Инвестициялық шолу №337. Хедж бағамы
Freedom Holding Corp. жаңалықтары
Freedom Finance Global Binance Kazakhstan-мен ынтымақтастықты нығайтады
Брокерлік және инвестициялық қызметтер саласындағы жетекші компания Freedom Finance Global PLC Қазақстандағы Binance блокчейн-экожүйесін ұсынатын жергілікті реттелетін Binance Kazakhstan компаниясымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылғаны туралы жариялады. Меморандум crypto-as-a-service форматындағы шешімдерге бағытталған әлеуетті коммерциялық және стратегиялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеуді көздейді.
Әлеуетті әріптестік инновациялық криптосервистерді әзірлеу үшін Freedom Broker және Binance Kazakhstan сараптамалары мен технологиялық мүмкіндіктерін біріктіруге, сондай-ақ өзара іс-қимылдың қосымша нысандарын зерделеуге бағытталған.
Болжанып отырған ынтымақтастық шеңберінде Freedom Finance Global өзінің брендтелген криптосервистерін құру үшін Binance инфрақұрылымы мен өтімділігін пайдалана отырып, Binance Link-тен Crypto-as-a-Service премиялық шешімін тікелей Freedom Broker технологиялық жүйесіне интеграциялауды жоспарлап отыр. Binance Crypto-as-a-Service шешімі Freedom Broker клиенттеріне Binance Kazakhstan арқылы сауда-саттыққа және криптоактивтерді басқаруға үздіксіз қолжетімділік ұсынады, ол Freedom экожүйесіне толық кіріктірілген және дәстүрлі және цифрлық инвестицияларды ортақ платформамен біріктіреді.
«Меморандумға қол қою озық технологияларды енгізуге, жаңа өнімдерді тестілеуге және сандық қаржыда сараптаманы нығайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық әріптестікке жол ашады. Бұл ынтымақтастық елдегі криптовалюта нарығының тұрақты өсуіне және біздің клиенттеріміз бен бүкіл нарық үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді», — деп Freedom Finance Global PLC директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Лукьянов оқиғаға түсінік берді.
«Біз осы бастама аясында Freedom Broker-мен ынтымақтастықтың басталғанына қуаныштымыз. Бұл жобаны әлеуетті іске асыру Қазақстанда да, ТМД елдерінде де қаржылық қолжетімділікті кеңейтуге және цифрлық активтердің экожүйесін дамытуға ықпал етуі мүмкін», — деп атап өтті Binance Kazakhstan бас менеджері Нұрхат Көшімов.
«Криптоактивтерге өсіп келе жатқан жаһандық қызығушылық аясында біз Freedom Broker-мен серіктестікте сандық активтерді клиенттерге ауқымды түрде ұсынуға және өсу үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік беретін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз», — деп баса айтты Binance VIP және институционалдық клиенттер бағытының жетекшісі Кэтрин Чен.
Әлеуетті әріптестік бірыңғай ыңғайлы тұғырнама шеңберінде кіріктірілген қаржы сервистерін дамыту және дәстүрлі қаржы құралдарынан бастап цифрлық активтерге дейін кешенді инвестициялық экожүйені қалыптастыру бойынша Freedom Finance Global стратегиясына сәйкес келеді.
Freedom Broker Global Markets Абу-Дабидегі жұмысқа лицензия алды
Freedom Broker Global Markets, Freedom Holding Corp. (NASDAQ: FRHC), Abu Dhabi Global Market (ADGM) Қаржылық қызметтерді реттеу басқармасынан брокерлік және ілеспе қызмет түрлерін жүзеге асыруға рұқсат алды.
Компания активтерді кастодиандық сақтау және басқару қызметтерін көрсете алады, сондай-ақ инвестициялық консультация жүргізе алады және инвестициялық мәмілелер жасасуға жәрдемдесе алады.
ADGM қаржылық реттеуші тарапынан мақұлдануы Freedom Holding Corp. қызметіне деген сенімнің жоғары деңгейін растайды және топ компанияларының халықаралық реттеу және комплаенс стандарттарына бейімділігін көрсетеді.