артықтығынан емес, өзге факторлардан, оның ішінде сол мұнайдың қымбаттауынан туындайтын монетарлық емес инфляция экономикасы әлсіз мемлекеттер үшін әсіресе ауыр. Едәуір ауқатты тұтынушы «маневр кеңістігін» сақтайды. Мысалы, ол мейрамханаға сирек баруы, автомобиль сатып алуды кейінге қалдыруы немесе өзге міндетті емес шығынын қысқартуы мүмкін. Табысы төмен адамдардың бюджетінің негізгі бөлігі тамаққа, көлік және коммуналдық қызметке кетеді. Мұның бәрі қымбаттаса, ауқатты емес азаматқа үнемдейтін ештеңе қалмайды деуге болады.
Мұнай қымбаттағанда, импорттаушы мемлекеттердің энергоресурсқа жұмсайтын шығыны артады, ал шетел валютасы экономикадан белсендірек ағып кетеді. Жергілікті ақша құнсыздана бастайды, ал импорт тұтастай тым қымбат болады. Нәтижесінде барлық тауардың бағасы автоматты түрде өседі. Мұндай мәселеге еуропалық мемлекеттер, Жапония, сондай-ақ көптеген дамушы экономика, оның ішінде Үндістан мен Түркия тап болады.
Мұнай экспорттаушы елдер баға өсімін валюталық түсімнің құйылуымен ішінара өтей алады, бірақ бұл жағдайда толық қорғалмаған. Өйткені импорттық жабдық, азық-түлік және логистика да қымбаттайды.

Дереккөздер: blogs.worldbank.org, iata.org, icis.com, spglobal.com
Мөлшерлемені неге қозғау керек
ОБ базалық мөлшерлемесі әлемдік мұнай бағасын төмендете алмайды және жеткізілімдегі үзіліс мәселесін шешпейді, бірақ біржолғы шоктың тұрақты инфляцияға айналуын тоқтатуға көмектеседі. Басты тәуекел бизнестің бағаны алдын ала көтеруімен, жұмысшылардың жоғарырақ жалақы талап етуімен, жеткізушілердің болашақ тәуекелді келісімшартқа енгізуімен, ал халықтың тауарды қорға сатып ала бастап, тапшылық пен бағаның бұдан әрі өсуін тудыруымен байланысты. Ал бұл тәуекелді орталық банк реттей алады.
Мәселе мынада: қаржы реттеушілері бүгінде екі оттың ортасында тұр. Мөлшерлемені күрт көтеру экономикалық өсімді тежейді, қарызға қызмет көрсету құнын арттырады және инвестицияға қысым жасайды. Сонымен қатар тым жұмсақ монетарлық саясат отынның, азық-түліктің және логистиканың қымбаттауы инфляциялық күтулерді күшейту тәуекелін арттырады. Мұндай жағдайда мөлшерлемені көтеру — мұнай шогынан емдейтін дәрі емес, оның бүкіл экономикаға таралуынан қорғау шарасы.
Бұл ретте, билік бизнеске бағаны көтеруге жай ғана тыйым салса, бұл тек физикалық тапшылықтың өсуін тудырады. Компаниялар жеткізілімді қысқартуға, инвестицияны кейінге қалдыруға немесе сатудың айналма схемасын іздеуге мәжбүр болады. Ал мұнда үкіметтің міндеті — экономиканың мұндай шоктарға осалдығын алдын ала азайту.
Мемлекеттер логистикадағы бірнеше айлық үзілісті бастан өткеру үшін отынның, газдың, астықтың және тыңайтқыштың стратегиялық қорын қалыптастырады. Баламалы жеткізу бағыттары, бос порт қуаты, тасымалды сақтандыру және тасымалдаушылармен ұзақ мерзімді уағдаластықтар да маңызды. Логистиканы бір бағыттың жабылуы бүкіл тізбекті тоқтатпайтындай етіп жолға қою қажет. Неғұрлым болжамды энергетикалық саясат және бизнестің өндіруге, өңдеуге, СТГ-инфрақұрылымға, электр желілеріне және жаңартылатын энергетикаға инвестициялау ережелерін түсінуі керек.
Халықты қолдау жеке мәселе болып қалып отыр. Егер билік отын немесе электр бағасын бай мен кедейге бірдей субсидияласа, бюджет шығыны өте тез өседі, ал сұраныс дерлік төмендемейді. Табысының негізгі бөлігін тамаққа, көлікке және коммуналдық төлемге жұмсайтындарға көмектесу әлдеқайда тиімді. Атаулы көмек әлеуметтік ушығуды тегістейді әрі бұл ретте бүкіл экономикаға жүк болмайды.
Болжам мен шындық
Әлемдік қаржы реттеушілері үшін соңғы жылдардың басты сабағы — жаһандық инфляция тек ақшалай ғана емес, сонымен бірге ресурстық сипатқа ие болды. Оны енді тек жұмсақ ақша-несие саясатымен түсіндіру және тек мөлшерлемені көтеру арқылы ғана бәсеңдету мүмкін емес. Бұл шаралар әлі де маңызды, бірақ олардың тиімділігі тек жақсы ойластырылған экономикалық стратегия жағдайында ғана арта түседі: бұған аса маңызды тауарлар қорының болуы, тұрақты жеткізу маршруттары, энергетика мен инфрақұрылымға салынған инвестициялар, халыққа атаулы көмек көрсету және бюджет шығыстарының теңгерімділігі жатады.