Инвестициялық шолу №355. Ралли баршаға бірдей емес

Вадим Меркулов
Freedom Finance Global Талдау департаментінің директоры
Alcoа. Барлығы жақсылыққа
Aluminium алыбының акциялары $60 мақсатты бағамен сатып алуға тартымды
Компания туралы
Alcoa Corporation (AA) — алюминий өндіру саласындағы әлемдегі ең ірі вертикалды интеграцияланған компаниялардың бірі. Компания боксит пен глинозем өндіруден бастап бастапқы алюминий өнімдерін шығаруға дейінгі өндірістік тізбектің барлық негізгі кезеңдерінде жұмыс істейді.


AA баға белгілеу динамикасы, $

Негізгі инвестициялық тезистер
Алюминий тапшылығы тәуекелдерінің артуы бағаның қысқа мерзімді өсуіне қолайлы жағдай қалыптастырып отыр. Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан алюминий өндірудің жылдық қуаты 2,5 млн тоннадан астам көлемге қысқаратыны жарияланды, ал қайта өңдеу көлемінің жоғалуы шамамен 2 млн тоннаға бағаланды. Ормуз бұғазының жабылуына байланысты алюминий өндірісіне қажетті шикізатты жеткізу қиындады. Alcoa үшін жүк тасымалындағы іркілістер операциялық тәуекелден гөрі алюминий нарығындағы бағаның өсуіне түрткі болатын фактор ретінде маңыздырақ.
Боксит экспортының келешегіне қатысты белгісіздік сақталуда. Алюминий өндірісіне қажетті шикізаттың әлемдегі ең ірі жеткізушілерінің бірі — Гвинея. Қазіргі уақытта нарық осы елдің экспорт саясатының қайта қаралуы мүмкіндігіне ерекше назар аударып отыр. Alcoa басшылығы бұған дейін ықтимал өзгерістер боксит пен алюминий бағасының динамикасын айқындайтын маңызды факторға айналуы мүмкін екенін атап өткен. Қазірдің өзінде алюминий бағасы тасымалдау шығындарының өсуіне байланысты қымбаттап жатыр. Бұл үрдіс жүктерді жеткізу қызметтерінің (FOB) кең ауқымы бойынша тарифтер салыстырмалы түрде төмен деңгейде қалғанына қарамастан байқалуда. Ресей экспортына қатысты шектеулер де ұсыныс көлеміне әсер ететін қосымша белгісіздік көзі болып отыр. Дегенмен бұл тәуекелдердің Alcoa компаниясының қызметіне ықпалы шектеулі.
Оңтайландыру мен өндірістік интеграцияны тереңдету есебінен бәсекеге қабілеттіліктің артуы. Alcoa саладағы құрылымдық позицияларын нығайтып, географиялық ауқымын кеңейтіп келеді. Компания Австралия, Бразилия және Оңтүстік Африкадағы боксит өндіру, глинозем және алюминий шығару активтерін иеленетін South32 компаниясының активтерін $4,1 млрд-қа сатып алатынын жариялады. Күтіліп отырған мәміле синергиялық әсердің арқасында шамамен $900 млн көлемінде таза келтірілген құн (NPV) қалыптастырып, өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендету арқылы компанияның шығындар тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Alcoa-ның әлемдік алюминий нарығындағы бәсекелік артықшылықтары күшейе түспек.
Alcoa акциялары бойынша ұзын позиция ашуды ұсынамыз, мақсатты баға — $60. Stop-loss деңгейін $34 белгісінде орналастыруды ұсынамыз. Инвестициялық идеяның негізінде алюминий бағасының өсуі аясында акциялардың қысқа мерзімде қайта бағалану әлеуеті жатыр. Әлемнің бірнеше ірі өңірінде ұсыныс тарапынан тәуекелдердің күшеюі жаһандық нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің нашарлауына әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде алюминий бағасының жалпы өсуін және өңірлік сыйақылардың (premium) ұлғаюын қамтамасыз етеді. Осы жағдайлардың барлығы Alcoa акцияларының құнын қолдайтын негізгі факторлар ретінде қарастырылады.





