Финансист №3 (43) 2026

Наталья Мильчакова
Freedom Finance Global жетекші сарапшысы
Энергетикалық Перл-Харбор
1970 жылдардағы мұнай шоктары АҚШ пен бүкіл әлем экономикасын қалай өзгертті
1973 жылдың күзінде батыс әлемі сол кездегі ең ірі энергетикалық дағдарысқа тап болды. Оны Таяу Шығыстағы Йом Кипур соғысы туғызды. Алтыншы қазанда 1967 жылғы Алты күндік соғыста Израильден жеңіліп, жоғалтқан аумақтарын қайтаруға ұмтылған Мысыр мен Сирия еврей мемлекетіне шабуыл жасады. АҚШ Израильді қару жеткізу арқылы қолдады.
Жауап ретінде 17 қазанда ОПЕК-ке мүше араб елдері мұнай өндіруді қысқартуға уағдаласты, ал көп ұзамай АҚШ-қа, сондай-ақ Израиль жағына шыққан Канада, Жапония, Ұлыбритания және Нидерландқа мұнай жеткізуге эмбарго енгізді. Осылайша экспорттаушылар Вашингтон мен оның одақтастарына экономикалық қысым жасамақ болды.
Соғыстың өзі үш аптаға жетпей, қазанның соңында аяқталды, алайда оның экономикалық салдары әлдеқайда ауқымды болып шықты. Мұнай бағасы шамамен төрт есе өсіп, әлемдік экономиканың энергетика нарығына тәуелділігін көрсетті. 1973 жылғы шикізат дағдарысының салдары туралы осы мақалада айтамыз.

АҚШ-тағы отын мәселесі эмбарго тоқтатылғаннан кейін де сақталды. Лос-Анджелес, 1979 жыл. Дереккөз: KPA/dpa
Жаңа шындық
Мұнай өндіру көшбасшыларының жоғарыда аталған мемлекеттерге экспортты тоқтату туралы шешімінің нәтижесінде 1974 жыл ішінде баррель құны $3-тен $12-ге дейін өсті, ал АҚШ-тағы бензин бағасы галлон (3,7 литр) үшін 38 центтен 55 центке дейін көтерілді. Бұл жағдай дамыған экономикалардың отын нарығындағы баға конъюнктурасына, сондай-ақ экспорттық жеткізілімге аса тәуелді екенін айқындады.
Энергетикалық шок америкалық автомобиль өнеркәсібіне ауыр соққы берді. Америкадағы осы саланың ең ірі орталықтарының бірі Детройтта 1970 жылдан 1980 жылға дейін 208 мың жұмыс орны жоғалды. Елдің жетекші автомобиль зауыттары орналасқан Орта Батыс пен Солтүстік-Шығыс штаттары дәл сол кезеңде «Тот басқан белдеу» деген бейресми атқа ие болды. Автоалып General Motors (GM) 22 құрастыру алаңының 15-ін және шанақ шығаратын төрт зауыттың үшеуін жабуға мәжбүр болды. Дегенмен компания өз кәсіпорындарын шағын литражды модельдер шығаруға жедел бейімдеді. Соған қарамастан, GM ең қымбат жария компания мәртебесін Exxon (болашақта – ExxonMobil (XOM)) мұнай корпорациясына беріп қойды.
Бір-ақ жылда АҚШ-тың макроэкономикалық көрсеткіштері күрт нашарлады. Жұмыссыздық 1973 жылғы қазандағы 4,6%-дан 1974 жылғы желтоқсанға қарай 7,2%-ға дейін өсті. Инфляция екі таңбалы деңгейге жетті, энергия тасымалдаушылардың шапшаң қымбаттауы мен сұраныстың бір мезгілде құлдырауы салдарынан өнеркәсіптік өндіріс қысқарды. 1973 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ ЖІӨ-сі 5,6%-ға өскен болса, келесі жылы-ақ ресми статистика бойынша экономиканың базалық көрсеткіші 0,5%-ға төмендеді. Қор нарығы тарихтағы ең қатты құлдыраулардың бірін бастан кешті: Dow Jones Industrial Average (DJIA) өнеркәсіптік индексі 1973–1974 жылдары 45%-ға құлады. Америка экономикасы баға өсімі мен өндіріс төмендеуі қатар жүретін сатыға көшті; бұл құбылыс стагфляция деп аталады.
