Финансист №2 (42) 2026

Асель Алибаева
Freedom Finance Global клиенттермен жұмыс жөніндегі аға менеджері
Эмоциялар экономикасы
Қайсысы жақсы: индекстік қор ма, әлде Хан Солоның LEGO-пішіні ма?
2000 жылы қайсысын сатып алу тиімді болды: S&P 500 индексіне арналған ETF пе, әлде Люк Скайуокер, Хан Соло және Боба Фетт мини-фигуралары бар LEGO 3341 жиынтығы ма? 26 жыл ішінде біріншісі жылына орта есеппен 7,7% өссе, бастапқыда $4-дан арзан тұрған конструктор 5000%-ға қымбаттады. Яғни ойыншықтың орташа жылдық табыстылығы 10%-дан асты.
Бұл нарық қатысушыларының жаңа буыны инвестициялар туралы түсінікті қалай кеңейткенінің көптеген мысалдарының бірі. Жастар үшін тек дивидендтер, мультипликаторлар мен есептілік қана емес, сондай-ақ мәдениет, бірегейлік, қауымдастық және эмоциялық қатысу да маңызды. Енді шартты түрде General Electric (GE) акцияларының орнына көптеген адамдар эксклюзивті сағаттарды, шектеулі шығарылымдағы кроссовкаларды, ойыншықтарды және олардың әкелері, ал әсіресе аталары ешқашан инвестицияламайтын басқа да күтпеген заттарды таңдайды.
Бұл қор нарығы жас адамдар үшін қызықсыз болды дегенді білдірмейді. Керісінше, капитал психологиясының өзі өзгерді. Ақша барған сайын бір мезгілде тарих, эмоция, шектеулі ұсыныс және цифрлық өтімділік бар жерге бағытталуда.
Жаңа әлем
Бұл инвестициялық қызметті қабылдаудағы өзгеріс статистикада да айқын көрінеді. Bank of America мен Escalent зерттеу компаниясы 2024 жылы жүргізген сауалнамаға сәйкес, 21-ден 43 жасқа дейінгі инвесторлардың 72%-ы тек акциялар мен облигациялар арқылы орташа деңгейден жоғары табыс табу енді мүмкін емес деп есептейді. Бұл жас тобының портфельдерінде акциялар небәрі 28%-ды құрайды, ал аға буын өкілдерінде бұл көрсеткіш 55%. Сонымен қатар, баламалы активтер мен криптоактивтердің үлесі шамамен 31%-ға жетеді.
Мұндай өзгерістің бірнеше себебі бар. Біріншіден, нарық технологиялық тұрғыдан анағұрлым қолжетімді болды. Бұрын байланыстар, капитал және инфрақұрылым қажет болған жерде енді смартфон, платформадағы аккаунт және базалық бюджет жеткілікті. Екіншіден, тұтынушылық тәжірибенің өзі өзгерді. Енді актив сатып алу барған сайын ойын-сауықпен ұштасып келеді. Коллекциялау, қайта сату және цифрлық сатып алулар әлеуметтік желілердің және басқа онлайн қауымдастықтардың контентіне кіріктірілген.
Қорыта келгенде, көптеген жас инвесторлар дәстүрлі қор нарығын олардың өмірінен алшақ нәрсе ретінде қабылдайды. Олар үшін акциялар – абстрактілі тикерлер, ал сирек кездесетін кроссовкалар, Pokemon картасы, арт-объект немесе виртуалды зат түсініктірек әрі күнделікті өмірге визуалды түрде жақынырақ болып келеді. Жоғары инфляция, саяси турбуленттік және үздіксіз ақпараттық шу жағдайында мәдени құндылығы бар және ұсынысы шектеулі барлық нәрсе капиталды сақтаудың ықтимал құралы ретінде қабылдана бастайды.
Кроссовкадан үлесі
Жаңа экономикадағы ең түсінікті сегменттердің бірі – коллекциялық заттар: спорттық карталар, комикстер, мүсіншелер, сирек монеталар, винил пластинкалар, ойын ішіндегі заттар және тағы басқалар. Әлемдегі жетекші аудит компанияларының бірі Deloitte сарапшыларының мәліметінше, тек Австралияның өзінде 2025 жылы 7,6 млн коллекционер болған (бұл елдің ересек халқының 35%). Олардың жинақтарының жалпы құны 16,8 млрд австралия долларына (~$11,6 млрд) жетеді. Әрине, бір ғана нарық жалпы картинаны толық көрсетпейді, бірақ бұл мысал жаһандық трендті растайды: коллекциялау енді тек хобби болудан қалып, жаппай тұтынушылық-инвестициялық санатқа айналып келеді.
