Финансист №2 (42) 2026

Оливье Гэрис
Astana International Exchange (AIX) бас операциялық директоры
Сұхбат: Оливье Гарри (AIX қор биржасы)
«Ойланып инвестиция жасасаңыз – сонда ләззат аласыз»
Оливье, биржамен қалай айналыса бастадыңыз, айтып беріңізші?
Мен заңгерлік білім алдым, бірақ кейін Парижде қор нарығында жұмыс істей бастадым. Қазіргі таңда бұл салада 37 жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт ішінде мен бірнеше сауда алаңын нөлден бастап іске қостым. Мен қатысқан жобалардың қатарында Сиднейдегі деривативтер нарығы, Бостон опциондық биржасы, Лондонда орналасқан Turquoise және Астанадағы AIX бар. Оларды ашқаннан кейін мен олардың операциялық қызметін басқардым.
Сіз Франциядан бастап Катарға дейін әртүрлі елдердің қаржы нарықтарында жұмыс істедіңіз. Соңғы 30 жылда әлемде инвестициялау мәдениеті қалай өзгерді?
Ол географиялық тұрғыдан да, инвесторларға қолжетімді активтердің алуан түрлілігі тұрғысынан да өзгерді. Бүгінде ETF арқылы іс жүзінде барлық құралдар класына мәмілелер жасауға, халықаралық акцияларға жылдам қол жеткізуге және тәулік бойы сауда жүргізуге болады. Мұндай таңдау деңгейін жеке инвесторлар бұдан 30 жыл бұрын елестете де алмас еді.
Сізді Қазақстанда жұмыс істеуге не итермеледі?
Катарда жеті жыл жұмыс істегеннен кейін мені жайлы аймақтан шығаратын жаңа оқиғалар болса деп ойладым. Орталық Азия мені әрдайым қызықтыратын, әрі бұл өңір капитал нарықтары мен экономикалық өсімнің келесі даму кезеңі болатынына сенімді болдым. Қазақстанға көшу, бәлкім, менің мансабымдағы ең дұрыс шешім болды.
1990-жылдардағы инвесторлармен бүгінгілерді салыстырсақ, олардың ойлауында және тәуекелге деген көзқарасында негізгі айырмашылық неде?
Бүгінде жеке инвесторлар көптеген сенімді ақпарат көздеріне жедел қол жеткізе алады, бұл шешім қабылдауды жеңілдетеді. Бұрын тек кәсіби мамандарға ғана қолжетімді болған ақпарат – талдау материалдары, тарихи деректер, нақты уақыттағы нарық котировкалары мен жаңалықтар — қазір баршаға ашық. Қаржы институттары бүгінде өнімдердегі барлық тәуекелдерді ашып көрсетуге міндетті. Енді кез келген адам үйінде өз трейдинг станциясын ұйымдастыра алады немесе телефон арқылы сауда жасай алады. Интернет-банкинг брокерлік шотқа қаражатты сол күні-ақ аударуға мүмкіндік береді, бұл инвестициялауды бұрынғыдан да жылдам әрі ыңғайлы етеді.
Миллениалдар мен одан кейінгі Gen Z ұрпағы инвестицияларға көзқарас тұрғысынан өздерінен бұрынғылардан несімен ерекшеленеді?
Миллениалдар мен зумерлер активтердің кеңірек спектрімен сауда жасайды, соның ішінде небәрі 10 жыл бұрын мүлде болмаған құралдар да бар: криптовалюталар, цифрлық активтер және CFD. Олар ESG-инвестицияларға да көбірек көңіл бөледі, әсіресе экологиялық жобалар мен жаңартылатын энергия бағытында. Менің ойымша, токенизацияланған құралдар барған сайын танымал бола береді, өйткені жас инвесторларға цифрлық бағалы қағаздарды қабылдау әлдеқайда жеңіл.
Жаңа инвестициялық шынайылықта қор биржаларының рөлі қалай өзгеруде? Нарықтар жеке инвесторлар үшін қолжетімдірек болып келе ме?
Қазақстан сияқты дамушы нарықтарда сауда белсенділігінің негізгі үлесін жеке инвесторлар қалыптастырады. Сондықтан биржалар қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, нарыққа қолжетімділікті жеңілдетуге, соның ішінде IPO-ларға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге міндетті. Қазақстандағы еңбекке жарамды халықтың 20%-дан астамының AIX CSD-де (AIX орталық депозитарийінде – ред. еск.) шоты бар. Сонымен қатар қаржы делдалдары, ең алдымен брокерлер, инвесторларды нарықпен байланыстыруда әлі де шешуші рөл атқарады.
Бастапқы деңгейдегі жас инвесторға қандай кеңес берер едіңіз?
Тез пайда табуға тырыспаңыз. Өз зерттеуіңізді жүргізіп, қаражатты ұзақ мерзімге салыңыз, мүмкіндігінше реттелетін нарықтарда және негізінен акцияларға, соның ішінде қазақстандықтарға, сондай-ақ ETF сияқты құралдарға инвестиция жасаңыз.
Барлық қаражатты бір ғана активке салмаңыз. Тарих көрсеткендей, қысқа мерзімді құбылмалылыққа қарамастан, акцияларға ұзақ мерзімді инвестициялар нәтижесін береді. Жоғары тәуекелді активтер мен реттелмейтін брокерлерден аулақ болыңыз, әйтпесе зардап шегесіз. Ойланып инвестиция жасаңыз – сонда процестен ләззат аласыз.