Энергетикалық дағдарыс аясында АҚШ президенті Ричард Никсон америкалықтарды ресурс үнемдеуге шақырды. Тұрғындарға автомобильді сирек пайдалану, жылдамдықты азайту, қоғамдық көлікке ауысу және бірлесіп жүру үшін топтасу ұсынылды. Үйлер мен кеңселерде температураны 68 Фаренгейт градусынан (20 Цельсий градусы) жоғары ұстамау, сондай-ақ электр қуатын үнемдеу ұсынылды. Бірақ бұл шаралар жеткіліксіз болды. Қараша айының соңында билік автожанармай құю станцияларының кешкі уақытта және демалыс күндері жұмысын шектеу туралы бұйрық берді. Отын тапшылығы, баға өсімі және экономикалық ахуалдың нашарлауы халықтың наразылығын күшейтіп, әкімшілікке деген қолдауды төмендетті.
1974 жылдың тамызында Никсон отставкаға кетті. Бұған тікелей себеп болған Уотергейт жанжалы — республикашылардың Демократиялық партия штабын заңсыз тыңдағаны және әкімшіліктің болған жайтты жасыруға тырысқаны туралы тергеу еді. Экономикалық дағдарыс өздігінен президентті қызметінен кетуге мәжбүрлемес еді, бірақ ол қоғамның саяси бағытқа көңілі қалуын күшейтті.
Модельдің ауысуы
Ақ үй басшысы қызметіне Джеральд Форд келгенде АҚШ-тың энергетикаға көзқарасы едәуір өзгерді: 1975 жылдың соңында отын шоктары қайталанудан сақтандыру ретінде Стратегиялық мұнай резерві құрылды. Келесі президент Джимми Картер тұсында 1977 жылғы қазанда Энергетика министрлігі пайда болды.
Дағдарысқа дейін КСРО-дан тыс жердегі әлемдік мұнай өндірудің барлығын дерлік «Жеті апалы-сіңлі» — жеті ірі трансұлттық мұнай компаниясы (бесеуі америкалық және екеуі еуропалық) бақылап отырды
1970 жылдардың ортасында АҚШ-та Аляскадағы ірі Прадхо-Бэй кен орнынан Тынық мұхиттағы қатпайтын Валдиз портына дейінгі ұзындығы 1288 км Трансаляска мұнай құбырының құрылысы басталды. Бұл инфрақұрылым Американың мұнай импортына тәуелділігін барынша азайтуға арналған еді. Сол тұста Штаттар бейбіт атомға және жаңартылатын энергия көздеріне назар аударып, осы секторға белсендірек инвестициялай бастады. Мәселен, 1970 жылдардың бірінші жартысында атом электр станцияларын жаппай салу басталды, ірі жел генераторларының алғашқы прототиптерін әзірлеу мемлекеттік қаржыландыруға ие болды.
1970 жылдардың ортасында Францияның бастамасымен дамыған елдердің G7 – «Үлкен жетілік» альянсы құрылды, ондағы басты рөл күтілгендей АҚШ-қа бұйырды. Еуропада Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы аясында Халықаралық энергетикалық агенттік құрылды. Ол 30-ға жуық импорттаушы мемлекеттің басын қосты. Жаңа институттың міндеті энергетикалық ресурстар нарығын реттеу және мұнай-газ нарығындағы жаңа шоктардың алдын алу бойынша іс-қимылдарды үйлестіру болды.
Дегенмен, энергетикалық дағдарыстың ең елеулі салдары бүкіл әлемде валюта бағамдарын қалыптастыру тәсілінің өзгеруі болды. Шикізат тапшылығы дамыған экономикаларда стагфляция тудырды, бірақ үкіметтер онымен күресудің әртүрлі әдістерін — қатаң ақша-кредит саясатынан бастап, нақты ақша эмиссиясына* дейінгі жолдарды таңдады. Мұндай жағдайда тіркелген валюта бағамдарын ұстап тұру тиімсіз, тіпті қауіпті болды, өйткені бұл орталық банктерді алтын-валюта резервтерін сатуға мәжбүрлеп, ұлттық валютаның құнсыздануын тудыруы мүмкін еді.