Тарихтағы ең табысты комикс 1938 жылғы Action Comics шығарылымы саналады, онда алғаш рет Бэтмен суперқаһарманы пайда болды. Журнал дүкендерде 10 центке сатылған, ал 2024 жылы оның бір данасы аукционда $6 млн-ға сатылды
Кроссовкалар – жаңа қаржылық парадигманың ең айқын символдарының бірі. Олар сән, спорт, мәртебе және биржалық тетіктер тоғысында қалыптасқан. Шектеулі шығарылым, танымал брендпен немесе әйгілі әртіспен коллаборация және ұсыныстың тапшылығы бір жұптың бағасын бөлшек бағадан бірнеше есе жоғары көтеруі мүмкін.
StockX сияқты платформалар бұл нарықты сауда терминалына ұқсас етті – өз мәмілелер тарихы, ашық бағалар, графиктер және сұраныс пен ұсыныстың дерлік биржалық логикасымен. 2020 жылдың өзінде Rally – осыған ұқсас тағы бір сервис – инвесторларға коллекциялық затты толық сатып алудың орнына, эксклюзивті кроссовкаларға, карталарға және басқа да заттарға үлестік түрде инвестиция жасау мүмкіндігін ұсынды. Мұнда әрбір осындай актив «шағын компания» секілді рәсімделеді: «акциялардың» бастапқы орналастырылуы өткізіліп, кейін олар екінші нарықта айналымға түседі.
Business Insider-дің сол кезде келтірген мысалына сүйенсек, сирек модель — Nike Moon Shoe. Rally бұл активті әрқайсысы $10 болатын 18 мың үлеске бөлді. Оларды небәрі бірнеше сағат ішінде 600-ден астам инвестор сатып алып шықты. Бұл коллекциялаудың қор нарығы логикасына қаншалықты жақындай бастағанының айқын мысалы болды. Сондай-ақ бүгінгі күні платформada 1988 жылғы Майкл Джордан қолтаңбасы қойылған Jordan III кроссовкаларына инвестиция жасауға болады. «Кіру билеті» $11 тұрады
Пикассоның бір бөлігі
Осы уақытқа дейін өнерге инвестиция жасау таңдаулы адамдардың ғана ісі сияқты көрінетін, алайда цифрлық платформалар мұнда да ережелерді өзгертіп жатыр. Өнерге үлестік иелік ету сегментіндегі ең ірі ойыншылардың бірі Masterworks қазіргі заманғы суретшілердің картиналарындағы токенизацияланған үлестер түрінде шамамен $1 млрд активтерді басқарады және жүздеген мың пайдаланушысы бар. Оның бағалауынша, өнерге фракциялық иелік ету нарығы 2010-жылдардың соңында нөлге жуық деңгейден 2024 жылға қарай $1,8–1,9 млрд-қа дейін өсті және 2030 жылға қарай $9–10 млрд деңгейіне жақындауы мүмкін.
Механикасы қарапайым: платформа атақты шебердің туындысын, мысалы Баския немесе Пикассоның жұмысын сатып алып, оны мыңдаған үлестерге бөліп, инвесторларға сатады. Олар бұл үлестерді картинаны сату сәтіне дейін бірнеше жыл ұстай алады немесе екінші нарықта өзара саудалай алады. Технологиялық тұрғыдан бұл көбіне токенизация мен блокчейн арқылы жүзеге асырылады, бұл есеп жүргізуді жеңілдетеді, кіру шегін төмендетеді және әлемнің кез келген нүктесінен инвестиция жасауға мүмкіндік береді.
2022 жылы Yankees бейсбол командасының аңызы Майки Мантлдің 1952 жылғы дебюттік маусымында шығарылған карточкасы аукционда рекордтық $12,6 млн-ға сатылды
Жарқырағанның бәрі NFT емес
Дегенмен, экзотикалық активтерге инвестиция әрдайым табыс әкелуге кепілдік бермейді. CoinGecko деректеріне сәйкес, 2024 жылға қарай metaverse land — әртүрлі метаәлемдегі токенизацияланған жылжымайтын мүлік учаскелерінің бағасы орта есеппен ең жоғары деңгейінен 72%-ға төмендеді, ал жекелеген жобаларда төмендеу 89–95%-ға дейін жетті.
