Финансист №3 (43) 2026

Ерлан Әбдікәрімов

Ерлан Әбдікәрімов

Freedom Finance Global қаржылық талдау департаментінің директоры

Мұнай нарығындағы сын сағат

Ормуз дағдарысы әлемдік экономикаға қалай әсер етіп жатыр

Трендте

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталған сәттен бері Ормуз бұғазы жүйелі түрде толықтай бұғатталып, ол арқылы өтетін сауда кемелері қарулы шабуылдарға ұшырады – және бұл әр кез сайын мұнай нарығында міндетті түрде дүрбелең туғызды. Су артериясының әлемдік экономика үшін неліктен өте маңызды екенін анықтап көрейік.

Әлем мұнайының күретамыры

Географиядан бастайық. Ормуз бұғазы Арабия түбегі мен Иранды бөліп тұр және Парсы шығанағын Оман шығанағымен және Арабия теңізімен жалғастырады. Ормуздың ең тар жерінде жағалаудан жағалауға дейінгі қашықтық 29 теңіз милінен (54 км) аспайды. Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) мәліметтері бойынша, 2025 жылы бұл бағыт арқылы күн сайын 21 млн баррельге дейін шикі мұнай мен мұнай өнімдері тасымалданды, бұл олардың бүкіл жаһандық экспортының шамамен 26%-ын құрайды.

Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің баламалы жеткізу жолдары бар. Ирак, Кувейт, Катар, Бахрейн және Иран үшін Ормуз — экспорттың басты арнасы. Ол арқылы өтетін негізгі ағындар Қытайға, Үндістанға, Жапонияға және Оңтүстік Кореяға бағытталады, шығанақ елдеріндегі қақтығыстар ең бірінші кезекте осы елдерге соққы болып тиеді.

Кімге тиімді?

Ормуз бұғазының жабылуы нәтижесінде әлемдік мұнай жеткізілімі ХЭА бағалауынша тәулігіне 14 млн баррельден астам құлдырады. Шикізатты сыртқа шығару мүмкіндігінің болмауына байланысты аймақтағы мұнай өндіруші мемлекеттер қақтығыстың алғашқы апталарында ғана 15,1 млрд доллардан астам экспорттық табыстан айырылды. Кувейтте, БАӘ-де және Иранның өзінде мұнай өндіру бірнеше есе қысқарды.

Ормуздың жабылуы әлемдік газ саудасына елеулі әсер еттi, өйткені ол арқылы Катар мен БАӘ-ден сұйытылған табиғи газ (СТГ) экспорты жүзеге асырылатын, бұл елдерге осы энергоресурстың әлемдік ұсынысының жиынтық түрде 20%-ға жуығы келедi.

АҚШ пен еуропалық елдер соның салдарынан отын бағасының өсуіне тап болды. Штаттарда бензиннің орташа бағасы жыл басындағы галлонына $2,7–2,8-ден мамырда $4,5-ке дейін көтеріліп, үй шаруашылықтарының бюджетіне түсетін жүктемені арттырды.

Ормуз бұғазының жабылуы аса маңызды минералдар нарығына түсетін қысымды жанама түрде күшейтті. Парсы шығанағы елдері неодим мен диспрозийдің* негізгі өндірушілері болмағанымен, күкірт жеткізіліміндегі үзілістер мен күкірт қышқылы құнының өсуі бірқатар металдарды, соның ішінде сирек кездесетін жер металдарын өңдеу шығындарын арттырды. Автоөндірушілер, соның ішінде Tesla (TSLA) және BYD (BYD), жеткізілімдегі қиындықтарға байланысты жаңа модельдер шығаруды кейінге қалдырды. Toyota (TM) сатылымы наурызда жылдық есепте 5,8%-ға төмендеді.

