Финансист №2 (42) 2026

Георгий Ващенко
Freedom Finance Global аналитикалық департаменті директорының орынбасары
Ары қарай өзіміз
Неліктен әлемдегі ең бай адамдар миллиардтаған қаражатын мүрагерлеріне беруге асықпайды
«Балаларда бизнесті басқаруға қызығушылық та, бейім де, қабілет те болмаса, оларға компаниялардағы үлесті автоматты түрде беру тәсілін қолдамаймын, – деді Tesla (TSLA) және SpaceX компанияларының басшысы Илон Маск 2023 жылы The Wall Street Journal газетінің конференциясында. – Менің ойымша, бұл дұрыс емес».
Forbes миллиардерлер рейтингісінің көшбасшысы жалғыз емес, айтпақшы, оның төрт әйелден 14 баласы бар. Ірі отбасылық активтерді толық көлемде мұраға қалдыру үрдісі барған сайын азайып келеді. Керісінше, ауқымды капитал иелері оның елеулі бөлігін қайырымдылыққа бағыттау ниетін жиі жария түрде мәлімдеуде. 2010 жылы Билл мен Мелинда Гейтс бастаған және Уоррен Баффет қолдаған The Giving Pledge («Сыйға тарту анты») науқаны – ең айқын мысалдардың бірі. Бүгінде оған 30 елден 250-ден астам донор қосылып, өз байлығының жартысынан көбін әлеуметтік жобаларға беру міндеттемесін алған.
Отбасы құндылықтары
Тарихи тұрғыда дәулетті адамдар өздерінің экономикалық әрі қоғамдық ықпалын ұрпақтан ұрпаққа бекіте отырып, әулеттер қалыптастырды. Алайда ХХІ ғасырда бұл парадигма өзгерді: бүгінгі таңда капитал тек жинақтау құралы ғана емес, жалпы қоғамдық құрылымға ықпал ететін ресурс ретінде жиі қарастырылады.
Мұндай тәсіл ірі капитал иелерінің әлеуметтік жауапкершілікті түсінуінде елеулі бетбұрысты көрсетеді: байлықты отбасы ішінде сақтаудан бизнес оны жаһандық мәселелерді шешуге пайдалануға қарай бет алуда. Алайда бұған неғұрлым прагматикалық түсініктеме де бар. Көптеген ірі кәсіпкерлер қомақты мұра балалардың өзіндік дамуға деген ынтасын әлсіретуі мүмкін деп санайды. Мысалы, 2021 жылғы Berkshire Hathaway компаниясының акцияларды қайырымдылық қорларға беруіне қатысты баспасөз хабарламасында дана Уоррен Баффет балаларға «олар қалағанының бәрін жасауға жеткілікті, бірақ тек ештеңе істемей жатпайтындай» ғана мұра қалдыру керек екенін жазған.
Жеке байлықтарды қайырымдылық құрылымдар арқылы қайта бөлу жаһандық экономикаға айтарлықтай әсер етуде. Бұл қаражат негізінен денсаулық сақтау, білім беру, кедейлікпен күрес және климаттық бастамаларға бағытталады. АҚШ тың Саяси зерттеулер институтының (The Institute for Political Studies, IPS) сарапшыларының бағалауынша, Giving Pledge бастамасына қатысушылар осы уақытқа дейін әлеуметтік мақсаттарға 160 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бөлген, соның шамамен 80%-ы қаржыны ұйымдарға тікелей емес, жекеменшік қорлар арқылы үлестіру есебінен жүзеге асқан. Бұл қазіргі заманғы филантропияның толыққанды қоғамдық институт сипаттарын иелене бастағанын көрсетеді. Қаражат донорлар бақылауындағы құрылымдарда шоғырланып, ұзақ мерзімді стратегиялар аясында біртіндеп бөлініп отырады.
Алайда бұл үрдісті бәрі бірдей оң қабылдай бермейді. Кейбір сарапшыларды ықпалдың шектен тыс шоғырлану әсері алаңдатады. Ауқымды ресурстарды бөлу жөніндегі шешімдер шектеулі адамдар тобының қолында қалып отыр, ал қаражат алушы қорлардың шығындары көбінесе жеткілікті деңгейде ашық емес. Сонымен қатар, жұмсартып айтқанда, қайырымдылық көлемі донорлардың әл-ауқатының өсу қарқынына ілесе алмайды. Дәл осы жайтты IPS институтының қызметкерлері науқанның 15 жылдығына арналған The Giving Pledge at 15 зерттеуінде атап өткен. Мұндай байқаулар бұл модельдің нақты тиімділігі мен оның теңсіздікке ықпалы жөніндегі пікірталасты күшейте түсуде.
Тұрақтылық бұрышы
Алғаш қарағанда, жария компания иесінің өз активтерін кімге қалдыратыны жеке инвестор үшін маңызды емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, олай емес. The Angeletti Group консалтингтік компаниясының есептеуінше, АҚШ-тағы коммерциялық емес ұйымдар, соның ішінде қайырымдылық қорлар да бар, жалпы көлемі 5,5 трлн АҚШ доллары болатын активтерді жинақтаған. Бұл қаражаттың салыстырмалы түрде аз бөлігі әлеуметтік жобалар мен операциялық қызметке кейін жұмсау үшін қолма-қол түрде сақталады, ал негізгі сомалар ұзақ мерзімге биржалық құралдарға - акцияларға, облигацияларға және ETF-терге инвестицияланады. Мұның өзі қор нарығына тұрақтылық беріп, оның құбылмалылығын төмендетеді.
Сондықтан, егер Маск құны $800 АҚШ долларынан асатын өз байлығын қоғам игілігіне бағыттауды ұйғарса, Уолл-стритте бұл қадамды оң қабылдар еді.