Төмен өтімділік пен жоғары құбылмалылық – жаңа актив кластарының негізгі кемшіліктері. Картинадағы үлесті немесе сирек затты әділ бағамен тез сату көбіне мүмкін емес. Нарықтық деректердің болмауына байланысты олардың әділ құнын анықтау қиынға соғады, ал бағаның өзі жиі ашық емес әрі субъективті болады. Үрдіске ойланбай еру мұндай құралдардан құралған инвестициялық портфельді қымбат, бірақ өтімділігі төмен сувенирлер жинағына айналдыруы мүмкін.
Оған қоса, реттеушілік белгісіздікті де қосуға болады. Блокчейн-платформалар мен NFT әлі де билік үшін «сұр аймақта» қалып отыр, ал мұндай инвестициялардың салықтық салдары олардың иелерін жағымсыз жағынан таңғалдыруы мүмкін.
Шынайылықпен байланыс
Жеке инвестор үшін әсер экономикасы тақырыбына кірудің ең қарапайым әрі түсінікті тәсілі – бейінді биржалық қорлардың бірін таңдау. Мысалы, Roundhill Ball Metaverse ETF (METV) цифрлық әлемдер экожүйесіне, виртуалды тұтынуға және immersive-технологияларға* инвестиция жасауға мүмкіндік береді. Қор NYSE Arca биржасында саудаланады, ал оның жылдық комиссиясы 0,59% құрайды. Ең ірі позициялар қатарына Roblox (RBLX), Apple (AAPL), NVIDIA (NVDA), Alphabet (GOOGL), Unity (U), Microsoft (MSFT), Meta (META) және Tencent кіреді – яғни виртуалды платформалармен, цифрлық инфрақұрылыммен және жаңа пайдаланушылық тәжірибе технологияларымен байланысты компаниялар.
*Цифрлық ортаға толық ену эффектісін жасайтын технологиялар
Ең «статустық» нұсқасы – Amundi Global Luxury UCITS ETF (GLUX). Оның құрамына әлемдік люкс брендтерінен тұратын S&P Global Luxury Index сегментінің акциялары кіреді. Жылдық комиссиясы – 0,25%.
2014 жылғы ақпаннан 2026 жылғы мамырға дейін GLUX бір пайының құны 236%-ға өсті. Ал метаәлемге инвестициялауға арналған METV қоры анағұрлым қарапайым нәтиже көрсетті – шамамен 20%. Дегенмен, ол бойынша есептеулер тек 2021 жылғы шілдеден бастап қолжетімді.
Жеке инвестор үшін кіру шегі іс жүзінде қор пайының бағасына тең ($20 және $200 сәйкесінше). Бұған брокерлік комиссияны қосқанда, баламалы активтерді тікелей сатып алумен салыстырғанда әлдеқайда ыңғайлы инвестициялау тәсілі пайда болады.
Мақсаты мен қаражаты
Әсер экономикасы нарыққа эмоцияларды өнімге айналдыруды үйретті. Бірақ оның сіздің қаржылық стратегияңыздағы рөлін түсіну маңызды. Егер ол жаңа мүмкіндіктер ашып, ләззат әкелсе – бұл, әрине, құптарлық жағдай. Алайда мұндай инвестициялардың кері жағы әрдайым көріне бермейді.
Инвестициялық шешім тәуекелдерді және уақыт көкжиегін талдауға негізделуі тиіс. Активтің өтімділігі де маңызды: сирек спорттық карточканы әділ бағамен сату апталарға созылуы мүмкін, ал акциялар немесе қорлар портфеліне өзгеріс енгізу үшін бірнеше секунд жеткілікті. Сондықтан факторларды жинақтап бағалай келгенде, коллекциялық заттар нарығы қор нарығынан жүздеген есе төмен.
Әрине, сирек кездесетін Хан Солоның LEGO-пішіні, егер сізге оны табу бақыты бұйырса, құнды активке айналуы мүмкін. Бірақ индекс қорына инвестиция салып, соған ұқсас табыстылық алу мүмкіндігі баршаға қолжетімді.