*Магниттер өндірісінде, оның ішінде электрокөліктер, жел генераторлары және электроника үшін пайдаланылатын сирек жер металдары

Америкалық Bloomberg ақпарат агенттігі мен жапондық Nikkei талдау ресурсы мұны тікелей Ормуз бұғазының жабылуымен байланыстырды. Дамушы экономикалар, оның ішінде Түркия мен Пәкістан, инфляциялық қысымның күшеюін және ұлттық валютаның құнсыздануын тіркеп отыр. Ормуздың жабылуы Парсы шығанағынан мұнай жеткізілуіне аса тәуелді Азияның негізгі экономикаларына ауыр соққы болып тиді.

Бірқатар сарапшының пікірінше, үлкен геосаясат тұрғысынан АҚШ-тың әскери операциясы ең алдымен қытай экономикасын әлсіретуге бағытталған. Негізгі теңіз көлік дәліздерінің жабылуы салдарынан ҚХР Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне ортақ энергия тасымалдаушылар жеткізілімінің үзілуі түріндегі қиындықтарға да, Еуропаға және әлемнің басқа өңірлеріне теңіз арқылы экспорттау мәселелеріне де тап болып отыр.

Ормуз дағдарысы Қытайға мұнай импортының 40%-ға қысқаруына әкелді: ХЭА деректері бойынша, ақпан мен мамыр аралығында жеткізілім тәулігіне 4,6 млн баррельге түсті

Әрі қарай не болмақ?

Ормуз блокадасы сақталып, кемелерге шабуыл жалғасып, сақтандыру және фрахт шығындары** өскен жағдайда мұнай бағасы Freedom талдаушыларының болжамынша қайтадан баррель үшін 100 доллардан асуы мүмкін. Ал дағдарыс ұзаққа созылса, бағам бір «бөшкеге» 120 долларға және одан да шарықтауы мүмкін. Тұрақты бітімге қол жеткізіліп, Ормуз арқылы транзит қалпына келсе, мұнай бағасы баррель үшін 65–80 долларға түзетіледі, бірақ 10–15 доллар мөлшеріндегі геосаяси сыйақының есебінен АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясына дейінгі деңгейден жоғары қалады.

**Мұнайды сатушыдан сатып алушыға танкермен жеткізу құны

Осы аяда БАӘ-де Абу-Даби мұнай құбырын (ADCOP) пайдалану жандана түсті — бұл Хабшан кен орнын Оман шығанағы жағасындағы Фуджейра портымен жалғастыратын, ұзындығы 360 км стратегиялық маңызы бар магистраль. БАӘ осы бағытпен тәулігіне шамамен 1,1 млн баррель мұнайды, негізінен Азияға экспорттайды әрі қосымша көлемді айдау мүмкіндігін де сақтап отыр.

Сауд Арабиясының Абкайк кен орнын Қызыл теңіздегі Янбу-әл-Бахр портымен жалғастыратын өз «құбыры» бар, ол жерден шикізат Еуропаға, Жерорта теңізі аймағына және Азияға жөнелтіледі. Жүйе жобалық жалпы қуаты тәулігіне 5 млн баррель болатын екі тармақтан тұрады. 2026 жылғы дағдарысқа дейін құбыр барынша толық жүктемеден едәуір төмен пайдаланылған, өйткені сауд экспортының негізгі бөлігі Ормуз арқылы жүрген. Қақтығыс басталғаннан кейін саудтық Aramco мұнай өндіруші компаниясы сегіз күн ішінде айдау көлемін тәулігіне 7 млн баррельге дейін жеткізді.

Иранның өзі де баламалы бағыттарға ие. Бушер провинциясында 2021 жылы Оман шығанағындағы Джаск экспорттық терминалына дейінгі мұнай құбыры ресми түрде іске қосылған болатын, ол жерден мұнай негізінен Қытайға жөнелтілетін. Бұл көлік артериясының өткізу қабілеті тәулігіне 1 млн баррельді құрайды, бірақ бүгінгі таңда оны пайдалану мүмкін емес, өйткені порт инфрақұрылымы әлі толық салынып біткен жоқ, ал аймақта әскери қимылдар жалғасуда.

Планета ауқымында

Ормуз бұғазының жабылуы тек мұнай нарығына ғана емес, бүкіл әлемдік экономикаға да соққы береді: энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі бизнестің шығынын арттырады, инфляцияны жеделдетеді және тұтынушылық сұранысты әлсіретеді. Блокада неғұрлым ұзаққа созылса, бұл әсер соғұрлым айқын болмақ.

