Финансист №2 (42) 2026

Даниэль Байсейітов
Freedom Finance Global клиенттермен жұмыс бойынша аға менеджері
Жинау керек пе, әлде жұмсау керек пе
Зумерлер 45 жаста зейнетке шыққысы келеді: F.I.R.E. қозғалысы
1992 жылы Вики Робин мен Джо Домингес «Сіздің ақшаңыз немесе сіздің өміріңіз» атты кітап шығарып, жеке қаржының табиғатын қайта ұғынуды ұсынды. Олар қаржыны адам өмірінде өткізген жылдардың тікелей баламасы ретінде қарастыруды алға тартты.
Осы қабылдаудағы өзгеріс мінез-құлықтық модельдің негізін қалады. Бұл модель бірнеше онжылдықтан кейін бигтех компаниялары акцияларының өсуі мен өмір сапасын төмендетпей-ақ зейнетке қомақты қаражат жинауға мүмкіндік алған, жоғары жалақы алатын ІТ-мамандардың тұтас буынының қалыптасуының арқасында жүзеге асты. Кейін бұл идеяны қаржылық блогерлер мен онлайн қауымдастықтар іліп әкетті. Қозғалыс F.I.R.E (Financial Independence, Retire Early) деген ықшам атауға ие болды, оны «қаржылық тәуелсіздік және ерте зейнетке шығу» деп аударуға болады.
Парадигманың өзгеруі
«Файер» қозғалысының жақтастарының негізгі мақсаты – кәрілікке дейін-ақ өзін жеткілікті қаржылық қорымен қамтамасыз ету. Goldman Sachs Asset Management компаниясының 2023 жылғы инвестициялар мен зейнетақыны жоспарлау жөніндегі зерттеуінде америкалық Z буыны өкілдерінің 44%-ы 60 жасқа дейін зейнетке шығуды жоспарлайтыны айтылған. Бұл мақсатқа өмірге және тұтыну әдеттеріне деген көзқарасты түбегейлі қайта қарастырмағанша жету мүмкін емес. F.I.R.E стратегиясының үш негізгі қағидаты дәл осыған негізделген.
- Барынша үнемдеу. Негізгі элемент – өмір сапасын төмендетпей, ай сайынғы табыстың 50–70%-ын жинақтауға ұмтылу. Бұл қаржы кеңесшілерінің көпшілігі ұсынатын 10–15% деңгейінен мүлдем басқаша. Мұндағы математикалық қисын қарапайым: табыстың жартысын жинақтау арқылы қаржылық тәуелсіздікке шамамен 17 жылда жетуге болады, ал табыстың үштен екісіне жуығын резервке аударған жағдайда – 10 жылға жетпей. Осындай жинақ ноормасымен қажетті қаржылық «қауіпсіздік жастығы» 40–45 жасқа қарай қалыптасады.
- Мақсатты капиталды жинақтап, «4%» ережесін ұстану. Қажетті инвестициялық портфель көлемін анықтау үшін F.I.R.E жақтастары жылдық шығындарынан 25 есе көп соманы жинауды мақсат етеді, содан кейін капиталдан инфляцияны ескере отырып, жыл сайын 4% алуды көздейді. Мысалы, жылдық шығындар $40 мыңды құраса, мақсатты капитал $1 млн болуы тиіс. Кейбір аналитиктер қаржылық түрақтылықтың қосымша қорын қалыптастыру үшін капиталдан алу үлесін 3–3,5% дейін төмендетуді ұсынады.
- Ұзақ мерзімге инвестициялау. Қажетті деңгейге дейін капиталды арттыру жүйелі инвестициялаусыз мүмкін емес. Стандартты тәсіл төмен комиссиясы бар, әртараптандырылған индекс қорларына, әсіресе S&P 500 индексі негізіндегі ETF-терге инвестиция салуды көздейді. Портфельді облигациялармен және басқа да активтер сыныптарымен толықтырған жөн. Индекстік қорларды F.I.R.E қозғалысының негізгі насихаттаушыларының бірі, «Байлыққа апарар қарапайым жол» (The Simple Path to Wealth) кітабының авторы Дж. Л. Коллинз де басым таңдауы ретінде қарастырады.
Артықшылықтары мен кемшіліктері
F.I.R.E. сыншыларының уәждері де аз емес, олар бұл стратегияны өміршең емес деп санайды. Ең алдымен, олар 50–70% деңгейіндегі жинақ нормасын қабылдамайды. Тұрғын үй, медицина және негізгі тұтыну тауарларының құны тұрақты өсіп отырған жағдайда мұндай көрсеткіш орташа табысы бар қызметкерлер үшін іс жүзінде қолжетімсіз. Бұған қоса, болжау қиын жүйелік тәуекелдер қосымша қысым тудырады: қаржы нарықтарындағы құбылмалылық, салықтық реттеудегі өзгерістер және өзге де факторлар. Бастапқы есептік параметрлерден тіпті шамалы ауытқулардың өзі, әсіресе зейнетке шыққаннан кейінгі алғашқы жылдары, қалыптастырылған инвестициялық портфельдің тұрақтылығын әлсіретуі мүмкін.
Әрине, F.I.R.E. әдісі кедейліктен құтқаратын әмбебап шешім емес. Соған қарамастан, оның негізгі қағидаттары – жинақтың жоғары нормасы, жүйелі инвестициялау және шығындарды саналы бақылау – ерте зейнетке шығу түпкі мақсат болсын-болмасын, ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықтың берік негізін қалауға көмектеседі. Ақыр соңында, рантьерлік өмір салты кез келген табыс деңгейіндегі адамдар үшін тартымды болып көрінеді.