*Мемлекеттің айналымға жаңа қолма-қол және қолма-қол ақшасыз қаражат шығаруы
Әлемдік дағдарыспен күресте бірыңғай тәсіл әзірлеуге ұмтылған ХВҚ-ға мүше елдердің (соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, ГФР, Франция, Жапония және тағы 100-ден астам мемлекет) өкілдері 1976 жылғы қаңтарда Кингстондағы Ямайка конференциясына жиналды. Делегаттар тарихи шешім қабылдады: 1944 жылдан бастап қолданыста болған Бреттон-Вудс тіркелген бағамдар жүйесін** ресми түрде жойып, валюта бағамдарының нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты еркін өзгеруіне рұқсат берді. Бұл қадам АҚШ долларының басты әлемдік валюта мәртебесін біржолата бекітті. 1970 жылдардың ортасына қарай халықаралық мәмілелердің жартысы, есеп айырысудың дәл сондай маңызды баламалы жүйелері болмағандықтан, доллармен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, 1974–1975 жылдардағы АҚШ пен ОПЕК арасындағы келісімдер аясында соңғысының мүшелері бұдан былай мұнайды тек американдық валютаға сатуға міндеттенді. Ямайка келісімдері іс жүзінде доллар үшін статус-квоны бекітіп берді. Ұлттық экономикалар жаңа энергетикалық дағдарыстарға бейімделу механизмін иеленсе, Штаттар әлемдік қаржы жүйесін бақылау мүмкіндігіне ие болды.
**Бреттон-Вудс жүйесі доллардың алтынға, ал басқа елдер валютасының долларға байланысты болуы арқасында доллардың тұрақтылығын қамтамасыз етті. Сондықтан долларменен көрсетілген мұнай бағасы болжамды болды
Төзімділік сыны
Йом Кипур соғысынан кейін әлем ХХ ғасырда кем дегенде тағы екі мұнай дағдарысын бастан кешті. Екеуі де Таяу Шығыстағы оқиғалардан туындады: Иранның 1979 жылғы революциясы, сондай-ақ қара алтынға бай иран провинциясы Хузестан үшін болған 1980–1988 жылдардағы иран-ирак соғысы. Әлемнің энергетикалық қауіпсіздігі, 1973–1974 жылдардағы дағдарыстан кейінгі экономикалық қайта құрулар сияқты, беріктікке сыналды.
Жаңа шоктар салдарынан бензин бағасы шарықтады, инфляция жеделдеді, ЖІӨ төмендеді, ал қор нарығы өсуін тоқтатты. Инфляцияны жеңуге ұмтылған ФРЖ базалық мөлшерлемені 20%-ға дейін көтерді, нәтижесінде инвесторлар акциядан алшақтап, сенімді әрі кірісті мемлекеттік облигацияларды таңдады.
Дегенмен теріс салдарды бұл жолы мұнай мен бензин бағасын қатаң мемлекеттік реттеуден еркін нарықтық тетіктерге көшу есебінен еңсеруге қол жетті. Бұл көшу 1979 жылы президент Джимми Картер ішкі шикі мұнай бағасына бақылауды кезең-кезеңімен алып тастау туралы жариялағанда басталып, 1981 жылы Ақ үйдің жаңа басшысы Рональд Рейган өз жарлығымен отынға қалған барлық баға кедергісін алып тастағанда аяқталды. Бұл жанармай бекеттеріндегі кезектерді жоюға мүмкіндік берді, сондай-ақ Аляска мен Мексика шығанағындағы ішкі өндіріс бумын ынталандырды — нәтижесінде АҚШ-тың ОПЕК елдерінен импортқа тәуелділігі түбегейлі төмендеді.
Осылайша, Штаттар экономикасы, оның тарихында жиі болатындай, тағы да икемділік танытып, жаңа сын-қатерлерге тез бейімделе алды.