Дүниежүзілік банк 2026 жылға арналған әлемдік ЖІӨ өсімінің болжамын 2,6%-дан 2,5%-ға дейін төмендетіп қойды. Бір қарағанда айырмашылық шамалы, бірақ әлем экономикасының ауқымында ол жүздеген миллиард доллардың алынбай қалуын және табыс, инвестиция мен жұмыспен қамту өсімінің әлсіреуін білдіреді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша, жеткізілім ұзақ уақыт бұзылған жағдайда әлемдік ЖІӨ динамикасы 2026 жылы 2,1%-ға, ал 2027 жылы 1,8%-ға дейін баяулауы мүмкін. Басқаша айтқанда, экономикалық өсім тоқтауға жақындайды, компаниялар аз инвестициялайды, тұтынушылар ақшаны сақтықпен жұмсайды, жекелеген елдерде рецессия*** қаупі айтарлықтай артады.

***Компаниялар аз өндіріп, аз сататын, инвестиция қысқаратын, ал жұмыссыздық әдетте өсетін экономикадағы құлдырау

 

Дереккөз: Kpler мәліметтері негізіндегі IEA талдауы

 

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, Достық көшесі, 16-ғимарат, кіріктірілген тұрғын емес №2 үй-жай (Talan Towers Offices)

+7 7172 67 77 55  - Қазақстанның қалалық нөмірлерінен тегін, халықаралық және ұялы телефондардан - қоңырау ақылы

7555  - Қазақстанның мобильді операторларынан тегін [email protected], [email protected]

Алаяқтық әрекеттер немесе осы ресурстың қорғалу мәселелері туралы хабарлау: fbroker.kz/trustcenter

Бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарына иелік ету әрдайым тәуекелдермен келеді: бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының құны өсуі де, төмендеуі де мүмкін. Бұрынғы инвестициялау нәтижелері болашақта кіріс алуға кепілдік бермейді. Заңнамаға сәйкес, компания болашақта салымдардың кірістілігіне кепілдік бермейді және уәде бермейді, мүмкін инвестициялардың сенімділігіне және мүмкін кірістер мөлшерінің тұрақтылығына кепілдік бермейді

«Freedom Finance Global PLC» жария компаниясы Қазақстан Республикасындағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (әрі қарай мәтін бойынша-АХҚО) аумағында бағалы қағаздар нарығында брокерлік (агенттік) қызмет көрсетеді. Компания АХҚО қолданыстағы заңнамасының талаптарын, шарттарын, шектеулерін және/немесе нұсқаулықтарын сақтаған кезде, No. AFSA-A-LA-2020-0019 лицензиясына сәйкес қызметтің келесі реттелетін түрлерін жүзеге асыруға уәкілетті: принципал ретінде инвестициялармен жасалатын мәмілелер, агент ретінде инвестициялармен жасалатын мәмілелер, инвестицияларды басқару, инвестициялар бойынша консультация ұсыну және инвестициялармен жасалатын мәмілелерді ұйымдастыру.

S&P Global рейтингтері – «BB-», болжамы «Оң».

Бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына иелік ету үнемі тәуекелмен байланысты: бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының құны өсуі немесе төмендеуі мүмкін. Кешегі күні салған инвестицияның нәтижесі болашақта кіріс алып келетініне кепілдік бермейді. Заңнамаға сәйкес, Компания салған қаражатыңыздың болашақта кіріс алып келетініне кепілдік және уәде бермейді, ықтимал инвестициялардың сенімділігіне және ықтимал кіріс мөлшерінің тұрақтылғына кепілдік бермейді.

Веб-сайттағы ақпарат деректердің өзектілігін сақтауға және ақпаратты ашуды реттеу талаптарын орындауға бағытталған. Өтінеміз, осы жаңартулар тек ақпараттық сипатта екенін және маркетингтік материалдар емес екенін ескеріңіз!